Алматының таулы аймағында 9 қабаттан биік ғимарат салуға тыйым салынады

Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Алматы әкімі мемлекет басшысына қаланың қаңтар-мамыр аралығындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп беріп, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге қатысты тапсырманың орындалуы туралы баяндады.

Әкімнің айтуынша, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,6%-ке дейін өскен, негізгі капиталдағы инвестициялардың өсімі 20,9%-тен асқан, сауда-саттық қалпына келтірілген, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 19,5%-ке артқан.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Алматының 2025 жылға дейінгі даму жоспарының негізгі басымдықтары және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» жобасы ұсынылды.

Сонымен қатар Абай даңғылының оңтүстігінде, таулы және тау бөктеріндегі аймақтарда 9 қабаттан биік ғимараттардың құрылысын жүргізуге тыйым салатын жаңа ереженің қабылдануы, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жоспары туралы айтылды.

Ерболат Досаев маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге, оның ішінде «Алматы жастары» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін жастарға тұрғын үй сатып алуға, балаларға арналған спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерін қаржыландыруға қаражат бөлінгенін жеткізді.

Кездесу соңында президент Алматыны одан әрі дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.