Жоба авторларының айтуына қарағанда, Yeski taspa жобасының басты мақсаты — ескі әндерге жаңа дем беріп, оларды жастар арасында дәріптеу.
«Шыны керек, бала кезімізде мағынасына қатты үңілмейтін едік. Ал өскенде әннің мағынасын толықтай түсініп, көріп жатырмыз. Осы орайда ескі әндердің мән-мағынасын тыңдарманға жеткізуді ойладық. Сонымен қатар біз жас артистерге аудитория жинауға, өнерін басқа қырынан көрсетуге мүмкіндік сыйлағымыз келді. Ескі әндер аға буынды, ал оның жаңа форматтағы өңделуі мен жаңаша орындалуы жас буынды қызықтырады», — дейді жоба продюсерінің бірі Азамат Демеген.
Азамат Демегеннің сөзінше, қазірдің өзінде артистердің көпшілігі келесі маусымға қатысуға өтініш білдіріп жатыр, бұл жобаның тыңдарман көңілінен шыққанын білдіреді.
Әнші Әли Оқапов әріптесі Мәдина Сәдуақасованың орындауындағы «Айтатын саған сырым бұл» әнін таңдаған. Оның сөзінше, бұл шығарма балалық шағын еске түсіреді.
«Өзім ретро әрі бүгінгі заман стилімен жазылған әндердің бірін таңдадым. Бұл мектеп бітіргеннен кейін өзімді таба алмай, көп сұраққа жауап іздеп, іштей күйзелісте жүрген кезде шыққан ән еді. Сол кезде тыңдап жүріп, ерекше әсер алған едім. Нақты бір оқиға болмаса да, сол ән шыққан кездер есімде әлі сақталған. Ән жағынан да, бейнебаян жағынан да және орындау жағынан да өте жақсы туынды. Жалпы, Мәдина Сәдуақасованың орындауындағы әндердің бәрінде ерекше бояу бар», — дейді әнші.
Ал Yenlik-тің таңдауы Айжан Нұрмағамбетованың орындауындағы «Мен деп ойла» әніне түсіпті.
«Бұл ән маған жақын, мектепте оқып жүргенде бір байқауда айтқанмын. Сол себепті таңдадым деуге болады. Даусыма да осы ән келетін сияқты, осы әнді жақсы жеткізе алдым деп ойлаймын», — дейді әнші.
Yeski Taspa-ның алғашқы маусымында 10 видео жарияланған. Ескі әндерді жаңаша орындағандардың қатарында Atilla, Әли Оқапов, Yenlik, Qanay, Ayree, Ace, Нұржан Керменбаев, ARShAT, RAY, Dudeontheguitar бар.
Айта кетейік, Yeski Taspa жобасын Jusan Bank қолдауымен Artjaq продюсерлік орталығы жасап отыр. Банк «Әрбіріңізге сенеміз, саған сенеміз» ұстанымына сәйкес, Қазақстанның креатив экономикасын, шығармашыл азаматтарын қолдап келеді.
Жоба ұйымдастырушылары алдағы уақытта жоба жалғасатынын және қатысуға ниет білдіргендерді қолдайтынын айтты.