Өз саласында тұңғыш әйел болған қазақ қыздарын білесіз бе? Олардың бірі мектеп ашса, енді бірі әйел теңдігін даулап баспасөз беттеріне мақала жазды. Алғаш күрделі операция жасаған тұңғыш қазақ әйел дәрігер де бар. Baribar.kz Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ел тарихында ерекше орны бар қазақ әйелдерін тізіп шықты.

Хұснижамал Нұралыханова

Қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп ашқан қазақ әйел мұғалімдерінің бірі

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Хұснижамал Нұралыханова 1872 жылы Бөкей Ордасындағы сұлтандар әулетінде дүниеге келген. Әбілқайыр хан әулетінен шыққан, Нұралы ханның шөбересі, Жәңгір ханның немересі, әкесі — Зұлқарнай Нұралыханов.

Ол Қазандағы земство мектебін бітіріп, 1894 жылы Бөкей Ордасындағы әйелдер мектебінде сабақ берді. Бұл мектеп 1883 жылдан бері жұмыс істегенімен онда тек басқа ұлттың қыздары оқитын. Хұснижамал Нұралыханованың бастамасынан кейін ғана мектепке қазақ қыздары бара бастады. 

XIX ғасырдың аяғында Хұснижамал қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп ашты. Оған кітаптар, оқулықтар және басқа да қажет заттарды білім министрлігінің Бөкей Ордасы бойынша инспекторы Андрей Вознесенский жеткізіп отырды.

Андрей Вознесенский 1897 жылы жасаған баяндамасында Хұснижамал туралы былай деп жазған:

«Хұснижамал — қазақ сұлтанының қызы. Қазандағы земство мектебін бітірген. Алғашында ағаларының қолында оқыды. Жасы шамамен 25-те. Сұлу, әрі әңгімеге жақсы, Ордада мұндай қыз жоқ, иә, ол, жалғыз… Орысша таза сөйлейді. Асқан ұстамдылығымен ерекшеленіп тұрады.  Қазір өзін орыс тілі мектебінің ісіне арнауды ұйғарды”. 

Хұснижамал Нұралыханова Арон Қаратаевқа тұрмысқа шыққан. Ол — атақты заңгер Бақытжан Қаратаевтың інісі.

Хиуаз Доспанова

Қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш ұшқыш

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Хиуаз Доспанова 1922 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Ақылды әрі білімді қыз соғыс басталатынына бір жыл қалғанда орта мектепті алтын медальмен бітіреді. КСРО ұшқыш-батырларының ерлігіне тәнті болып, бала жасынан ұшқыш болуды армандаған.

Мектепте оқып жүргенде жергілікті аэроклубты бітіріп, «запастағы пилот» куәлігін қоса алады.

Медицина университетінде оқып жүргенде Екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Көп ұзамай, Хиуаз әйелдерге арналған жаңа полк ашылғанын біледі. Бұл полкты Марина Раскова басқарды. 19 жастағы Хиуаз осы полк сапында соғысқан жалғыз қазақ қызы еді.

Хиуаз Доспановаға Қызыл жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендері, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары тағылды. 2004 жылы ҚР президентінің жарлығы бойынша Хиуаз Доспановаға республикамыздағы ең жоғарғы марапат — «Халық Қаһарманы» Алтын жұлдызы берілді.

Ол 2008 жылы қайтыс болды. 2019 жылы Атырау халықаралық әуежайына Хиуаз Доспанованың есімі берілді.

Шолпан Иманбаева

Өлеңдері баспа бетіне шыққан қазақтан шыққан тұңғыш әйел ақын

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Шолпан Иманбаева 1904 жылы туған. Әкесі оны бір бай шалға күйеуге беріп жібереді. Күйеуі Шолпанды екінші әйелі ретінде қинап ұстап, азап көрсеткен. Шолпан Иманбаева Сәкен Сейфуллинге өлеңмен хат жазып, тұрмыстағы шағымын жеткізеді. Ол жылдары Сәкен Сейфуллин ревелюциялық комитет төрағасы болғандықтан қыздың ажырасуына көмектеседі.

1923 жылы Шолпан Иманбаева Ақмоладағы сауатсыздықты жою курстарына қатысады. Оқуды аяқтаған соң қалалық балалар коммунасында тәрбиеші болып істеген.

Ол аймақтардағы әйелдер курсында өлеңін жиі оқып тұратын. Оның “Жолаушы  мен жұмыскер” деген алғашқы өлеңі 1923 жылы “Еңбекші қазақ” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетіне жарияланды.

Шолпан Иманбаеваның әлеуметтік-саяси тақырыпта жазған өлеңдері “Әйел теңдігі”, “Қызыл Қазақстан” журналдары мен “Жас қайрат” газетінде жарияланып отырды. Ақынның көп өлеңі әйелдердің азаттығы мен теңдігі үшін күрес тақырыбына арналды.

Бұған қоса ақын “Біздің Сәуле”, “Жастарға” деген өлеңдері арқылы жас буынды ғылыммен айналысуға шақырды.

Ақын 1926 жылы 22 жасында қайтыс болды. Ақын дүниеден өткен соң 1927 жылы Қызылордада өлең жинағы шықты. Оны Нәзипа Құлжанова мен Алма Оразбаева шығарды.

Сәкен Сейфуллин Шолпан Иманбаева туралы “Еңбекші қазақ” газетіне (1926 жылғы 13 қазан) былай деп жазған:  

Шолпан қазақтың алғашқы ақын қыздарының бірі еді. Ол кедейлердің арасынан шықты. Алайда далада жайқалған раушан гүліне айналды”.

Нәзипа Құлжанова

Қазақтан шыққан тұңғыш журналист әйел.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Нәзипа Құлжанова 1887 жылы дүниеге келген. Ол Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған мектепте білім алып, кейін оқуын Торғайдың қыздар гимназиясында жалғастырған. Оқуды аяқтаған соң Торғайдағы қыздар училищесінде, кейін Семейдегі оқытушылар семинариясында мұғалім болған.

Нәзипаның ата-анасы оны кәмелет жасына толмай тұрып тұрмысқа бермек болып, жігіт жақтан қалың мал алып қояды. Нәзипа жігітті сүймеймін деп, тұрмысқа шығудан бас тартады. Сол заманғы дала салты бойынша мұндай жағдайда қыздың отбасы қалың малды қайтарып беруі керек, ал Нәзипаның отбасында ондай қаражат болмады. Сонда Нәзипа Құлжанова прокурорға барып шағымданып, табандылық танытып, құқығын қорғап шыққан.

Нәзипа — қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналист. Ол қазақ қыздарының өмірі туралы “Алаш”, “Сарыарқа”, “Қазақ” газеттеріне жазып отырды.

“Әйел — ұлт анасы. Тек білімді, еркін әйел ғана елін алдыңғы қатарға шығара алады”, — деп жазды бір мақаласында.

Нәзипа әйелдердің қоғамдағы белсенді орынға ұмтылуын қолдап, Шығыс әйелдерінің бірінші съезін ұйымдастырғандардың қатарында болды.

1922 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің редакция алқасының мүшесі, 1923-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан», 1925-1929 жылы «Әйел теңдігі» журналдарында жауапты қызмет атқарды.

Ұзақ жыл мұғалім болып істеген Нәзипа қазақ мектептері үшін оқулықтар жазған. 1923 жылы Орынборда «Мектептен бұрынғы тәрбие», 1927 жылы Қызылордада «Ана мен бала тәрбиесі» деген әдістемелік кітаптары басылып шықты. 1934 жылы қайтыс болды. 

Айша Ғалымбаева

Қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш кәсіби суретші

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Айша Ғалымбаева қазақ бейнелеу өнеріндегі ұлттық тақырыпты жырлайтын дарынды кескіндемеші ға­на емес, кино­­суретші әрі қазақ ұлттық киімдерінің үлгісін жасаған бірегей тұлға ре­тінде танымал. Ол 1917 жылы дүниеге келген. 

Оның өмірі ХХ ғасырдағы саяси маңызды оқиғалармен тұспа-тұс келді. Ғұмырында ашар­шы­лық, соғыс сияқты аласапыран кезеңді басынан өткерді. Бірақ шығар­машылығында халқының жарқын бейнесін, өнері мен мәдениетін терең қоз­ғады. Сондықтан оның туындылары ұлттық бейнелеу өне­рінің классикасына айналды.

Оның «Белгілі халық шебері Р.Бәсенованың портреті», «Дәмді шай», «Бір кесе қымыз», «Ха­лық таланттары», «Біз заманамызды мақтаныш етеміз», «Қазақстан әні», «Кес­телі кимешек», «Батыр ана» және тағы басқа шығар­малары көпке танымал. 

Суретші 2008 жылы қайтыс болды.

Гүлсім Асфендиярова 

Қазақтан шыққан тұңғыш әйел дәрігер

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Гүлсім Асфендиярова 1880 жылғы 12 қарашада Ташкентте генерал-майор Сейітжапар Асфендияровтың отбасында дүниеге келген. Санжар Асфендиаровтың туған әпкесі. Ташкент әйелдер гимназиясын, Санкт-Петербург қыздар медицина институтын бітірген. Ол — қазақ әйелдерінің ішінде жоғары білім алған тұңғыш дәрігер.

1902 жылы Түркістан генерал-губернаторы түркістандық қыздардың Қыздар медицина институтында оқуы үшін 10 стипендия тағайындайды. Стипендияға орыс қыздарымен қатар екі қазақ қызы ие болады. Олар — генерал-майор Сейітжаппар Асфендияровтың қызы Гүлсім Асфендиярова мен подполковник Садық Әбдрахмановтың қызы Зейнеп Садыққызы.

Гүлсім Асфендиярова 1913 жылы Хиуа ауруханасында әйелдер бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарады. Ол орыс дәрігері А.Анисимовпен біріге отырып, алғаш рет жүкті әйелдің жатырына операция жасап, жас ана мен нәрестені ажалдан құтқарып қалған.

Сонымен қатар Гүлсім Асфендиярова халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, оқуға тарту, ана тілінде дәріс беру, дәрігерлік оқу орнының беделін көтеру деген сияқты проблемаларды шешуде үлкен рөл атқарды. 

Дәрігер 1937 жылы қайтыс болды.

Нұрсұлу Тапалова

Қазақтан шыққан тұңғыш балерина

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Нұрсұлу Тапалова 24 жасында Қазақ КСР еңбегі сіңген артисі атанған. Ол 1923 жылы дүниеге келген.

А.Александров жетекшілігіндегі театр студиясында оқып жүріп сахнаға да шыққан. Кейін режиссерлар би падишасы Шара Жиенқұлованың рөлдерін Нұрсұлуға ғана сеніп тапсыратындай деңгейге жетті. Нұрсұлудың «Қыз Жібек», «Қалқаман-Мамыр» қойылымдарында Шараны алмастырғанын көрермен тіпті аңғармай қалатын. 1938 жылға дейін кардобалет артисі, кейін балет бишісі болған Нұрсұлу Тапалова қайталанбас образдар жасап шығарды.

Балерина туралы халық артисі Болат Аюханов «Менің балетім» деген кітабында былай деп жазған: «Нұрсұлу – бисіз өмірін елестете алмайтын нәзік жан. Ол атақты Галина Улановнамен «Бақшасарай бұрқағында» Зареманың рөлін ойнады. Нұрсұлу Зареманы классикалық дайындықсыз биледі. Алайда оның Заремасы нағыз шығыстың аруы болып шықты! Оның биін көріп отырып биге елітіп кетпеу, ғажайып сұлу биіне қарай отырып, оның тартымды әсеріне ерекше бой алдырмау мүмкін емес-тін».

Кейінірек Нұрсұлу театрдан кетіп, ән-би миниатюрасы жанрындағы эстрадалық салаға ауысып, Жамбыл атындағы филормонияға қызметке барды. Ол жерде Одақ пен демократиялық республикалардың ән-би ансамблінің жеке бишісі болып қызмет етті. Оның репертуарында қазақ, қырғыз, өзбек, армян, испан, орыс тағы басқа ұлттардың биі болды. Өз рөлдерін кәсіби деңгейде сахнаға алып шыққан Нұрсұлуды алыс-жақын шетел таныды.

Биші 1998 жылы қайтыс болды.