Кәсіпкер әйелдерді мемлекеттің қолдауы

«Әйелдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында цифрландыру» деген дөңгелек үстелде әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова әр облыста кәсіпкер әйелдерді қолдау орталығы пилот режимінде қалай жұмыс істеп жатқанын айтты.

Кәсіпкер әйелдерді қолдау орталығы — ерекше, бірегей жоба. Қазақстанның Кәсіпкерлік кодексінде «кәсіпкер әйел» деген арнайы ұғым қарастырылмаған, бірақ біз осы бағыт бойынша тұжырым қалыптастыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Пилот режимінде еліміздің әр аймағында 20 орталық ашылып, 30 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Нәтиже жаман емес, жобаны дамытып, жалғастыру керек, — деді ол.

Ләззат Рамазанова
Ләззат Рамазанова. Фото: Кристина Ризванова

Қазақстанда ұсақ және шағын бизнес сегментінде кәсіпкер әйелдер саны артып келеді. Ләззат Рамазанованың айтуынша, отбасы, гендер саясатына байланысты әйелдердің кәсіппен айналысуына ғана емес, әлеуметтік қорғалуына да мән беру керек.

Әлемдік статистика бойынша әрбір төртінші әйел — кәсіпкер. Бұл — жақсы нәтиже, бірақ мені Қазақстандағы әйелдердің кәсібінен бұрын отбасылық, әлеуметтік мәселесі көбірек алаңдатады. Бұл туралы осыған дейін де түрлі жиында айтып жүрмін. Бәріміз оны тыңдаймыз, бірақ іске асырудың нақты жоспарын талқыламаймыз, — деді Ләззат Рамазанова.

Жүктіліктен босанғанға дейінгі жүйені цифрландыру кешені

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов ұлттық комиссия өкілі көтерген мәселені шешу үшін министрлік қандай жұмыс істегенін айтып берді.

Жақында министрлікте азаматтар ХҚКО-ға бармай-ақ мемлекеттік қызметке қол жеткізуі үшін қызметтерді сервистен проактивті форматқа көшіру кешенді жобасы талқыланды. Жобаның мақсаты – құрылым қызметкерімен тікелей байланыссыз жылдам қызмет алу.

Жаңа жүйе азаматтың мемлекетпен тікелей байланыспай-ақ оның көмегі мен қолдауын сезінуге жәрдем етеді, осылайша «көрінбейтін мемлекет» тұжырымын қалыптастырғымыз келеді, — деді вице-министр.

Әсет Тұрысов жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін мысалмен түсіндіріп берді. Балалы болуды жоспарлап немесе күтіп жүргендер арасында жасалған сауалнама нәтижесі бойынша көбі ақпарат тапшылығынан қиналады екен. Әсіресе алғаш рет ана болайын деп отырғандар жүкті екенін білген соң тіркеуге тұру тәртібін, еңбек құқығын, декретке қашан, қалай шығатынын түсінбейді. І, ІІ, ІІІ триместрде үш күн ақылы демалысқа шыға алатынын, жетінші айда декретке шыққанда жұмыс берушімен қандай келісім жасау керек екенін білмей жатады. Болашақ ана денсаулығы мен тыныштығына көңіл бөліп, ұрпағын өмірге әкелуге дайындалуы керек уақытта түрлі мекеменің табалдырығын тоздырып, құжат жинап жүреді.

digital forum
Фото: Кристина Ризванова

Әлеуметтік, медициналық жүйені тиімді қолдануға мүмкіндік беретін цифрландыру ғасырында адамды ескі жүйемен жүруге мәжбүрлеу ақылға қонбайды, — деді Әсет Тұрысов.

Жоба дайындалып жатқанда шенеуніктер болашақ ана жай ғана босанғанға дейінгі төлем алу үшін екі ай бойы ХҚКО-ға барып, бума-бума құжат жинайтынын түсінгенде қалай таңғалғанын жасырмады.

Қазір арнайы құрылған команда бала өмірге келгеннен кейін бір сағат ішінде мемлекеттік төлемдерді рәсімдейтін қызмет көрсету кешенін дайындап жатыр. Цифрландыру арқылы болашақ ананың уайымын азайтып, отбасына бөлетін уақытын көбейтуге болады.

«Отбасының цифрлық картасы» жобасы неге ұзақ уақыт дайындалды?

Әлеуметтік мәселелер жөніндегі ұлттық эксперт Светлана Жақыпова Қазақстанда ұзақ уақыт бойы жетіліп, 2023 жылғы қаңтардан бастап қолданысқа енген жобаны таныстырды. «Отбасының цифрлық картасы» жобасы — түрлі мемлекеттік органдағы мәліметті жинақтайтын арнайы ақпараттық жүйе. Ол азаматтардың әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтауға және оларды мемлекеттің қолдауына мүмкіндік береді.

Светлана Жақыпова
Фото: Кристина Ризванова

Әртүрлі отбасы, түрлі жағдай кездесетіндіктен әрқайсы үшін жеке алгоритм жасауға тура келді. Сондықтан жоба ұзақ дайындалып кетті, — деді Светлана Жақыпова.

Эксперттің айтуынша, екі-үші жылдан кейін осы жобаның нәтижесі бойынша ретроспектива анализін жасауға болады.

Экономикада әйел ресурсын актив ретінде қолдануға болады

АҚШ президентінің экономика саясаты бойынша кеңесшісі болған Филиппа «Пиппа» Мальмгрен Digital Almaty 2023 форумында коронавирус бүкіл әлемде цифрландыру процесін жеделдетуге көмектескенін айтты.

Оның ойынша, цифрландырудың алғышарты – интернетке қол жеткізу. Пиппа мемлекетті интернетпен толық қамтамасыз ету проблемасын шешу үшін басқа елдердің тәжірибесін зерттеп, қолданып көруге шақырды.

Филиппа «Пиппа» Мальмгрен. Фото: Кристина Ризванова

Бізге ұнаса да, ұнамаса да айтылуы керек шындық сол, әйелдерді отбасына жауапты тұлға ретінде ғана көретіндер бар. Шындығында әйел – экономикадағы тұнып тұрған актив. Қазір де әйел тақырыбын бізге ұнайтындықтан ғана емес, ел экономикасына табыс әкелетін ресурс болғандықтан талқылап отырмыз. Әйелдерге әлемде болып жатқан экономикалық процестерге қатысуға мүмкіндік беру арқылы  олардың потенциалын мемлекет үшін пайдалы етуге болады, — дейді Пиппа.

Қазпошта әйел мен әлемді қалай байланыстыра алады?

Бұрын Қазпошта тек зейнетақы беретін, сәлемдеме немесе газет-журнал жеткізетін мекеме еді. Қазір ІТ-технологияның арқасында заман талабына сай түрлі қызмет түрін көрсете алады.

Форум аясында экономикада әйелдерге жаңа мүмкіндіктер ұсыну үшін «Қазпошта» АҚ мен TechnoWomen коммерциялық емес мекемесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумның мақсаты – цифрлық экономика мен электрон коммерцияны дамыту, Қазпошта арқылы білім беру бағдарламасы мен әлеуметтік жобаларды іске асыру.

Фото: Almatydigital.kz

Қазпошта қала мен ауылды ғана емес, адам мен әлемді байланыстыратын мекемеге айналуды көздейді және осы бағытта түрлі тәжірибе жасап көрді. Біздің мекемеде түрлі мамандықта білім алған әрі дүниетанымы әртүрлі әйелдер еңбек етеді. Бәрі қандай да бір табысқа жетуге, кәсіби және жеке құзіретін дамытуға ұмтылады. Қызмет барысында озық ІТ-технологияларды пайдалану әйелдерге қоғамда және қызметте жаңа мүмкіндіктерге жол ашты, адамдардың өмір сүру салтын жеңілдетті, мақсатқа жету үшін аз күш жұмсап, жақсырақ нәтижеге жетуге болатынын көрсетті. Осы аспектілердің бәрі кез келген отбасындағы әлеуметтік әрі қаржылық жағдайға оң әсер етеді, — деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова.

ӘСЕЛ ЖАНАСОВА.
Әсел Жанасова. Фото: Кристина Ризванова

Қазпошта әсіресе өңірлердегі әйелдерге халықаралық және қазақстандық маркетплейстерде онлайн сату арқылы табысын арттыруға көмектесіп, электрон коммерцияны дамытуға назар аударады. Тіпті, жақында Wildberries-пен меморандумға қол қойды. Ауылда тұратын әйелдерге кәсіби білім беру үшін электрон сауда орталықтарын құруға келісім жасады.

Біз ауылдық жерде тұратын әйелдерге отбасынан алысқа кетіп кәсіп құрмай-ақ, үйде отырып дұрыс сатуды, тауарын онлайн сатылымға шығаруды, бизнес-процестерді жеткізу тізбегі бойынша жинауды үйреткіміз келеді, — дейді Әсел Жанасова.

Форумда Қазпошта инфрақұрылымы базасында ауылдық жерлерде телемедицина қызметтерін ұсыну ұйымдастырылды. Басты назар жүкті әйелдерге, үй шаруашылығын жүргізетін және бала тәрбиесімен айналысатын аналарға түседі.