Елдос Балтабекұлы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Миф: Көздің көру қабілетін қайтарудың 5 жолы

«Жаттығу жасау арқылы қайта көріп кетуге болады»

Жалған. Жаттығу көмектеседі, бірақ көру қабілетін толығымен қалпына келтірмейді.  Оның пайда болу жолдары көп. Тіпті, генетикалық жолмен де беріледі. Көздің жақыннан немесе алыстан көрмеуі, астигматизмді бір ғана жаттығумен емдеу — бос әурешілік. Дегенмен, жаттығу көру қабілетін жоғалтпау, алдын алу үшін жақсы көмектеседі.

«Көзілдірік тақсаң, көру қабілетің нашарлай береді»

Бұл да — жалған. Көптеген адамдар көзілдірік тақсаң, көз бұлшық еттері босаңсып, одан сайын нашарлай береді деп ойлайды. «Оған себеп болған мына жағдай: бұрын офтальмологтар көзілдірікті бір тағып, біраз күн тақпау көзді жаттықтырады деп ойлайтын»,-дейді дәрігер-офтальмолог Рано Ибрагимова.

Осыдан кейін көпшілік өзіне лайық көзілдірік киюдің орнына, балаларын алдыңғы партаға отырғызып, көзілдірікті тек «ерекше» жағдайларда ғана тағады. Басқа кезде көздерін сығырайтып қарап, «жаттықтырып жүрміз» деп ойлайды. Бірақ тәжірибе бұндай әдістің көз ауруын одан сайын асқындырып жіберуі мүмкін екенін көрсетті.

Сондай-ақ мамандар барлық адамдарға күннен қорғайтын көзілдірік киіп жүруге кеңес береді. Ол көзді ультракүлгін сәулелерден қорғап, катаракта, макулопатияның алдын алуға көмектеседі.

«Сәбіз жеу керек»

Әрине, сәбіздің құрамындағы А және С дәрумендері ағзаға пайдалы. Ол дәрумендер жетіспесе, көру қабілеті нашарлайды. Бірақ бұл аңызға сондай бір сенудің қажеті жоқ. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, бірінші аурудың пайда болу себебін анықтап алу керек. Ары қарай не жеп, не істеу керек екенін офтальмологтар айтады.

«Тесіктері бар қара көзілдірікпен емделуге болады»

Бұл көзілдіріктердің әсері уақытша. Оны киіп тұрғанда көзге жарық аз түсіп, көру қабілетін аз да болса, жақсартады. Бірақ офтальмологтар бұндай көзілдірік таққаннан, көзді ультракүлгін сәулелерден қорғайтын линза дұрысырақ екенін айтады.

«Әзірге жақсы көремін, дәрігерге бармасам да болады»

Глаукома мен көздің торлы қабатының бұзылуы бірден білінбейді. Оның айтарлықтай белгілері де жоқ. Тек көздің алыстан немесе жақыннан көру қабілеті нашарлайды, кітап пен мониторға ұзақ қарағың келмейді, көз жасаурай береді. Асқынып кетсе, көз мүлдем көрмей қалуы мүмкін. Сондықтан жоғарыдағы белгілері байқалса, бірден дәрігерге қаралған дұрыс.