Әйгерім Құсайынқызы, заңгер, зерттеуші, феминист:
Біздің қоғам тұрмыстағы зорлық-зомбылықты ақтап алуға тырысады. Күйеуі әйелін немесе баласын ұрса, «Әрине, ол жұмыстан шаршап келді, эмоциясын солай шығарды» дейді. Мұндай аргументтерге төзбеу керек. Өйткені зорлық-зомбылықтың кез келген түрі – адам құқығына қарсы жасалған қылмыс. Атаңызды оның әкесі қамшымен ұрса, бұл соғыстан кейінгі жан жарасын жазып үлгермеген ұрпақ үшін қалыпты жағдай болған шығар. Өйткені ата-әжеміз «Бізді белдікпен ұрды, адам болдық, өлген жоқпыз ғой» деп келді. «Әйел бастан, бала жастан» дейтін сөздің өзі зорлық-зомбылықтың отбасынан басталғанын және мұның қаншалық мемлекет деңгейіндегі проблемаға айналғанын көрсетеді.
Қазақстан қоғамының зорлық-зомбылыққа төзіп кеткені сондай, Қаңтар оқиғасы кезіндегі 238 адамның өлімін біз әлі де ақтағымыз келеді. Мемлекеттің алаңға шыққан халыққа тапа-тал түсте оқ атқанын «қалыпты» деп қабылдайтын адам көршісінің не туысының баласын, әйелін ұрғанынан немесе баласының жануарды қинап өлтіргенінен де қауіп көрмейді. Сол үшін біз зорлық-зомбылықтың кез келген түрін бала кезден «адам құқығына қайшы қылмыс екенін» түсіндіруіміз керек. Ал мұндайға тап болғанда «төзбе», «көнбе», «үндемей қалма» деген сияқты ұрандар айтылса, біз тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресе алар едік.
Ал агрессорға зардап шеккендер неге оралады дегенге келсек, мұның бірнеше себебі бар. Қазақта «Қайтқан малда қайыр бар» деген мақал бар, ал «Қайтып келген қыз жаман». Өкінішке қарай, қазақ қыздары мұндай мақалдарды бала кезінен естіп өседі. Оның ұзату тойында «Барған жеріңе тастай батып, судай сің», «Бақытты боламын деп емес, бақытты етемін деп бар» деген тілек айтылады. Осындай сөздерді жылдар бойы құлағына сіңіріп келген қыз аз уақытта таптаурындарға қарсы шығып, онымен күресуі өте қиын.
Оның үстіне әйелдер экономикалық тұрғыдан ерлерге тәуелді. Қазақстандағы әйелдер білімді, бакалавриатта оқитындардың 57%-і, магистратурада оқитындардың 62%-і, докторантурада оқитындардың 70%-і – қыздар. Ал дүниежүзіндегі картина басқаша. Қазақстандық әйелдер ерлерге қарағанда білімдірек, бірақ экономикалық нарықтағы үлесі — 25%, яғни дисбаланс бар. Білімді, ақылды қыздар қайда кетіп қалды? Тұрмысқа шығып, отбасы, ошақ қасынан шыға алмайды. Өйткені олар — қоғамның «кәсіпқой әйел болғанша, көпбалалы, алтын алқалы ана болғаның жөн» деген тәрбиелеу құралының құрбаны.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер агрессорға қайта бармауы үшін әйелдер қаржы тұрғысынан ерлерден тәуелсіз болуға тиіс. Оның күйеуі ғана емес, мүлкі, ақшасы, банкте шоты болуы керек. Мұндай кезде әйелдердің өзін қаржы жағынан «сауатсыз» деп кінәлап жатады. Мәселе мұнда емес. Қазақ қоғамында отбасы үй алса, мұны күйеудің, әкенің атына жазады. Тіпті несиенің статистикасына қарасақ, Қазақстанда қарызды әйелдер емес, ерлер көбірек алады. Өйткені жер, үй сияқты мүліктер еркектің атында болады. Ажырасқан кезде де бала анасымен қалады, ал мүлік көп жағдайда ердің атында тұра береді.
Қазақтар қызын тек таптаурындардармен тәрбиелеген деп айта беруге де болмайды. Өйткені бізде «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел едік» деген түсінік бар. Қазақ қай кезде де көмекке мұқтаж адамды далаға қалдырмаған. Жалпы біздің дәстүріміз сондай. Тұрмыстағы зорлық-зомылық құрбаны болған, мүлкі жоқ әйелді қазір де бәріміз қолдауымыз керек. Өйткені қайғы ортақ. «Бұл бәріміздің, әулеттің басына түскен сын, қайғы» деп қарауға тиіспіз. Әйелге үнемі «Зорлық-зомбылық көрдің бе, көнбе, ажырасып кет», «Күн көре аласың, мемлекет, біз сені қолдаймыз, абьюзермен өмір сүруге міндетті емессің» деп айтылуы керек. Ал «Өзіңді ойламасаң да, балаңның бақытын, оның болашағын, психикасын ойла» деп айтылмауға тиіс. Өйткені әйел ең бірінші кезекте өзін ойлауы керек. Әйел – әпке, қарындас, ана, әже емес, адам. Оның әлеуметтік ролін шатастырмауымыз керек. Сол себепті оның құқығын қорғауға тиіспіз.
Баян Алагөзованың 2016 жылғы оқиғасы қазақ әйелдеріне «серпіліс» болды деп ойлаймын. Кезінде Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ» деп оята алмаған қазақтарды Баян Алагөзова оятты. Ол мыңдаған, тіпті миллиондаған қазақ қыздарының rolе model-і — үлгі тұтар адамы еді. Баян Алагөзова өз күйеуінің қолынан өліп қала жаздағанын көрген әйелдерде «Ол ұялмай айтты» деген ой пайда болды. Жуырда ғана прокатқа шыққан «Бақыт» фильмін көргендер де оянады деп ойлаймын. Сонымен бірге Batyr Jamal сияқты тәуелсіз медиалардың ролі зор. Өйткені ондағы әр мақала, видео маңызды. Ал мемлекеттік медиадан керісінше, Астанада жүрген, ешқашан зорлық, теңсіздік көрмеген «бақытты әйел» образын көреміз. Қазір тіпті Нұрлан имам сияқты діни қызметкерлер де «Күйеуің ұрса, 102-ге хабарлас» деп айтып жүр. Мұны керемет әлеуметтік толқын деп ойлаймын. Баян Алагөзованың басқа да қазақ әйелдеріне әсері болды, сол үшін зорлық-зомбылыққа төзбеуіміз, оны айтудан еш қысылмауымыз керек.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа төзбейтіндер кімдер — өз құқығын білетін, білімді әйел. Ал бұған көнетін әйелді «Білімсіз ғой, сол себепті жүр» деп айыптау да — виктимблейминг.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғайтын заң жобасы туралы пессимистік көзқарастамын. 2019 жылы ҚР Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама қабылдануы керек еді. Осы заңнаманың жұмыс тобында болдым. Бұл мәжілістің екінші оқылымынан кейін қайтарылды. Өйткені қоғамда бұл заңды ешқашан оқып көрмеген, патриархал қоғамды қолдайтын, «жазасы Алладан болсын» деп айтатын Сәкен Майғазиев сияқты «қоғам өкілдерінің» пікірі себеп болды. Олар тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заң қабылданса, «ата-аналар балаларына қол көтере алмай қалады», «балаларымызды америкалық ЛГБТК+ өкілдері асырап алады» деген жалған популистік көзқарасын айтып, осыдан кейін әлеуметтік желілерде қоғамдық резонанс туды. Ұлттық құндылықтарды қолдайтын парламент бұл заңды жылы жауып қоя салды. Бұл осы салада жүрген заңгерлер мен белсенділер үшін трагедия болды. Президент «Жаңа Қазақстанда» бұл заң қабылданатына сендірді, бірақ бұған сенбеймін. Біз бұл жолда Ресейдің ізімен кетіп бара жатырмыз. Ресейде 2017 жылы отбасындағы мәселеге мемлекет араласпайтынын айтты. Қазақстан да осы жолмен жүріп бара жатыр, оның себебі ажырасу дерегін азайту еді. Қазақстан патриархал қоғам екенін білеміз, мемлекет үшін отбасы құндылықтары маңызды. Ел билігі ажырасу дерегі көбейіп бара жатқанын көрді. Учаскелік полицейлердің өзі «Өзіңіз таңдаған күйеу ғой, үш сағаттан кейін арызыңызды алып кетесіз, сол себепті қабылдамай-ақ қояйын, кейін өкінесіз ғой» деген сияқты тәрбие жұмысын жүргізіп кетті. Сол үшін бұл заңға пессимистік көзқараспен қараймын. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін ең ауыр жазаны талап етуге біздегі статистика жеткілікті деп ойлаймын.
КСРО-ның қалыңмалды жоққа шығару туралы жарлығы 1920 жылы қабылданады, 1924 жылы қазақ әйелдеріне тұңғыш рет сайлау құқығы беріледі. Бір жылдан кейін «Қазақстан әйелдері» деген журналы шығады. Сол кездегі бұл журналдың миссиясы қандай еді? Әйелдер образын журнал арқылы көрсету еді. Менің үйімде көз ашқалы осы журнал жататын. Мұқабасында қандай әйелдер? Зорлық-зомбылық көрген әйел ешқашан мұқабаға шықпайды. Бәрі әдемі, опа-далап жаққан, кәсіби тұрғыдан жетістікке жеткен, тәуелсіз әйелдер. Ал шынайы өмір қандай еді? «Қазақстан әйелдері» журналында цензура болды. Онда зорлық-зомбылық көрген, балаларын жалғыз асырап жатқан, ата-енесінен қорлық көрген әйелдердің, оқуын тастауға мәжбүр болған, алып қашып кеткен қыздардың оқиғасы айтылмайтын. Бұл мемлекеттің саясаты болды. Role model — өте мықты, білімді әйел, ол күйеуіне қарсы шықпайды, ешқашан зорлық-зомбылықтың құрбаны болмаған, өйткені «тілі ұзын емес». Енді сұрақ: 100 жыл бұрынғы «Қазақстан әйелдері» журналының картинасы қалай өзгерді? Меніңше, өзгерген жоқ. Олар тұрмыста зорлық-зомбылық көрген әйелдердің оқиғасын ешқашан көтермейді, жазбайды. Біз қоғам болып осыны айтуымыз керек. Неге мемлекеттік пен тәуелсіз медианың арасы жер мен көктей?! Неге тәуелсіз медиада шыққан материал «Егемен Қазақстанға» шықпайды? Ал «Егемен Қазақстанды» Қазақстан халқының қанша проценті оқиды? Халықтың 46%-і ауылды жерде тұрады. Олар әлі де бұл газет-журналдарды оқиды. Ал олардың жазуынша, «Қазақстан дүниежүзіндегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіріп бара жатыр», «Елде зорлық-зомбылық жоқ, болса да, өзі кінәлі» деген месседж бар. Сол себепті оқырман ретінде талапшыл болуымыз керек.
Айсана Әшім, журналист, кәсіпкер, белсенді, The Village Қазақстан, Masa Media, Batyr Jamal және әйелдерге арналған Sheroes Club бизнес-комьюнитидің негізін қалаушы:
Қазақстанда биылғы алғашқы екі айдың өзінде 18 әйел зорлық-зомбылықтан қайтыс болды. Ал жылына 400-ден астам әйел өледі. Бұл сан негізі бұдан көп болуы мүмкін деп ойлаймыз. Алайда шынайы статистиканы жүргізу билікке, ішкі істер министрлігіне тиімсіз болуы мүмкін. Өйткені олар зорлық жасаған адамға баруы, оны қамауы, шағымданған кісінің арызымен жүруі керек. Олар мұны артық жұмыс деп есептеуі мүмкін.
Қазақстанда әйелдерді тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресетін заң неге жоқ? Билік бізде бәрі керемет, ешқандай проблема жоқ деп сендіргісі келеді. Оларға әйелдердің зорлық көргеніне, тіпті өліп жатқанына бей-жай қарайды, тіпті ұялмайды. Егер бізде шынымен де зорлықшыны, абьюзерді жазалайтын заң болса, ол өз әйелін мұндай хәлге жеткізбес еді. Заңның әлсіздігі — басты себеп. Одан кейінгі себебі — біздің қоғамдағы «ұят» түсінігі. Бұрын бұл жақсы сөз болса, қазір онша емес сөздің бірі.
Қазір Қазақстанда әйелдер зорлық-зомбылық туралы жиі хабарлай бастады. Бұл осы салада еңбек етіп жүргендердің еңбегінің жемісі деп білемін. Біз тұрмыстағы зорлық-зомбылық қалыпты нәрсе емес екенін айтқан сайын қоғам да мұны жиі айтып, хабарлай бастайды. Статистика жаға ұстатарлық болса да, бұл — жақсы тенденция. Менің ойымша, Қазақстанда зорлық-зомбылық фактісі көбейген жоқ, тек оны айтатын, құқық қорғау органдарына шағымданатындар саны артып отыр.
Медиадағы күн тәртібі де қазақстандықтарға әсер етеді. Біз бұл проблеманы жете түсініп отырмыз ба, жоқ па деген сұрақ маңызды. Бірақ біз қазір бәріміз — медиамыз. Бұл тақырып 50 жазылушыңыз болса да, сіз де көтеруіңіз керек. Басқалары қашан жазады екен деп күтпеңіз, өзіңіз бастаңыз. «Мен кішкентай ғана адаммын, мен ештеңе өзгерте алмаймын» деп айтатындар бар. Біз көппіз, билік бізді тыңдайды. Егер әрқайсымыз осылай үндемей отыра берсек, онда проблема өздігінен шешіліп кетпейді.
Мира Сағынғали, кәсіби психолог, когнитивті мінез-құлық терапевті:
Неге тұрмыста зорлық-зомбылық көрген әйел абьюзерге қайта оралады дегенге келсек, бұл — қиын сұрақ. Адамның өзі, оның психикасы — күрделі жаратылыс. «Сені ұрып жатыр, сұмдық қой, неге шыдап жүрсің, кетіп қал» деп айту оңай. Зорлық-зомбылыққа тап болған адамның өзі «Көнбеуім керек, кетуім керек» деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл тек оймен өлшенбейді ғой. Мұнда бала кезден қалыптасқан «Махаббатқа лайық болуым үшін әрекет етуім керек», «Жақсы қарым-қатынасқа лайық емеспін» деген сияқты тереңірек себептері болуы мүмкін.
Менің ойымша, мұның басты себебі — қорқыныш, «Ол бұдан да зорғысын жасаса ше?» деген шарасыздық.
Бізде зорлық-зомбылық кезінде қалай әрекет ету керек екені туралы дайын механизм, нұсқау жоқ. Осыдан кейін адам «Өзім бірдеңені дұрыс жасамадым ба екен», «Шынымен өзім кінәлі шығармын», «Егер басқаша істегенімде, мұндай агрессияға тап болмаушы ма едім?» деп ойлай бастайды. Әрине, бұл мүлдем олай емес. Мұндай жағдайда тек агрессор кінәлі, мұны барынша жиі айтуымыз керек. Өйткені ересек адам өз әрекетіне жауап бере алуға тиіс.
Зорлық-зомбылық адамға жара салады. Оған жүйелі көмек керек. Бұл бір рет, бір сағат психологқа барумен шешілмейді. Зорлық көрген адамға ұзақ уақыт психотерапия керек.