1 наурыз — «Алғыс айту күні» мерекесі пайда болды

2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел — бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлей отырып, Назарбаев халықтардың түгелдей жер аударылғанын еске алған еді. «Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді», — деді Президент.

Назарбаев отбасының жер аударылғандарды қабылдап алғанын еске алды. «Саманнан жасалған екі бөлмелі там үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан, әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін, олар қорқып тұрды — киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасыда өмір сұрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым», — деді ол.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде — 1 наурызда, басқа уақытты қойса да болады — барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді», — деді Қазақстан Президенті.

Алғыс айту күнін мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудың мән-мәтінінде қазақстандық құндылықтарды бейнелейді.

Алғыс айту күні – ұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.

Алғыс айту күні – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күн.

Президент Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.

Осы күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болады. Алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейрімділік пен ақ көңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.

Алғыс айту күні қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің, мәдени саналуандығымыздың жарқын күні, себебі Елбасы 100-ден аса этностың әрқайсысы өзінің қайталанбас өрнегін салуының нәтижесінде біздің Біртұтас Ұлтымыз бірегей артықшылықтар иесіне айналғанын атап өткен еді.

Алғыс айту күні – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні.

Әлем елдерінде

Ал АҚШ және Канада халықтары Алғыс айту (Thanksgiving Day) күнін қараша айының әрбір төртінші бейсенбісінде атап өтетін көрінеді. Атаулы күн алғаш рет 1621 жылы ағылшындық колонистердің бастамасымен тойланған. Қыс мезгілі өте ауыр болып, адамдар аштыққа ұшырағандықтан губернатор Уильям Брэдфорд қол астындағылардың көңіл-күйін көтеру үшін Алғыс айту күнін белгілейді. Айналадағы басқа да көршілер бұл дәстүрді жылы қабылдап, қаһарлы қысты аман-есен өткереді. Рақмет айту күнінің басты нышандарының бірі – түйе тауық. Себебі, ағылшындық колонистер мерекені алғаш тойлағанда орманда атылған төрт түйе тауықты жеген екен.

Кейіннен, яғни, 1789 жылы Джордж Вашингтон Рақмет айту күнін «Ұлттық мереке» деп жариялаған. Бұл күні барлық отбасы міндетті түрде дастарқан басына жиналып, туыстарына жақсылық жасауға асығады, жақындарын қуанту үшін түрлі тосын сыйлар ойлап табады. Қаладағы метроларда ерекше үстелдер орнатылып, адамдар ақша, азық-түліктерін қайырымдылыққа әкеліп қояды. ХVІІ ғасырдан келе жатқан әр түрлі киімдерді киген тұрғындар шеруге шығып, думанды кештер ұйымдастырады.

Анама алғыс!
Жанарымды жайнатқан жөргектегі елде.
Еңсесі түзу жан болар ма едім?
Құба талды бесігін тербетпегенде.
Түн ұйқысын тәркі етіп тынымсыздыққа
Қуанышы тасыған еңбектегенде.

Әкеме алғыс!
Ұл болсын деп тілеген Ер Түрігімдей.
Өмірімде бөрідей болуға баулып
Қойынына басатын бөлтірігіндей.
Бақытым болар жырымды жария етсем
Әуелеген әкемнің еркін үніндей.

Ағаға алғыс!
Ұзай кетсем ойлайтын қамымды менің.
Бір бәлеге тап болса құрсақтастарым
Қапсырмалап,қысатын жанымды демім.
Бауырларым болмаса тірегім болған
Осыншама айбатты,арынды ма едім?!

Әпкеге алғыс!
Нұсқауымен көрсеткен кәделіні ұқтым.
Анамыздан айнымай туылғаннан ақ
Иесіне айналған әдемі үміттің.
Өшірмейтін жарығын мына әлемдегі
Белгісі болып жаралған әдеміліктің.

Ініге алғыс!
Жалғасы болып өмірдің тұратын күліп.
Деп жүреді:”Ардақтап көтеремін мен
Атамыздың аманат,мұратын биік”
Қиындыққа кезіксе соққы болатын
Менің жаным ол үшін тынатын күйіп.

Ұстазға алғыс!
Бағым жанып,батылмен бел асқаныма.
Төзіндіріп өмірдің талаптарына
Ниеттеген арманның ең асқағына.
Арқасында ұстаздың даналар баққан
Ой-өрісім бұл күнде тең аспаныма.

Сүйгенге алғыс!
“Үйленуге біздерге ерте” деп маған
Айтып жүреді,керемет күндер тілейді
Шығыс жақтан ңұрланса ертелеп далам.
Көздерінде бар әлем әрленіп қалып
Күлімсіреп тұрады еркелеп маған.

Досыма алғыс!
Бірге қарсы шығатын қиындықтарға.
Ең бақытты ер болып жүретін едім
Қысылғанда достарым күйімді ұққанда.
Көтеретін еңсемді егіліп,талсам
Жақсылықты жамандық зұлым жыққанда.

Еліме алғыс!
Балаң едім батаңмен жанатын бағы.
Нәтижесі тілектің өзіңнен туған
Мына ұлыңның ақын болып жаратылғаны.
Қол жеткізіп еліме тарту етемін
Биіктікті қыранның қанатындағы.

Өмірге алғыс!
Өнегеңді түсіндім бар күшімменен.
Айналайын,тағдырым, қасиетіңнен
Келіп тұрар бетіме қарлы шыңменен.
Шабыттанған жаныма жауап қатқайсың
Ей,өмірім,алғысқа- алғысыңменен!!