Қаңтар оқиғасы: Досаев президентке Алматы экономикасы қашан қалпына келетінін айтты

Қала әкімі мемлекет басшысына Алматының биылғы қаңтар-сәуір айларындағы экономикалық жағдайы туралы есеп берді. Досаевтың сөзінше, қаңтар оқиғасынан кейінгі қала экономикасының өсу қарқыны екінші жартыжылдықтың басында толық қалпына келеді.

Сонымен қатар президентке Алматының 2030 жылға дейінгі дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын басымдықтар ұсынылды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары туралы мәлімет берілді.

Зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің шығынын өтеу жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды:

  • бүгінге дейін құны 13,9 миллиард теңге болатын 1 556 өтініш мақұлданған;
  • зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің 97%-і қаңтар оқиғасынан кейін жұмысына қайта кіріскен.

Қалада құрылыстың тығыз болуына жол бермеу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысы туралы айтылды.

Ерболат Досаев мемлекет басшысына Алматыдағы нөсер жауынға арналған кәріз жүйесін жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі ережелерін таныстырды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.