АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметі (ICE) терроризмге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен Қазақстан азаматының ұсталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Агенттіктің таратқан ақпараты бойынша, ер адам 5 маусым күні федералды серіктестердің қолдауымен қамауға алынған.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, ұсталған азамат белгілі немесе күдікті террористердің бақылау тізімінде болған. Сонымен қатар оған қатысты АҚШ иммиграциялық соты 2025 жылғы жазда елден депортациялау туралы шешім шығарған. Алайда ол сот отырысына келмей, Америка аумағында қалып қойған.
Осы мәселеге байланысты журналистердің сауалына Қазақстан сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев жауап берді.
Шетелдегі ондаған және жүздеген Қазақстан азаматының басынан түрлі жағдайлар өтіп жатыр. Олардың барлығын дәл қазір есіме түсіре алмаймын. Бұл мәселеге қатысты сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі кейінірек жауап береді, – деді вице-министр.
Қазір Қазақстан азаматы АҚШ-та қамауда отыр. Ол депортациялау рәсіміне қажет құжаттар толық рәсімделгенге дейін арнайы мекемеде ұсталады.
