Қатерлі ісіктің қазақстандықтар арасында көп кездесетін түрлері анықталды

Қазақстанда қатерлі ісік диагнозымен диспансерлік байқауда 181 мың адам тұр. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі медициналық көмек тақырыбына арналған Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты.

Соңғы 20 жылдың ішінде Қазақстанда қатерлі ісікпен ауырғандар саны 8%-ға өсті (100 мың халыққа шаққанда 181,2-ден 195,7-ге дейін). Салыстыру үшін айтсақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде осындай кезеңде обырдан сырқаттанушылықтың өсуі 11,5% болды. 1999 жылдан бастап Қазақстанда қатерлі ісіктерден өлімнің жалпы 42%-ға төмендеуі тіркелді (100 мың халыққа шаққанда 136,4-тен 78,3-ке дейін). ЭЫДҰ елдерінде өлімнің төмендеу қарқыны — 15,5%, — деді Елжан Біртанов.

Оның сөзіне қарағанда, ЭЫДҰ елдерінде обырмен ауру мен өлім көрсеткіштері Қазақстаннан жоғары болу себебі орташа өмір сүру жасының ұзақтығына әрі осы елдерде онкологиялық қызметтің дамуына, сонымен бірге обырдың бастапқы сатыларында ерте анықтау мүмкіндігіне және емдеудің жоғары технологиялық әдістерін қолдануға байланысты.

2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қатерлі ісік диагнозымен диспансерлік байқауда 181 мың пациент тұр. 2018 жылы елімізде қатерлі ісік диагнозымен 35 753 адам алғаш рет есепке алынған, оның 44,3%-ы — ерлер және 55,7%-ы әйелдер. Обырдан қайтыс болғандардың арасында ерлер үлесі — 53,8%. Алғаш ауырғандардың 60%-ға жуығы — 18 жастан 63 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті азаматтар. Сырқаттанушылық құрылымында сүт безінің обыры (12,6%), өкпе обыры (9,9%), асқазан обыры (9,9%) алдыңғы орындарда тұр. Содан кейінгі орында жатыр мойны мен тікішек обыры (4,7%) тіркелген, — деді Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, өлімнің негізгі себептері ретінде өкпе обыры (16,5%), асқазан обыры (11,5%), сүт безінің обыры (8,4%) айқындалды.

ДереккөзInform.kz