Димаш Құдайбергеннің жазбасы
Димаш Құдайберген 2022 жылғы 1 наурызда Instagram-дағы парақшасына бейбітшілік символы — көгершіннің фотосын жүктеп, соғысты айыптайтын жазба жариялады. Артист мұны Ресейдің Украинаға басып кіргеніне төрт күн өткеннен кейін жазды. Ол ойын орысша жеткізген.
«Әр әйел мен әр еркек балалы болып, ұл мен қыз өсіргісі келеді. Әркімнің асқақ арманы мен өмірдегі мақсаты бар. Әр адамның өмір сүруге және бақытты болуға құқығы бар. Әлемді мейірім, өзара түсіністік пен махаббат құтқарады. Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ! Қан төгуді доғарыңыздар! Соғысқа жол жоқ!», — деп жазды Димаш Құдайберген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жазбаға бүгінге дейін 55 мыңға жуық адам лайк басқан, алайда әнші өзгелердің пікір жазу мүмкіндігін шектепті.
Бәрібаев көшесі, 36-үйдегі концерт
2022 жылғы 26 наурызда Бәрібаев көшесіндегі 36-үйде Украинаны қолдау концерті өтті. Шараның басы-қасында Molnazar (Ғалымжан Молданазар) мен Oyu Live жобасы жүрді.
Концертте Moldanazar-мен қоса, Orynkhan, Dudeontheguitar, Menindenimsaw, Ali, Qonyratbay Fam, Asiya мен Existan ән айтты. Ұйымдастырушылар ән кешінен түскен қаражатты Украинаға аударған.
МЕМО: jeltoksan мен Qonyratbai Fam-ның видеоклипі
2022 жылғы 1 мамырда jeltoksan мен Qonyratbai Fam-ның «МЕМО» деп аталатын видеоклипі шықты. Режиссері – Айтөре Жолдасқали. Бұл еркіндік пен бейбіт заман туралы, мұнда Қаңтар оқиғасы мен соғыс жайлы кадрлар бар.
Клип түсіріліміне өзге де әншілер қатысқан, Moldanazar, Yenlik, Dudeontheguitar, Orynkhan, Me and My Invisible Orchestra, Ali, sobakasoma мен nasiafromasia, Monro мен Райхана Мухлистың хорын тыңдауға болады.
«Мemo естелік, ұмытылмайтын нәрсе дегенді білдіреді. Клиптің басты ойы – әділдіктен тек кеңпейілдік биік. Біз видеоклипте мемлекеттердің жалауын көрсетпейміз, ұлтына назар аудармаймыз, жай ған кез келген соғыста және зорлық-зомбылық кезінде дұрыс тарап жоқ екенін айтамыз», — деді режиссер Айтөре Жолдасқали.
Бір минут үнсіздік және 20 мың доллар
Скриптонит лақап атымен танылған қазақстандық рэпер Әділ Жәлелов 2022 жылғы 30 шілдеде Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде концерт өткізді. Ол Украинадағы соғыс басталғанға дейін Ресейде карьерасын жасап жүрген. Скриптонит концертін Қаңтар құрбандары мен Украинада қаза болғандарды еске алудан бастаған.
«Концертті Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болғандар мен Украинада қаза тауып жатқан жандарды еске алып, бір минут үнсіздікпен бастағым келеді. Рақмет!» — деді рэпер сол кезде.
Концертке келгендер оның бұл сәтті әлеуметтік желілерде бөлісе бастады. Кеш біткен соң Скриптонит украиналық «Маша қорына» қайырымдылық ретінде 20 мың доллар аударған. Бұл туралы «Маша қорының» баспасөз қызметі хабарлап, Instagram-дағы парақшасында ақша түскенін растайтын түбіртекті жариялады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Бұл қаражат алғашқы медициналық-санитарлық көмек беретін №9 мекемеге, Киев облыстық перинатал орталығына және Карабелеш атындағы балалар мен ересектерге арналған Херсон клиникалық ауруханасына дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалды. Музыкантқа халық алдындағы мәлімдемелерімен қоса, қаржылай көмегі үшін де рақмет!», — делінген жазбада.
«Маша қорын» 2020 жылы украиналық тележүргізуші Мария Ефросинина құрған. Бұл қор зорлық-зомбылықтың кез келген түрін айыптайды және қайырымдылықты қолдайды.
Moldanazar
2022 жылғы 14 қазанда Moldanazar-дың (Ғалымжан Молданазар) «Көгершін» дейтін видеоклипі шықты. Клипте көпшілігі бала кезде ойнаған «атыспақ» ойыны көрсетіледі. Авторлар костюм мен реквизит ретінде картон қағаздан жасалған қару-жарақ пайдаланған.
«Біз бұл клипте балалар ойыны арқылы жаһандық трагедияны көрсетіп, бәрін татулық пен келісімге шақырғымыз келеді. Әнді жазып жатқанда бейбіт өмірдің символы – көгершіннен шабыт алдым. Бұл әнді әкенің ұлына өсиеті деп түсінуімізге болады. Ердің бойындағы күш-қуатқа қарамастан, біз ешкімнің өзгеден зәбір көрмеуі керегін, адам өмірінен құнды ештеңе жоқ екенін есте сақтауымыз керек», — деді Moldanazar.
Видеоклиптің продюсері Мария Мунның сөзінше, клип идеясының авторы – Мәлік (Мәлік Зенгер), дегенмен команданың әр мүшесі қолдан келгенше үлес қосты.
«Дүниежүзіндегі қазіргі ахуалды ескерсек, осы видеоклипте өте өзекті тақырыпты қозғадық. Бұл композиция арқылы адам өмірінің бәрінен маңызды екенін айтқымыз келді. Біз бәрінің ізгілік жағына шыққанын қалаймыз», — деді ол.
«Алматы Аренадағы» концерт
2022 жылғы 31 шілдеде Алматыдағы «Алматы Арена» спорт кешенінде Украинаны қолдау концерті өтті. Қайырымдылық шараға украиналық артистер келді. Сонымен бірге Данэлия Төлешова, Айқын Төлепберген, Argonya сияқты қазақстандық әншілер де қатысты, олардың кейбірі украин тілінде ән айтып, соғысқа қарсы екенін айтты.
Концерт залына Украинаның туын және басқа символдарды алып кіруге тыйым салынған. Ұйымдастырушылар концертте өнер көрсеткен украиналық артистерден сұхбат алуға да рұқсат бермеген.