Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Оралда Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Фото: БҚО әкімдігі
Оралдағы тұңғыш президент атындағы алаңда Мемлекеттік рәміздер күніне орай ту көтеру рәсімі өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

БҚО әкімдігінің мәліметінше, салтанатты іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, өңір тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтады.

Өңір басшысы өз сөзінде мемлекеттік рәміздердің ел тәуелсіздігі мен ұлттық бірегейліктің басты нышандары екенін атап өтті.

Нариман Төреғалиев
Фото: БҚО әкімдігі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің жарқын көрінісі, халқымыздың мақтанышы әрі абыройы. Тұғырлы Туымыз, еңселі Елтаңбамыз, айбарлы Әнұранымыз – мемлекетіміздің мызғымас үштағаны. Тәуелсіздігіміздің символы саналатын нышандарды ардақтау – әрбір қазақстандықтың қастерлі міндеті, – деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, ұлттық құндылықтарды сақтау және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру – қоғамның ортақ міндеті.

Мерекелік іс-шараға екі мыңға жуық адам қатысты. Жиналғандар Мемлекеттік тудың көтерілу рәсіміне куә болып, патриоттық әндерді бірге орындады.

Іс-шара барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.

Айта кетейік, Мемлекеттік рәміздер күніне арналған Ту көтеру рәсімдері Батыс Қазақстан облысының барлық ауданында ұйымдастырылды.