Не болды?
Қазақстаннан Еуропа мен Түркияға жаңа тікелей әуе рейсі іске қосылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 31 мамырдан бастап Польшаның LOT Polish Airlines әуе компаниясы Алматы – Варшава бағытында тұрақты ұшатын тікелей рейс ашты. Жаз маусымында ұшақтар аптасына төрт рет, ал қыс мезгілінде үш рет ұшады. Бұған дейін әуе компаниясының Варшава-Астана бағытында рейсі болды.
Сонымен қатар 31 шілдеден бастап SunExpress әуе компаниясы Алматы – Измир бағытындағы ұшақтарды іске қосады. Бұл бағыт аптасына екі рет қатынап, биыл қазан айының соңына дейін қызмет көрсетеді.
Air Astana компаниясы маусым айында Кипрге де жаңа бағытты іске қосуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 2 маусымнан бастап Астана – Ларнака, ал 4 маусымнан бастап Алматы – Ларнака бағыты бойынша тікелей рейс ашылады. Екі бағытта да рейстер аптасына екі рет жоспарланған.
Жаңа әуе бағыты Қазақстанның Польша, Түркия және Кипрмен сауда-экономикалық, инвестиция және туризм байланысын нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар жолаушының сапары қолайлы болуы назарға алынды, — делінген хабарламада.
Контекст
Естеріңізге салайық, жазда еліміздің ішкі рейстеріне де жаңа әуе бағыттары қосылды.
