Профориентация немесе кәсіптік бағдар беру деген не?

Кәсіптік бағдар беру (профориентация) – қоғам тенденциясы мен қажетін ескеріп, оқушылар мен жастарға мамандық таңдауға көмектесу. Қазақстандағы мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар берудің халықаралық қауымдастығы қамқоршылық кеңесінің төрағасы Саясат Нұрбектің айтуына қарағанда, дүниежүзінде оқушылар мен өз саласын іздеп жүрген адамдарға кәсіби бағдар беру бағыты бұрыннан қалыптасқан.

Саясат Нұрбек
Саясат Нұрбек. Фото: Weproject.media

“Ежелгі Мысырда діни қызметкерлер мен хатшылар қолөнершілер мен ұсталарды таңдағанда жазбалар мен есептеулер іріктеуіне баса назар аударған. Пифагор да дәл осындай іріктеуден өтіп, кейін бұл жүйені өз мектебіне енгізді. Кәсіби бағдар беру өткен ғасырдың 20-жылдарында дами бастады. 20-ғасырдың басы өнеркәсіп өндірісінің қарқынды өсуімен және соғыстан кейінгі жұмыссыздық кезеңімен ерекшеленді. 1940-50 жылдары жаһандық «тестология бумы» дәуірінде адам қабілетін тестілеу арқылы анықтау танымал болды. 1970 жылдардан бастап «тәуелсіз таңдау жасау қабілетін тәрбиелеу» және «сынақ тәуелділігімен күресуге» мән берілді. Цифрлық платформалар 2000 жылдардан бастап пайда болды”, — дейді ол.

Саясат Нұрбек мемлекеттердің көбінде профориентация бастауыш мектепте басталатынын айтады. Мысалы, АҚШ-та, Жапонияда, Финляндияда, Канадада профориентацияны оқу процесіне біріктірсе, Германияда кәсіптік бағдар берудің жол картасы мектеп оқушыларына мамандық таңдаудың барлық кезеңінде қолдау көрсетеді екен. Ал Қазақстанда тапшы мамандар туралы ақпарат аз.

Бұл елдерде профориентация мен жұмыспен қамту — білім жүйесінің негізгі бөлігінің бірі. Ал біздің елімізде оқушылар арасында профориентация жұмысы тек колледждер мен университеттер мектеп-мектепті аралап, өз оқу орнын жарнамалағанда ғана жүреді. Оқушыларға кәсіптік бағдар беру жүйесі дұрыс қалыптаспауы елдегі нарық жүйесін бұзады, кей мамандық тапшы болады және белгілі бір сала мамандарының профициті байқалады. Сонымен бірге білігі төмен жұмыс күші көбейеді. Осыған байланысты мемлекетте қажет кадрларды болжауға, мектеп түлектері мен олардың отбасына болашақ мамандығын неғұрлым саналы таңдауға мүмкіндік беретін жаппай, қарапайым қолданбалы құралдар қажет, — дейді ол.

Қазақстанға қандай мамандар қажет?

Қазір Қазақстанда да кәсіптік бағдар беру қолға алыныпты. Жаңа мамандықтар атласы жасалған. Атлас — алдағы 10-15 жылда преспективасы жоғары салалар мен кәсіптердің болжам картасы. Маманның сөзінше, атлас оқушыларға, ата-аналарға, педагогтарға көмекші құрал бола алады.

Атлас бізге қай саланың белсенді дамып жатқанын, қандай жаңа технологиялар, өнімдер, басқару тәжірибесі туатынын және жұмыс берушілер қандай жаңа мамандарды қажет ететінін түсінуге көмектеседі. Біздің компания Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және басқа да мүдделі министрліктерімен бірге 9 басым сектор бойынша жаңа кәсіп атласын әзірледі: тау-металлургиясы, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, көлік құрылысы, ақпараттық коммуникация технологиясы, энергетика, туризм, құрылыс, яғни осы салалар қазір өзекті, — дейді Саясат Нұрбек.

Спикеріміз пандемия кезінде кәсіптік бағдар беруге көмектесетін жобалардың маңызы зор екенін айтады. Себебі карантин уақытында еңбек нарығы күрт өзгерген.

Пандемия қашықтан жұмыс, аутсорсинг, аутстаффинг басым болатынын көрсетті. Цифрлы технологияда 3D модельдеу және ұшқышсыз ұшу аппаратының операторы сияқты түрлі мамандық түрі пайда болады. Ал бұрыннан бар мамандықтарға жаңа талап қойылып жатыр. Мысалы, төртінші тоқсанда педагогтың бәріне цифрлық сауаттылығын арттыру қажет болды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда профориентацияны қалыптастыру керек, —  дейді ол.

Химик, педагог, мұғалім Ұлан Үсенов
Ұлан Үсенов. Фото жеке архивінен

Қазақстанда «Атлас» картасымен қоса, Edunavigator.kz кәсіптік бағдар беру платформасы жұмыс істейді. Негізгі мақсаты — баланың қызығушылығын анықтап, мамандық таңдауына көмек беру. TikTok-та  @Wanna_be_teacher лақап атымен танымал химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсенов те профориентацияның маңызын айтты. Оның сөзінше, мектеп оқушысының көбі қай бағытта жұмыс істегісі келетінін білмейді. Сол себепті мамандық таңдау кезінде қиындыққа тап болады.

Бұл мәселенің шешімі — дұрыс кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізу. Сондықтан әр мектепте кем дегенде бір профориентатор жұмыс істеуге тиіс. Ол баламен тікелей байланыс орнатып, түрлі тестінің көмегімен әлсіз және мықты тұстарын анықтауына сеп бола алады, — дейді Ұлан.

Yenlik лақап атымен танымал Еңлік Құрарбек те кәсіптік бағдар беруге назар аудару керек дейді. Тіпті, бұл мәселе әншінің жақында шығатын жаңа видеоклипінің тақырыбына арқау болған.

Әнші Еңлік
Әнші Еңлік Құрарбек. Фото жеке архивінен

«Қазір балалар интернетте, түрлі әлеуметтік желіде отырады. Оқушының назары сан-саққа кетеді, «Болашақта немен айналысамын?», «Қайда оқуға түсемін?» деген сұрақтардың жауабын табуға қиналады. Осындай мәселені болдырмау үшін профориентацияны қолға алған жөн. Мәселен, оқушылар 7, 9-классты бітірген соң профориентация бойынша тест тапсырып, өз қабілетін тани алса деймін. Тіпті, жоғары кластарға кәсіптік бағдар беру пәні қосылса жақсы болар еді», — дейді әнші.

Әншінің видеоклипі Jaiq коммерциялық емес ұйымының бастамасымен түсірілген. Ұйым мәдени, әлеуметтік, ғылыми салада түрлі жобаны іске асырумен айналысады. Олардың айтуынша, мюзиклдің мақсаты — Edunavigator.kz және әнші Yenlik-пен бірігіп мамандық таңдау мәселесіне назар аударту.

Видеоклип проблеманы толық шешпесе де, оқушылардың ойына бір ықпалын тигізер деген үміттемін. Бұған сіздер де ат салысып, болашақта кім болып, еліміздің дамуына қалай үлес қосатыныңызды жаза кетіңіз. Байқау Jaiq-тың Telegram чатында өтеді. Қатысушылар мен жеңімпаздарға Shukir мерчін дайындап қойдық, — дейді Еңлік.