1 қаңтар

Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметі бастығы Серік Шалабаевтың мәліметінше, 1 қаңтарда Жаңаөзенде сағат 17.20-да қала әкімдігі алдына халық жиыла бастады. Олар сұйылтылған газды арзандатуды талап етіп президентке видеоөтініш жазды. Жиылған топ сол күні сағат 18.00-де тарап кетті.

2 қаңтар

Қалада жүздеген адам сұйылтылған газ бағасының 60 теңгеден бірден 120 теңгеге қымбаттағанына наразылық білдірді. Жиылғандар әкімдік маңы мен ішкі автожолдарды жауып тастады. Кейін наразылық Маңғыстау облысының өзге өңірлеріне тарады. Халық биліктен газ бағасын 50 теңгеге түсірсін деп талап етті. 

Жаңаөзен. Митинг
Фото: Uralsknews.kz

3 қаңтар

Жаңаөзендегі наразы жұртқа Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев шыққан, бірақ  жиылған топ оны қуып жіберді. Қалада наразылар саны үш мыңнан асты. Бұл күні өзге жеті өңір (Атырау, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана мен Алматы) тұрғындары жаңаөзендіктерді қолдап, бейбіт митиңге шыға бастады. Ал полиция оларды жаппай ұстап жатты.

4 қаңтар

Жаңаөзендегі наразылық шарасын қолдауға елдің көп аймағы қосылып, олардың саны 37 мыңға жетті. Полиция алаңдарды қоршап, белсенділерді ұстауды күшейтті. Билік Маңғыстау облысында сұйылтылған газ бағасы 50 теңге болады деп уәде берді. Дегенмен енді жұрт елдегі қымбатшылық проблемасын көтеріп, билік отставкаға кетсін деді. Алматыда, Ақтөбеде, Шымкентте наразылық күшейе бастады.

Алматыда кешке халық «Алатау» театры маңына жиылды. 

Алатау театры. митинг. Қаңтар оқиғасы
«Алатау» театры маңы. Фото: Bureau.kz

5 қаңтар

5 қаңтарға қараған түні Алматыда наразылар Республика алаңына жетті. Сол жерде полиция оларға көзден жас ағызатын газ, шулы граната шашып, резеңке оқ атты. Алаң маңында полиция көліктері өртенді. 

Осы күні таңертең президент үкіметті отставкаға жіберді. Түстен кейін Алматыда атыс басталып, белгісіз адамдар қала әкімдігі ғимаратына басып кіріп, өртеді. Ақтөбеде де жұрт әкімдікке басып кірмек болды. Елдің барлық өңірінде төтенше жағдай жарияланды. 

Алматы әкімдігі, жаппай тәртіпсіздік
Алматы әкімдігі ғимараты. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Белгісіз адамдар Республика маңындағы телеарналар орналасқан ғимаратқа да басып кіріп, техникаларды бүлдірді.

Талдықорғанда жиылғандар Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы президент басқарып келген Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын өз қолына алды. 

ескерткіш
Талдықорған қаласы. Фото: КазТАГ

Кешке белгісіз адамдар тобы Алматы әуежайын басып алды.

6 қаңтар

Мемлекет басшысы елге «террорлық шабуыл жасалды» деп мәлімдеді. Сөйтіп ҰҚШҰ ұйымынан әскери көмек сұрады. ІІМ 18 полицей мен ұлттық гвардия сарбазы қаза болғанын хабарлады. Алматы полиция департаменті ғимаратына шабуылдаған ондаған адамның көзі жойылды. 

Осы күні Алматыда сауда орындарын, банктерді тонау басталды, қалада атыс дыбыстары естілді. Белгісіз адамдар Талдықорғандағы әкімдік ғимаратын өртеді. Кейінірек Қызылордада, Шымкентте адам шығыны бар екені хабарланды. 

Талдықорған әкімдігі
Талдықорған қаласының әкімдігі. Фото: Voxpopuli.kz

Бұл күні елде интернет толық өшірілді. Тек бірнеше мемлекеттік телеарна істеп тұрды. Тәртіпсіздік кезінде мыңдаған адам зардап шеккені айтылды. Көп күттірмей елге ҰҚШҰ әскерлері келді. Бас прокуратура “Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен елде антитеррористік операция өткізілетінін, осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен Қарулы күштер террористерді жою үшін қару қолдана бастағанын” айтты. 

7 қаңтар

Мемлекет басшысы елге «20 мың содыр шабуылдағанын» айтып, күштік құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Билік «контртеррористік операция» жалғасатынын жариялады. 

Дегенмен шабуылды ұйымдастырған «20 мың содырдың» кім екені айтылған жоқ. 

8 қаңтар

ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімов «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен тергеу изоляторына қамалды

Жаңаөзен мен Ақтауда наразылар тарай бастады. Ал Алматыда 4 және 11 жасар екі бала оққа ұшқаны белгілі болды. 

ІІМ елде ұсталғандар саны 4404 адамға жеткенін, «арнайы операция» кезінде 26 адам өлтіріліп, тағы 26 адам жараланғанын хабарлады. 

Ел арасында Нұрсұлтан Назарбаев шетел асып кеткені жайлы сөз тарады. Дегенмен оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-парақшасына «Оның Нұр-Сұлтанда екенін, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен тікелей байланысып» отырғанын жазды.

9 қаңтар

Мемлекет басшысы жедел әрекет ету штабының жиынында «елдің барлық өңірінде ахуал тұрақтанып, жағдай бақылауға алынғанын, органдар әкімшілік ғимараттарын лаңкестерден тазартқанын» айтты. Ақорда күштік құрылымдары «лаңкестер» орналасқан жерді анықтап, оларды «ұстап» жатқанын мәлімдеді. 

Отандық телеарналар «митиңге қатысқаны үшін ақша алды» деп Қырғызстан азаматын көрсетті. Видеода ер адам жұмыссыз екенін, 1 қаңтарда белгісіз адамдар митиңге қатыс деп 90 мың теңге ұсынғанын айтты. Қазақстанға билет сатып алып бергенін, пәтерге жайғастырғанын баяндады. Оның беті көгеріп, бір көзі ісіп кеткен еді. Көп өтпей қырғызстандықтар видеодағы адамның белгілі музыкант Викрам Рузахунов екенін айтты. Желіде қырғыз халқы оған бұл сөзді азаптап, мәжбүрлеп айтқызды деп жазды. Қырғызстан Қазақстанға қарсылық нотасын жолдады. Викрам Рузахунов 10 қаңтарда босатылып, Бішкекке қайтты.

Викрам Ризахунов
Викрам Ризахунов. Фото: АКИPress

10 қаңтар

Елде жалпыұлттық Аза тұту күні жарияланды. Осы күні Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған полицейлер мен әскерилерді орденмен наградтау туралы қаулы шығарды. 

Алматы комендатурасының ақпарат орталығы қаланың бірқатар аймағы қылмыскерлерден тазарғанын хабарлады. Лаңкестік, тонау және басқа да қылмыстарға қатысты деген 508 адам ұсталып, 22 атыс қаруы мен 1412 оқ-дәрі тәркіленді. Блок-бекеттерде 56 адам, 9 көлік ұсталған.

Президент жағдайға “террористік шабуыл” деп, оның расымен болғанын растайтын дәлелдерді әлемге жариялайтынын мәлімдеді. 

Алматы, тәртіпсіздік
Алматы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ол ҰҚШҰ жиынында тәртіпсіздік мақсаты «билікті басып алу, басқару институттарын мен конституциялық құрылымды бұзу» және «мемлекеттік төңкеріске талпыныс» деді. 

Мемлекет басшысы Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишельмен сөйлесіп, «Қазақстанға қарсы шабуыл жасағандардың көбі Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Ауғанстан мен Таяу Шығыстан келген» деп мәлімдеді.

Осы күні ҰҚК полковнигі Азамат Ибраев пен Жамбыл облысы полиция департаменті басшысы генерал Жанат Сүлейменов қайтыс болды. Екеуі де өзіне қол салғаны айтылды. Дегенмен ПД баспасөз қызметі бұл ақпаратты растаған жоқ.

ІІМ елде ұсталғандар саны 8 мыңға жуықтағанын айтты. Елде интернет әлі нашар болды, кейбір аймақ желіге қосылмады да. 

11 қаңтар

Президент үкіметтің жаңа құрамын жариялап, Әлихан Смайылов премьер-министр болды. Тағайындалған министрлердің көбі бұрынғы қызметінде қалды. Мәжіліс отырысында «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорын құру бағдарламасы жарияланды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев мәжілісте былай деді: «Бірінші президент – Елбасы тұсында өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдар тобы пайда болды. Халыққа беретін, жүйелі түрде көмектесетін уақыт келді. Үкімет компанияларды анықтап, олармен «Қазақстан халқына» қорына аударатын салымды анықтауға тиіс».

Бас прокуратура елде 9900 адам ұсталғанын, 412 іс бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді. Билік елде жағдай тұрақтанғанын хабарлады.

12 қаңтар

Алматы «террористерден толық тазарды». 

Билік қақтығыс кезінде нақты қанша адам қаза болғанын әлі жарияламаған еді. Алматыдағы мәйітхана алдына барып, іздеу салғандар көбейді. Әлеуметтік желілерде қақтығыстардан соң ізім-ғайым болған жақындарын “іздеген” хабарламалар артты.

13 қаңтар

ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің үстінен «Билікті басып алу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Митиңдерден кейін Алматы әуежайынан алғашқы рейс 13 қаңтар күні Алматы-Астана бағыты бойынша орындалды. Осы күні елден ҰҚШҰ әскери қызметкерлері шығарылды.

Фото: REUTERS

Бас прокуратура ұсталғандар бойынша ақпаратты жаңартып, қылмыс жасады деген күдікпен 524 адам уақытша ұстау изоляторларына қамалғанын хабарлады. Соттың санкциясымен 412 адам қамауға алынған.

14 қаңтар

ҰҚШҰ-ның Беларусь бітімгерлері Қазақстаннан ұшып кетті.

15 қаңтар

Бас прокуратура қаңтардағы оқиғадан (5-14 қаңтар аралығы) кемі 225 адам қаза болғанын, 4578 адам зардап шеккенін хабарлады. Арасында бейбіт тұрғындар да бар. Жараланғандар арасында құқық қорғау органдарының 3393 қызметкері болған. Қаза болғандардың 19-ы – полицейлер және әскери қызметкерлер. 

«ҚазТрансОйл» компаниясының басқарма төрағасы Димаш Досанов қызметтен кетті. Димаш Досанов – экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі.

Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев Маңғыстау облысында газдың негізсіз қымбаттағаны үшін 2 айға қамауға алынды.

16 қаңтар

Алматы, тәртіпсіздік
Алматы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов қаладағы толқулардан 149 адам қаза тапқанын айтты.

17 қаңтар

Тимур Құлыбаев «Атамекен» ҰКП-дағы өкілеттігін доғаратынын мәлімдеді. Ол – экс-президенттің ортаншы қызы Динара Назарбаеваның күйеуі.  Тимур және Динара Құлыбаевтар Forbes тізімі бойынша Қазақстандағы ең бай адамдар қатарында көш бастап тұр.

Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылды. Ол – экс-президенттің інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. 

Павлодар облысының ПД басшысы Нұрлан Мәсімов қызметінен босатылды. Ол – генерал-майор. «Мемлекетке опасыздық жасады» деп айып тағылған ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің туысы.

18 қаңтар

Нұрсұлтан Назарбаев қаңтар қақтығысы басталғалы алғаш рет видеоүндеу жасап, өзінің астанада екенін айтты. 

Ол ел билігі толық Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында екеніне тоқталып, «сол себепті элита арасында ешқандай қақтығыс немесе текетірес жоқ” деді.

19 қаңтар

Қазақстанның барлық өңірінде төтенше жағдай режимі аяқталды.

Алматы әуежайы штат режимінде жұмыс істей бастады. ҰҚШҰ бітімгерлерінің соңғы легі елден шығарылды.  

Қорытынды

2022 жылғы 1 маусымда Азаттық радиосының журналистері «Қаралы қаңтар» кезінде қайтыс болған адамдардың тізімін жариялап, арнайы жобаны таныстырды. Жоба авторларының мәліметінше, қақтығыста қайтыс болған кемі 188 адамның аты-жөні белгілі. Ал бас прокуратура қайтыс болғандардың тізімін 16 тамызда жариялады. Онда 238 марқұмның фамилиясы мен есімінің инициалы ғана жазылған.
Жалпы, Қаңтар оқиғасы кезінде материалдық зардап шеккен 1640 шағын және орта бизнес субъектісіне 16,2 миллиард теңге өтемақы төленді. Алматы әкімі Ерболат Досаев кәсіпкерлердің 95 %-іне өтемақы 2022 жылғы маусымға дейін төленгенін айтты. Жеке тұлғаларға да мүлкі үшін 613,5 миллион теңге өтемақы берілген.

2022 жылғы 23 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында Қаңтар оқиғасына арналған мемориал ашылды.  

қаңтар құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалы
Қаңтар құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалы. Фото: T.me/qazaqstantv