Банкроттыққа өтініш берген кезде отбасы мүшелерінің мүлкі ескеріледі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер «банкрот деп танылатын адамның тек өзінің төлем қабілеті қарала ма, жоқ әлде жақын туысының, мысалы әйелінің табысы ескеріле ме?» деп сұрады.

Банкроттық процедурасы кезінде біз азаматтың мүлкі, отбасының мүлкі немесе қарызы, басқа да активтері бойынша мағлұмат жинаймыз. Егер де банкроттық кезінде жалған ақпарат ұсынғаны немесе өз мүлкін отбасы мүшесіне аударғаны анықталса, азамат бұл процедурадан өтпейді. Сондықтан біз банкроттыққа әдейі өтініш беру процедурасын тоқтату үшін барлық ақпаратты жинаймыз, — деп жауап берді Ержан Біржанов.

Осы орайда журналистер «мысалы, әйелінің автокөлігі бар делік, егер күйеуі банкроттыққа тапсырса, ортақ мүлікке не болады?» деп нақтылады.

Өте дұрыс айтасыз. Егер некелескеннен кейін ерлі-зайыптының ортақ мүлкі болса, бұл мүлік банкроттық процедурасы кезінде өтініш берушінің қосымша активі ретінде саналады, тексеріледі. Мысалы автокөліктен басқа жекеменшік пәтері немесе үлесі болса, ол қарызын төлеуге мүмкіндігі бар азамат ретінде қарастырылады. Банкроттыққа өткізілмейді, — деді вице-министр.

Қарызын төлей алмай жүрген қазақстандықтар 3 түрлі рәсім бойынша кредитінен құтыла алады.

Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.

Мына шарттар сақталуы қажет:

  • борыш 5,5 миллион теңгеден (1 600 АЕК) аспайды;
  • кредит 12 ай бойы өтелмеген болуы керек;
  • меншігінде тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда;
  • банкпен реттеу жүргізілгеннен кейін жасалады.

Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 6 ай ішінде және берешегі 5 жылдан артық өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар көзделген.

Екінші рәсім – сот банкроттығы. Сот банкроттығының мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Бұл рәсімді қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына жұмыс істеп тұрған әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері мен аудиторлар кіреді.

Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеу (5 жылға дейін) мүмкіндігі көзделеді. Оның артықшылығы – азамат «банкрот» деп саналмайды. Демек банкрот үшін көзделген салдарлар оған қолданылмайды.

Еске салайық, банкроттыққа өтініш қабылдау 3 наурызда басталады. Банкрот деп танылған Қазақстан азаматтарына шекарадан шығуға ешқандай шектеу қойылмайды. Қазақстанда банкрот болған азаматқа 5 жылға дейін несие берілмейді.