Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында индустриалды сауда-логистикалық кешені салынады

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданындағы «Қарасу» бақылау-өткізу бекетінде болып, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында бой көтеретін индустриалды сауда-логистикалық кешенінің жоспар-жобасымен танысты.

Еліміз бойынша мұндай 5 нысан болады. Соның бірі осы Қордайдағы кешен десек, мұндағы құрылыс жұмыстары 2025 жылға дейін толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр. Ол өз кезегінде транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Қазір сауда-логистикалық орталықтың басым бағыттары белгіленіп жатыр. Бұл – өндірісте бәселестік артықшылықтары бар тауарларды шығару, ауылшаруашылығы өнімдерін сақтау мен өңдеуге арналған орындарды құру, жеңіл өнеркәсіп саласында кооперациялық өндірісті дамыту, халықаралық тауар өндіру жүйе саласында логистикалық нысандар салу, — деді Серік Жұманғарин.

Аумақта қойма, өндіріс ғимараттары мен жүк тиеу алаңдары орналасады. Ең жақын өндірушілер – Қырғызстандағы Шу облысы мен Қазақстандағы Жамбыл облысының кәсіпорындары және фермерлік шаруашылықтар. Ал басты тұтынушылары – Алматы, Бішкек пен Тараз қалалары.

Айта кетейік, индустриалды сауда-логистикалық кешен «Қарасу» және «Ақ Тілек» өткізу пункттерінде салынады. Жамбыл облысының әкімдігі құрылысқа аумағы 39 гектар жер телімін бөлді, көлемі 100 гектар жер телімін қосымша бөлу туралы мәселе қарастырылып жатыр. Сонымен қатар жаңа кешеннің қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісім жобасы жасалған.

Кешен аумағында агроөнеркәсіптік өнімдер сақтау және өңдеу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, индустриалды сауда-логистикалық кешен ЕАЭО халықаралық тауар өндіру желілері жүйесінде өнеркәсіптік кооперацияны жүзеге асырады. Логистикалық объектілер салынып, халықаралық тауар өткізу желілері жүйесіне одан әрі интеграцияланатын қызметтер құрылмақ.