«Алматы жастары» бағдарламасына құжат қабылдау басталды

Бағдарлама бойынша өтініштер мен құжаттар 1 маусымға дейін Аlmaty-zhastary.kz веб-сайты арқылы қабылданады.

Сайтта өтініштер мен құжаттарды қабылдау электронды цифрлы қолтаңба арқылы жүзеге асады. Автоматты балл қою үшін электронды калькулятор енгізілген. Жеке кабинет арқылы өтініштің барысымен танысуға болады. Құжаттарды қабылдау 1 маусымда сағат 23:59-да аяқталып, 20 жұмыс күні ішінде бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Одан кейін әрбір санат бойынша жиналған ең жоғары ұпай санына сәйкес тізім жасалады.

Бағдарламаның бюджетіне 18 миллиард теңге қарастырылып отыр. Ал несиенің ең жоғары сомасы – 18 миллион теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі – 5, бастапқы жарнасы – 10%. Қатысушының жаңа салынған немесе қолданыстағы тұрғын үй нарығынан 45 күнтізбелік күн ішінде үй таңдау мүмкіндігі бар. Бағдарламаға қамтылатындар саны 1 мыңға жуық.

Таңдалған тұрғын үйдің құжаттары тұрғын үй қарызын беру мүмкіндігін қарау үшін «Отбасы банк» АҚ-на ұсынылады. «Отбасы банк» АҚ мақұлдауын алғаннан кейін сатып алу-сату шартын және кепіл шартын рәсімдеу және тіркеуді жүзеге асырады.

Өтініш бере алатын азаматтар санатына Алматыдағы мемлекеттік қалалық және республикалық мекемеде еңбек ететіндер, дәрігерлер мен мейірбикелер, педагогтар мен тәрбиешілер, әртістер, жазушылар, мәдениет саласының мамандары, жаттықтырушылар мен спортшылар, ЖОО оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік сала мамандары: журналистер мен БАҚ қызметкерлері (мемлекеттік және коммерциялық), өндірістік салада еңбек ететіндер кіреді.