ІТ — медицина сияқты көпсалалы бағыт

Ділмұхамед Қожамұратов Қытайдағы Аньхой технологиялық университетінде бағдарлама инженері (software engineering) мамандығында оқыған. Ол әңгімені ІТ саласын түсіндіруден бастады. Бұл саланың ауқымын медицинамен салыстырды.

Адам тісі ауырса, стоматологқа, көзі ауырса, офтальмологқа барады. Олардың бәрін жалпылама «дәрігер» деп айтамыз. Сол сияқты ІТ — технологиямен жұмыс істейтін мамандардың жалпы атауы. Олар өз ішінде front, back, tester, development деп бөлінеді. Алғашында бәрі базалық білім алып, кейін өз саласы бойынша білімін жетілдіріп, жұмыс істейді. Медицинада жалпы практика дәрігері деген бар. Сол сияқты ІТ саласында барлығынан аздап хабары бар мамандар болуы мүмкін, — деп түсіндірді ол.

Қазір кез келген нәрсе туралы негізгі ақпаратты Google-дан табуға болады. Базалық білім мен тәжірибені де өз бетінше үйренуге мүмкіндік бар. Ділмұхамедтің айтуынша, ІТ-маман бәрін білуі керек деген түсініктен барлық адамның ІТ-ден аз да болса хабары болуы керек деген тұжырымға ауысып жатырмыз.

Ділмұхамед Қожамұратов
Ділмұхамед Қожамұратов. Фото жеке архивінен

«ІТ-маман болу үшін қандай машықты меңгеру керек?» деп жиі сұрайтындар бар. Физикадан, математикадан, информатикадан хабардар болғаны жақсы. Жоғары оқу орнында бірінші, екінші, үшінші жоғары математиканы және жоғары физика, алгоритм, статистика, аналитика дегендерді оқытады. Жай ғана код жазған кезде оның ішінде алгоритм, логика болады. Сол үшін қоғамда «ІТ-маман деген жақсы математиктен шығады» деген көзқарас қалыптасқан,- дейді Ділмұхамед.

Ай сайын миллион теңге табу үшін…

ІТ әлемінде ағашта ақша өспейді, бірақ машықты жетілдіріп, өзіңді дамыту арқылы табысты арттыруға мүмкіндік бар.

Менің ойымша, ІТ-маман үшін қиын нәрсе – алғашқы жұмысқа орналасып, өз саласын табу. Тәжірибесі жоқ маманға бірден жұмысқа тұру оңай емес. Сондықтан студент кезде нақты бір саланы біліп, қажет машықты меңгеріп алу керек. ІТ ауқымы кең сала болғандықтан өзіңе нақты қайсы керек екенін анықтап алсаң, көп уақыт жоғалтпайсың. Таңдаған салаң бойынша нарықта қандай талап, сұраныс бар екенін зерттеп, өзіңді соған сай етіп дайындайсың, — дейді ІТ-маман.

Отандық нарықта қызметке алғаш кіріскен ІТ-маманның айлығы 300 мың теңге шамасында болуы мүмкін. Маман өзін дамытып, компанияда қызметін жалғастырып, жоғары деңгейге көтерілсе, сәйкесінше айлығы да артады.  Алғашқы жылы 300 мың теңге, одан кейінгі жылы 500 мың теңге, одан кейін тіпті 1 миллион теңге тұрақты айлық алуға болады.

Қазақстандағы ІТ-мамандардың табысы басқа елдермен салыстырғанда азырақ. Қазақстандық ІТ-мамандар көбіне Ресей нарығында жұмыс істейді. Украина нарығындағы ІТ-мамандардың да табысы жоғары. Кейінгі саяси жағдайлар қазақстандық ІТ-мамандардың ішкі нарыққа оралуына себеп болды. Еуропада табыс жоғары болғанымен өмір сүру қымбат. Америкадағы ІТ-мамандардың жалақысы — ең жоғары табыс, — дейді Ділмұхамед.

ІТ-маманның артықшылығы сол, кез келген жерде жұмыс істей алады. Басқа мамандықтар қашықтан, онлайн жұмыс істеу жүйесіне тек пандемия кезінде көшсе, ІТ саласында бұл бұрыннан бар.

Ділмұхамед Қожамұратов
Ділмұхамед Қожамұратов. Фото жеке архивінен

ІТ-маманның айлығы бір нүктеде тоқтап қалмайды, білігі жоғарылаған сайын өсе береді. Бірақ бұл өсімді қамтамасыз ету үшін маман жаңа нәрсе үйреніп, үнемі дамып отыруы керек. Әсіресе жаһандық технология заманында бір алған білім ұзақ уақытқа жарамайды.

Басқа мамандықтармен салыстырғанда бұл — үлкен артықшылық. Мұғалім, дәрігер сияқты классикалық мамандықта нақты белгіленген айлық мөлшері болады. Ал ІТ әлемінде табыс та, мүмкіндік те, үйренетін білім де шексіз. ІТ әлемі жыл сайын, ай сайын, тіпті қазір сәт сайын жаңарып жатыр. Маман осы жаңалықтарға ілесіп отыруы керек. Компаниялар да заңдылыққа бағынып, бағытын, жоспарын, қызметін өзгертіп отырады. Сондықтан ІТ саласын өмір бойы үйренуден жалықпайтын мамандар керек, — дейді Ділмұхамед.

ІТ-маманның жұмыс уақыты тұрақсыз. Бұл біреу үшін тиімді, біреуге тиімсіз болуы мүмкін. Күнделікті таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істеу керек деген заң жоқ. Жұмыс көлеміне қарай есептеледі. Демалыс, түскі ас уақытын ІТ-маман өзі белгілейді. Көбіне ІТ-мамандар денсаулығын құртып, көру қабілеті төмендеп жатады. Әсіресе жұмыс тәртібі нашар адамдар мұндайға көп ұшырайды.

ІТ-маман хакер емес

Жомарт Қасым Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білім алған. Қазір әзірлеу жөніндегі инженер болып жұмыс істейді. Жомарттың айтуынша, университетте алған білім өмір бойы ІТ-де жұмыс істеуге жеткіліксіз, себебі ІТ күн сайын дамуды, үйренуді талап етеді.

Кейінгі жылдары ІТ деген сөз ең көп естіген, айтылған сөздердің біріне айналды. Көбі оны компьютермен, бағдарламалаумен, технологиямен байланыстырады. Осы салада жұмыс істейтін адамдарды «ІТ-шник» деп атайды. Кейбірі «IT-маман компьютерде болатын барлық қатені түзей алады» дейді, енді бірі «IT-маман код, бағдарлама жазады, вирус тазалайды, қайта орнатады, Instagram-ды бұзып береді» деп ойлайды. Тіпті кейбіреулер «үйдегі теледидар мен антеннаны жөндеп береді» деп жүр. Бірақ мұның көбі ІТ-маманның қызметіне кірмейді, — дейді ол.

IT – ақпараттық технологиялар (Information Technology). Ақпаратты компьютермен өңдеуге, сақтауға, енгізуге және алуға қатысты әрекеттерді, жалпы компьютерге байланысты барлық міндетті атқарады. IT-маман – компьютермен жұмыс істейтін адам. Оның ішінде компьютерлерді жөндейтін, құрастыратын, интернетке қосатын және бағдарламалайтын көптеген тармақ бар.

Жомарт Қасым
Жомарт Қасым. Фото жеке архивінен

Жомарттың айтуынша, бағдарламалаудың өзі көптеген салаға бөлінеді: бағдарламаның дизайнын ойлап табатындар, оның жұмысының логикасын жазатындар, қауіпсіздікті зерттейтіндер және оның сапасын тексеретіндер (тестілеушілер), жасанды интеллект мамандары, Big Data деп кете береді. Барлығы ІТ саласының маманы дейтін санатқа жатқанымен көбі бір-бірінің жұмысын түсіне бермейді. Әркімнің өз қызметі, міндеті бар.

Бағдарламалаушылар бағдарламаның логикасын дамытады. Дизайнерлер оның сырт келбетімен айналысады. Жүйелік администратор компьютерлік жүйені жаңартады, оны интернетке қосады және бағдарлама мен компьютердің дұрыс жұмыс істегенін қадағалайды. Аппарат істен шыққанда  оны жөндейтін компьютер инженері бөлек болады. Оларды бағдарлама инженерімен шатастырмау керек, — дейді ол.

Сондықтан ІТ-маманнан көмек сұрамай тұрып әуелі оның қай бағытта жұмыс істейтінін, ІТ-дің қай саласын меңгергенін біліп алған дұрыс.

ІТ-ді болашақтың мамандығы деп бекер айтпаса керек, IT саласы жылдан-жылға қарқынды дамып жатыр. Жомарт Қасымның айтуынша, ІТ саласында басқа мамандықтар сияқты төрт жыл оқыған біліміңізбен өмір бойы жұмыс істей алмайсыз. Мысалы, студент кезде оқыған Pascal, Delphi сияқты «динозаврлармен» жұмыс істемек тұрмақ, диплом жобасын да жасай алмайсыз. ІТ заман талабына сай үздіксіз дамуды қажет етеді.

Жомарт Қасым Алматыда оқыған, қазір осы қалада жұмыс істейді. Бірақ демалыста үйіне барғанда Талдықорғандағы таныстары, туыстары мен көршілері түрлі өтінішпен кезекке тұратынын айтады.

«Ноутбук, компьютер, телефон жөндеп берші» деген өтінішпен келетін туыстарым көп. Қолдан келгенше «емдеп» беруге тырысамын. Кейде көршілер кеп тұрады, «теледидар көрсетпей қалды» деп. Мұны қоя беріңіз, кейде «компьютердің құлағында ойнайсың ғой, ауыл шаруашылығы бойынша бизнес-жоспар құрып берші» дейтіндер де кездеседі. Осындайда не күлерімді, не жыларымды, кімге, не үшін ашуланып, не деп жауап берерімді білмеймін, — дейді Жомарт Қасым.

Жомарт Қасым
Жомарт Қасым. Фото жеке архивінен

Ал жастар тарапынан «Instagram бұзып берші» деген өтінішті көп естиді екен. Мұның бәрі кинодағы идеологияға байланысты. Жасөспірімдер мен жастар деректі фильмнен гөрі «крутой» ІТ-мамандар туралы көркем туындыларды көп көреді. Соның әсерінен ІТ туралы фантазиямен өмір сүреді. «ІТ-ді оқып меңгеремін де хакер боламын, көп ақша табамын» деп ойлайды. Мамандықты меңгере бастағанда ІТ-дің кинодағыдай қияли әлем емес, цифр мен кодтан тұратын күрделі сала екенін түсінеді.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

***

Тағы оқыңыз:

Цифрландыру әйелдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын қалай жақсартады?