Димаш айтқан “Дайдидау” Азия әндері рейтингісіне енді

Димаш Құдайберген өткен аптада Қытайдағы «Singer-2017» ән байқауының жетінші кезеңінде өнер көрсетіп, қазақ әнін шырқады.

Димаш Құдайбергенов

Қазіргі уақытта Димаш айтқан «Дайдидау» әні «Азияның жаңа әндері» (Freshasia music) рейтингінде 107 341 ұпаймен 15-орыннан көрінді. Ал оның бұған дейінгі шырқаған «Adagio» мен «SOS d’un terrien en détresse» әндері сәйкесінше 41 және 50-орындарды иеленді.

Еске салайық, Димаш Құдайберген 2015 жылы «Славян базары» халықаралық ән байқауында осы «Дайдидаумен» бас жүлдені жеңіп алды.

Сондай-ақ «Дайдидау» әні қытай тілінде де шырқалған. Шыңжаңдық әнші Гао Иін (高樱) 2012 жылы аталмыш ән қамтылған халық әндері альбомын шығарып, италияның «Premio Lunezia» сыйлығын жеңіп алды.

Айта кетейік, «Азияның жаңа әндері» рейтингі азиялық әншілердің Қытайдағы танымалдылығына байланысты жасалады. Онда әндердің тыңдалымы, ақылы түрде жүктеп алынуы бойынша ұпайлар беріліп, рейтинг құрылады. Ол әр 10 минут сайын жаңаланып, жыл соңында жылдың ТОП-рейтингі жарияланады.