Биыл көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны орта есеппен 535,3 мың отбасы алды, бұл шамамен 66,9 миллиард теңге.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ақпанда 538 мың отбасына 33,8 миллиард теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді.
Бұл мемлекеттік жәрдемақыға төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп, төленеді. Көпбалалы отбасылардағы:
— төрт баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;
— бес балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
— алты балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;
— жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
— сегіз және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге мөлшерінде төленеді.
Еске салайық, мемлекеттік жәрдемақы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілген. Жәрдемақы төлеу кезінде көпбалалы отбасылардың табысы ескерілмейді.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ке артты.