Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Қазақстан Газа секторына көмектесуге дайын

Фото: akorda.kz

Не болды?

Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің аға кеңесшісі Арие Лайтстоунды қабылдап, ұйыммен байланысты дамыту мәселесін талқылады. Кездесуде Газа секторының қазіргі жағдайы да сөз болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Кездесу барысында мемлекет басшысы Қазақстанның Бейбітшілік кеңесін құруға қатысқан елдің бірі екенін атап өтіп, бұл құрылымның халықаралық қауіпсіздік сақтаудағы рөліне жоғары баға берді. Сонымен қатар, ұйым мен ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Қос тарап Газа секторындағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бастаманы да талқылады. Атап айтқанда, әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жобаларды іске асыру, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі сөз болды.

Арие Лайтстоун Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қазақстан халқына жылы лебізін білдіріп, АҚШ президенті Доналд Трамптың ыстық сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді.

Кездесуде көлік-логистика саласындағы әріптестік, соның ішінде TRIPP бастамасы мен Орта дәлізді дамыту бастамасы қарастырылды. Қазақстанның өңіраралық байланысты күшейтуге және халықаралық көлік бағытын көбейтуге мүдделі екені айтылды.

Сонымен қатар Бейбітшілік кеңесінің өкілі Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы белсенді қызметін, Ибраһим келісіміне қосылу жөніндегі шешімін жоғары бағалады.

Контекст

Естеріңізге салайық, 3 маусымда Тоқаев Тәуелсіздік сарайында Кипр президентін қарсы алды.