Елімізде 2024 жылдан бастап жасөспірімдерді АПВ — адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау жоспарланып отыр. Бұл вирус әйелдердің және ерлердің жыныс мүшесінің қатерлі ісігіне апарады. 10 жылға жуық уақыт бұрын жобаның пилот бағдарламасы сәтсіз болған еді. Бұған Павлодардағы екі қыздың вакцина салдырған соң есінен танып қалғаны себеп болды. Baribar.kz онко-гинеколог Әлима Ринатқызымен сөйлесіп, АПВ-ға қарсы вакцинацияға қатысты негізгі сұрақтарға жауап алып, вирустың қаупі туралы сұрады. 

Адам папиллома вирусы деген не? 

Әлима Ринатқызы адам папиллома вирусы әлемдегі ең көп тараған әрі ең қауіпті вирустардың бірі дейді.

Адам папиллома вирусы — әлемдегі ең көп тараған вирус. Бүгінгі күні бұл вирустың 200-ге жуық штамы зерттелген. Ең қауіптісі — 16 және 18-түрлері, олар онкогенді және жатыр мойнының және әйелдердің сыртқы жыныс мүшелерінің, ерлердің жыныс мүшелерінің, сонымен қатар шырышты қабаты бар басқа органдардың қатерлі ісігін тудырады, — дейді дәрігер.

Жатыр мойны қатерлі ісігі жатыр мойнының эпителиінде пайда болады. Бұл еліміздегі әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігінен кейін ең көп таралған онкология ауруы болып есептеледі. Әлима Ринатқызы дәл осы дерт Қазақстанда эпидемия деңгейінде деп бағалады. ДДСҰ дерегінше, әйелдердің жатыр мойны ісігінің 95%-і АПВ әсерінен болған.

Жатыр мойны қатерлі ісігі әлем бойынша әйелдер арасында жиі кездесетін онкология аурулары ішінде төртінші орында тұр. 2020 жылы дүниежүзінде шамамен 604 мың науқастың жатыр мойны қатерлі ісігі болса, оның 342 мыңы ауру салдарынан қайтыс болған. Ал Қазақстанда тек 2013 жылдан бері жатыр мойны ісігінен 4 359 әйел  қайтыс болған.

АПВ-дан қалай қорғанамыз?

Дәрігердің сөзіне қарағанда, адам папиллома вирусы жыныстық жолмен беріледі. Сондықтан ол мектепте жыныстық сауат сағатын өткізудің маңызы зор екенін айтты.

Әлима Ринатқызы. онколог
Әлима Ринатқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

АПВ-дан қорғану үшін жыныстық әдепті сақтау керек. Жыныстық қарым-қатынасты ерте бастау, партнер көп болғаны вирус жұқтыру ықтималын арттырады. 12-13 жас жыныстық өмір үшін тым ерте. Бірақ балаға дәл осы жастан бастап жыныстық сауат жайлы көп айту керек, — дейді онколог.

Дәрігер адам папиллома вирусы организмге енгенімен, ешқандай айқын симптомы болмайтынын айтады.

Бұл вирустың қауіпті тұсы да сол, адам оның бар екеніне күдіктенбей өмір сүре береді. Вирусты ерте немесе уақтылы анықтау мүмкін емес. Дәл осы себептен оның алдын алу амалын ғана ойластыра аламыз. Ең әуелі мектепте жыныстық сауат ашу пәнін енгізу керек, — дейді маман.

Әйел организмінде вирустың бар-жоғын анықтау үшін тұрақты түрде скринингіден өтіп тұру керек.

Елімізде 30-70 жас аралығындағы әйелдерге төрт жыл сайын жатыр мойны қатерлі ісігін анықтауға арналған скрининг өткізіледі. Ол үшін тіркелген емханаңызға бару керек. Дәрігер жатыр мойнынан жұғынды алып, оны зертханаға жібереді. Бұл — бар-жоғы бес минутта әрі ауыртпай жасалатын процедура. Нәтижесі бірнеше аптадан кейін дайын болады, — дейді дәрігер.

Әлима Ринатқызы АПВ-ның алдын алу үшін тек жыныстық сауат ашу жеткіліксіз деп есептейді. Ол халық міндетті түрде вакцина салдыруы керек екенін айтады.

Жоғарыда айтылғандай, бұл вирус ешқандай сипмтомсыз-ақ дами береді. Ал оның организмде бар екенін анықтағанша, вирус әлдеқашан қатерлі ісікке айналған болуы мүмкін. АПВ инфекциясының арнайы емі де жоқ. Вирус жұқтырғандардың 90%-інің иммунитеті екі жыл ішінде инфекциямен өз бетінше күресіп, вирус өздігінен жойылуы мүмкін. Бірақ жыныстық қатынаста жаңа партнер пайда болса, АПВ қайтадан жұғуы мүмкін. Дәл осы себептен сақтанып, вакцина салдырған дұрыс.

Онкологтың сөзіне қарағанда, вирусқа қарсы препараттардың АПВ-ны емдеуге күші жетпейді. Маман мұндай препаратты ішуге кеңес беретін дәрігерлердің коммерциялық мақсатта жұмыс істейтінін немесе білігі аз болуы мүмкін екенін айтты.

АПВ-ға қарсы вакцина қаншалық тиімді?

Дәрігер вакцинаның тиімді екенін түсіндіру үшін тың деректер айтты.

Дәл осы вакцина 100-ден астам елде тоғыз жастан асқан қыздарға салынады. Қорқатын дәнеңе жоқ: кәдімгі екпе ғой, тері астына жіберіледі. Бір немесе екі дозалы болуы мүмкін, кейінгі жылдары тіпті бір дозаның өзі үш доза әсеріне тең екені айтылып жүр, — дейді маман. 

Онколог сөзіне қарағанда, АПВ-ға қарсы вакцинациялау іске қосылған елдерде әйелдердің жатыр мойны қатерлі ісігі статистикасында оң өзгеріс бар. 

Вакцинацияның тиімді екеніне Аустралия дәлел. Бұл ел алғашқылардың бірі болып 2007 жылы адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялауды қолға алды. Соның арқасында елдегі жатыр мойны қатерлі ісігімен ауыратындар саны 50%-ке дейін төмендеген. Жақында Түркияда болдым, бөлімде жатыр мойны ісігімен жатқан әйел болмады. Өйткені Түркияда да вакцинация бар. Ал Қазақстанда апта сайын дәл осы диагнозы бар ондаған әйелге ота жасаймыз. 20-дан аса әйелдің ісігі асқынып кеткені сонша, олардың халі ота жасауға да келмейді, — дейді онколог. 

Қазақстанда вакцинациялау қалай жүзеге асады?

Елімізде 2024 жылы АПВ-ға қарсы жасөспірім қыздарды вакцинациялау бағдарламасы іске қосылады. Бұл жолы вакцина 12-14 жастағы емес, 11 жастағы қыздарға салынады деп жоспарланып отыр.

Әлима Ринатқызы. онколог
Әлима Ринатқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дәл осы жастағы қыздар таңдалғанына басты себеп сол, бұл жаста қыздардың психикасы әлдеқайда тұрақты болады. 12 жастан асқанда өтпелі кезең қиындығынан қыздардың мінезі өзгеруі мүмкін. Ал 11 жастан кіші қыздар тіпті бала болғандықтан, ең оңтайлы жас шамасы 11 жас болды. Бұған қоса вакцина вирустың алдын алу амалы болғандықтан, балалар жыныстық қатынасқа түспей тұрып салынғаны абзал, — деп түсіндірді дәрігер. 

Вакцина ата-ана рұқсат етсе ғана салынады. Қыздарға вакцина мектепте немесе ауруханада салынатыны әзірге белгісіз, бұл талқыланып жатыр.

Ал 11 жастан асқан, өз бетінше АПВ-ға қарсы вакцина салдырғысы келетін қыз-келіншектер үшін әзірге елде вакцина жоқ.

Әзірге елде 11 жастан асқан қыз-келіншектерге арналған тегін немесе ақылы вакцина жоқ. Бірақ Еуропа елдерінде 45 жасқа дейін кез келген келіншек АПВ-ға қарсы ақылы вакцина салдыра алады. Меніңше, біздің елде әзірге бұған қызығушылық та жоқ. Сондықтан әуелі АПВ жайлы көп айтып, вакцинаның маңызын түсіндіріп, ақпараттандыру жұмыстарына көңіл бөле тұрғанымыз жөн, — дейді маман.

Көп елде АПВ-ға қарсы вакцина ұлдарға да салынады. Дәрігердің айтуынша, папиллома вирусынан қатерлі ісікке шалдығатын ерлер көп емес.

Адам папиллома вирусы жатыр мойны қатерлі ісігімен қатар, бас, мойын, анус, ауыз-жұтқыншақ қатерлі ісігіне себеп болып жатады. Ер адам вирусты жұқтырса, обырдың осы түрлерінен зардап шегуі мүмкін. Алайда тәжірбиеге сүйене отырып, мұндай дертпен келетін науқастар аз екенін айта аламын. Сондықтан әзірге елде ер адамдарға АПВ-ға қарсы вакцина салу қарастырылып жатқан жоқ, — дейді дәрігер.

Екпе жайлы миф: «вакцина бедеу қылып тастайды»

Әлима Ринатқызы халық түрлі жалған ақпарат оқып алып, вакцинадан қорқатынын сынға алды.

Халық вакцина арқылы оларды өлтіргісі келеді деп ойлайды. Ал АПВ-ға қарсы вакцинаны қолдамайтындар ол бедеулікке әкелетінін айтып жүр екен. Бұл — миф. Біз осы вакцина арқылы, керісінше, болашақта қыз келіншектерді сәби сүйе алмаудан құтқарғымыз келеді, — дейді маман.

Дәрігер АПВ жұқтырып, соңы жатыр мойны қатерлі ісігіне ұласқан көп келіншекке ота жасап, жатырын алып тастауға тура келеді дейді.

Бөлімімізде 22 жастағы қыздан жатыр мойны ісігі анықталды. Ота жасап, жатырын алып тастауға тура келді. Ол қыз енді бала көтеріп, сәби сүйе алмайды. Мұндайда вакцинация салғаннан емес, керісінше салдырмағаннан ана бола алмайтынын басып айту керек, — дейді ол.

Әлима Ринатқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Әлима Ринатқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

2013 жылы вакцина салған қыздардың қазіргі жағдайы қалай?

Қазақстанда бұған дейінгі АПВ-ға қарсы вакцинация жобасы сәтсіз аяқталды. 2013 жылы пилот жобасы Атырау және Павлодар облыстарында, Астана мен Алматыда іске қосылған еді. 12-14 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцина салынды. Алайда вакцинадан кейін мектепте екі оқушы қыз есінен танып, мұны қоғам көп талқылады. Осыдан кейін жоба тоқтап қалды. Кейінірек қыздардың денсаулығындағы кінәраттың вакцинаға мүлдем қатысы жоқ екені анықталған.

Онколог халық арасындағы «вакцина салдырғаннан бедеу болып қалады» деген  пікірді сейілту үшін арнайы зерттеу жұмысы жасалғанын айтты. Зерттеу нәтижесі бойынша, 2013-2015 жылдары АПВ-ға қарсы вакцина салдырған қыздардың көбі күйеуге шығып, ана болған. Олардың арасында бедеулікке шалдыққанын айтып шағымданғандар болмаған.

Былтыр еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова бастаған бір топ онколог 2013-2015 жылдары вакцинациядан өткен 800-ден аса қызбен бірге зерттеу жүргіздік. Сол қыздардың ішінен тек біреуінен АПВ анықталды. Осыдан-ақ вакцинаның тиімді екенін біле беруге болады, — дейді маман.

Зерттеу аясында вакцина салдырған 800 қыз бен вакцина салдырмаған 30 жасқа дейінгі 500-ге тарта қыздан неліктен вакцина салдырғысы келмейтіні сұралған.

Ақпарат жоқ екені, денсаулығына селқос қарау — негізгі екі себеп осы. Бұған қоса «вакцина салдырсам, бедеу болып қаламын» деп қорқатындар әлі көп, — дейді Әлима Ринатқызы.

Дәрігер адам вакцина салдырғаннан кейін бойын әлсіздік жайлап, қызуы көтерілгені де қалыпты екенін айтады.

Бір адамның вакцина салдырған соң, ауырып, қызуы көтерілгенін, талып қалғанын естіп, содан қашып, вакцина салдырмайтындар да бар. Бірақ қызылшаға, АПВ-ға, коронавирусқа қарсы немесе кез келген вакцинаны салдырған соң адамның жайсыздық сезінетіні қалыпты нәрсе. Ине салған жердің ауыратыны, бас ауырып, қызу көтерілетіні, өзін әлсіз сезінуі — мұның бәрі екі күнде кетеді. Тек шыдау керек. Тіпті есінен танып құлау да — вакцина салдырған адам үшін қалыпты жанама әсер деуге болады. Бұдан адам өліп кетпейді, — дейді дәрігер. 

Онкологтың айтуынша, мұндай жайсыздық бір апта бойы тоқтамаса, бұл — дәл сол вакцинаның құрамы сіз үшін жарамсыз екенінің белгісі. Мұндай жағдайда бес-алты ай уақыт өткен соң, өзіңізге жарайтын вакцинаны таңдап салдыра аласыз. Мұндай жағдай тіркеле қалса, вирусологтарға хабарласу керек. Бірақ маман вакцина құрамы сәйкес келмейтін жағдай тым сирек кездесетінін айтады.

***

Тағы оқыңыз: