«Бәрі біледі, мен де білемін. Тек айтуға ұяламыз»

Психолог Динара Болат қызымен ең алғаш етеккір, жыныстық қатынас туралы қалай әңгімелескенін айтып берді.

Етеккір, жыныстық қатынас сияқты тақырыпта қызыммен ол 10 жасқа толғанда әңгімелестім. Сол кезде Нұр-Cұлтанда педофилия деректері тіркелген еді. Қызымның қауіпсіздігі үшін оған бұл жайында ертерек ескерткенім дұрыс деп шештім. Қыз баланың дене бітімінің өзгеруі және жыныстық қатынас туралы жайлап түсіндірдім. Бірақ қызымның мұндай әңгімеге реакциясы мен күтпегендей болды. «Мұндай нәрсені біздің класта бәрі біледі, мен де білемін. Бірақ оны айтуға ұялады» деп өзімді таңғалдырды. Мектепте 8-9 жастағы қыздарға медпункт мамандары етеккір туралы айтады екен. Мұны естіп қуандым. Кейбір ата-ана мұндай тақырыпта әңгімелесуге ұялуы мүмкін. Маманның айтқанынан қыз балалар көбірек біледі. Сондықтан тек анасы емес, мектептегі мамандардың да түсіндіргенін құптаймын, — дейді Динара Болат.

«Жыныс мүшең тек сенікі»

Еуропа елдері мен АҚШ-тағы мектептерде жыныстық сауатқа байланысты арнайы пән бар. Сонымен қатар Батыс елдері адам құқығын бірінші орынға қояды. Динара Болаттың айтуынша, сол себепті ол жақта балалар жынысқа қатысты құқығын жақсы біледі.

Амстердамнан елге ұшар кезде жарылғыш заттарды анықтайтын рентген тексерістен өттік. Тексеріп жатқан қызметкер ұлыма ағылшын тілінде бірдеңе деді. Үшінші рет айтқанда ғана баламның денесін ұстап, тексеруге рұқсат сұрап тұрғанын түсіндім. Рұқсатымды алмай тұрып, ұлыма саусағын да тигізген жоқ. Еуропа мен АҚШ-тың ең мықты тұсы — адам құқығының қорғалуын қатты қадағалауы. Балаға кішкентай кезінен «Жыныс мүшең тек сенікі, оны біреу көрсет деп талап ете алмайды. Өзің рұқсат етпесең, ешкім тәніңе қол тигізбейді» деп үйретеді, — дейді психолог.

Динара Болат қызы Саидамен
Фото Динара Болаттың жеке архивінен

«Қыздар өзін қорғай алмайды»

Психологтың айтуынша, зорлық-зомбылықтың өршуіне қыздардың өз денесін қорғай алмауы себеп.

Қоғамдық орындарда ерлердің кейбірі физиологиясы жетіле бастаған жасөспірім қыздардың денесін ұстап қалуға, қыздардың қасынан жабысып өтуге тырысады. Қызметте жүрген, қолына билік тиген азаматтардың арасында да жас қыздан, жесір әйелден дәмелі боп отыратындар бар. Жұмыссыз, рольсіз қалса да, мұндайға көнбей, әр адам өзін қорғауы керек. Анасы кішкентай қызына денесін ешкімге ұстатпауды үйретуі керек. «Бұл нәрсені айту керек пе? Ерте емес пе?» деп жүргенімізде кеш болып қалуы мүмкін. Неғұрлым ертерек айтсақ, бала соғұрлым өзін қорғайды, — дейді ол.

Жыныстық қатынас туралы қыздарды ғана емес, ұлдарды да құлақтандырған жөн. Психологтың айтуынша, қыз балаға қатысты зорлық-зомбылық ұлдардың кішкентайынан қыздарға деген көзқарасының дұрыс болмауынан туындайды.

Ұл тәрбиелеп отырған әр отбасы да баласына қызды құрметтеуді, көмек керек болса, қорғауды үйретсе екен. «Қыздың өзі киімімен, түрімен жыныстық қатынасқа сұранып тұр» деген түсінік болмауы керек, — дейді психолог.

«Білмегенінен емес, салғырттықтан»

Гинеколог Динара Құлжабаеваның айтуынша, емханалардағы отбасын жоспарлау кабинетінің мамандары 5-6-класс оқушыларымен кездесіп, дәріс өткізіп тұрады.

Көбіне жыныстық қатынасқа ерте түсу қандай жағдайға себеп болатыны, сақтану әдістері туралы айтамыз. Ұл балалармен жеке кездесеміз, қыздарға бөлек түсіндіреміз. Мектептен тыс бейтаныс адаммен кездесіп, сөйлеспегені дұрыс екенін, қауіпті біреуді көрсе, қашуы қажет екенін ескертеміз, — дейді гинеколог.

Динара Құлжабаева
Динара Құлжабаева. Фото: Айгүл Хожантаева

Гинекологтың айтуынша, ана қыздың жасы 10-11-ге келгенде оған бәрін түсіндіріп, жақын болуы керек.

Бала көтеріп қалуы мүмкін екенін білсе де, сақтанбайтын қыз көп. Сақтануды білмегенінен емес, салғырттығынан сондай іске барады. Тіпті етеккірінің біраз уақыт келмегеніне қарамай, жүріп алады. Соңында кейбірін анасы емханаға алып келеді. Бұл жерде салғырттықтан басқа анасына айтуға қорқу мәселесі де бар. «Анам маған сенбейді, мені түсінбейді» деп қорқады, — дейді Динара Құлжабаева.