Үнемі қарбаласқа толы болатын Абай даңғылында күндіз адам қарасы аз. Даңғыл бойындағы кафе, ресторандардың жазғы террасасы бос тұр. Келушілердің қатары тек кешкі уақытта көбейеді.
Алматыда аптап ыстықта адам көп жиналатын жер — фонтан. Абай мен Достық даңғылының қиылысында бірнеше фонтан бар.
Республика сарайының алдында бір топ адамды жолықтырдық. Олар домбыра күніне арналған түсірілімге дайындалып жүр екен. Домбырашы Нұржібек Жұмабекқызы мен Еркежан Арманқызымен фонтанның суына шомылып, малмандай су боп жүргенінде таныстық. Республика сарайының алдындағы фонтанның ортасынан бірнеше рет жүгіріп өткен оқушы қыздар салқындап алғанына риза.
Дайындық таңертең тоғызда басталған. Екі сағатта күн ысып кетті. Ауыстыратын шалбар мен жейде әкелмесем де, су болған киімдерім күннің ыстығынан кеуіп үлгерді. Достарым су салқын, ауырып қаласың деп ескертті, бірақ ауырмайтынымды сезіп тұрмын. Себебі су да, күн де ыстық. Алматыда фонтан көрсем, шомылғым кеп кетеді. Кейбірінде «Шомылуға болмайды» деген белгісі бар. Республика сарайының алдындағысында мұндай шектеу жоқ, — дейді N178-мамандандырылған мектеп-лицей оқушысы Нұржібек.
Ал N169 мектеп-лицейдің оқушысы Еркежан күн ыстықта үйде салқын су ішіп, балмұздақ жеп, смартфон қарап жатады екен. Көбіне кешкісін отбасымен серуендеуге шығады.
«Әлқисса» домбыра студиясына күн сайын барамын. Студияның іші салқын, кондиционері бар. Бүгін ашық аспан астындағы сабақта қатты ыстықтадым. Әсіресе, «Балбырауын», «Адай», «Ерке сылқым» күйлерін ойнағанда терлеп кеттім. Түсірілім біткен соң бірден фонтанның ортасынан жүгіріп өттік, — дейді Еркежан.
Дәл осы субұрқақта Дінмұхамед, Әрсен және Қайсар есімді балалар ойнап жүр екен. Олар Ақбұлақ шағынауданында тұрады. Абай-Достық қиылысына автобуспен жеткен. Бір-біріне су шашып ойнап жүрген балалар түстен кейін үйіне қайтып, бассейнге түседі.
Салқын су мүлдем ішпеймін, балмұздақ жемеймін. Қарындасым Қарақат екеуіміз үйдің ауласындағы бассейнге шомыламыз. Таңертең бассейнге су толтырып қойсақ, түстен кейін су жылы болып тұрады. Суға күмп ететін сәтті асыға күтіп жүреміз. Салқын суға шомылуға болмайды. Шомылсаң, ауырып қаласың. Ал жазда «жаман» адамдар ғана ауырады, — дейді Қайсар.
Шомылып жүрген қала тұрғындары сүлгісіне дейін әкеліп, фонтан маңын жағажайға айналдырып алыпты.
Аптап ыстықта тауға барып сая табатындар бар. Татьяна әже немересімен бірге Көктөбеге бара жатыр екен. Жолда шөлін басу үшін үйден мұздатылған су алып шығыпты.
Аптап ыстықта салқындаудың жалғыз жолы — төбеңнен салқын су құю. Достарыммен бірге осылай жасаймыз. Салқындап, рақаттанып аламыз да, әрі қарай ойнай береміз, — дейді Татьяна әженің немересі Алина.
Алина күніне 7 литр су қолданады екен. Оның екі литрі ішуге, қалғаны құйыну үшін қажет. Татьяна әже ыстықта Көктөбеге, Шымбұлаққа, Медеуге, сарқырамаға, тауға барғанды ұнатады. Өйткені ол жақ қалаға қарағанда салқынырақ.
Апшыны қуыратын аптап ыстықта балмұздақ жегенге не жетсін. Қалада балмұздақ сататын дүңгіршектерде кезек күтіп тұрғандар көп.
Алматыда мараш балмұздағы (ешкі сүтінен жасалатын балмұздақ) сұранысқа ие. Өзін Әби деп таныстырған түрік жігіті жеті жылдан бері Алматыда балмұздақ жасап, оны сатумен айналысады екен.
Басқа балмұздақтар тез еріп кетеді, мараш балмұздағы қою, кілегейлі. Сондықтан кезекке тұрып, балмұздақ сатып алатындар көп. Сатып алушылардың көңілін көтеру үшін балмұздақты бірден қолына ұстатпай, алдап, ойнатып береміз, бірақ кейде күннің ыстығында ашуланып, асығып тұратындар бар, — дейді балмұздақ сатушы.
Біз де мараш балмұздағын сатып алып, дәмін көрдік те, қаланы әрі қарай араладық.
Қазақ мемлекеттік циркі ғимаратының алдында балмұздақ жеп отырған Меруертпен таныстық. Ол көлігінің іші ысып кеткендіктен фонтанның жанында демалып отыр екен.
Көліктің есік-терезесін ашып, ауа алмастырып отырамын. Үйде шатырдың астына қойып, сыртын жауып қоямын. Ал қала ішінде барлық жерде ондай жағдай жасалмаған. Кейде дәл күннің астына қоюға мәжбүр боласың, — дейді Меруерт.
Меруерттің айтуынша, көлікте кондиционер болса да, іші ыстық екен. Көлік күннің астында қалып қойса, мінгенде өте ыстық, жайсыз болады.
Негізі Шымкенттің тумасымын. Шымкент Алматыдан да ыстық қой. Сондықтан Алматыдағы аптап ыстыққа төтеп беру аса қиынға соқпады, бірақ екі-үш күн бұрын базарға бардым. Қатты ыстықтап кеткен соң үстіме бөтелкемен су құйып жүрдім, — дейді ол.
Цирктің алдында отырған Наталья Ивановнаның ерекше қалпағы назарымызға бірден түсті. «Алматыда қалай салқындауға болады?» деген сұрағымызға Наталья Ивановна «Ешқандай жолы жоқ» деп күліп жауап берді.
Әркім әртүрлі кеңес береді. Салқын су іш, душқа түс, суға шомыл деп жатады, бірақ Алматының ыстығында толығымен салқындау мүмкін емес. Сондықтан мен әдетте шаруаларымды түске дейін бітіріп алуға тырысамын. Қалада жұмыстарым болса, үйден ерте шығамын. Түстен кейін ми қайнатар ыстықта үйде демаламын, — дейді ол.
Бүгін Наталья Ивановна йогаға қатысып, жолай циркке соғып, билет ала салуды ойлапты. Алайда касса сағат үште ашылады екен.
Никулиннің циркіне билет алуға келдім. Бала кезімде әкем мені циркке жиі апаратын. Қазір балаларым мен немерелерімді апарамын. Жаздың көркі цирк сияқты. Бұрын мына неке сарайының алдына Шапито циркінің артистері келіп, шатыр тігіп, жаздай балаларға өнер көрсететін. Жазғы каникулда балалардың іші пысады, үйде отырғысы келмейді, — дейді ол.
Шынымен сыртта серуендеп жүргендердің көбі — балалар. Жазғы каникулда күні бойы үйде отыру да оңай емес.
Айя қиял әлемі саябағына кіру үшін кезекке тұрғандардың да саны көп.
Ал алматылық Гүлнәр әже немерелерін саябаққа емес, тұманды фонтанға серуендеуге әкеліпті.
Кейінгі аптада күн қатты ысып кетті. Кейде кешке жаңбыр себелесе, қуанып қаламыз, бірақ әбден құрғаған жер жаңбырдың суын бірден жұтып алады. Келесі күні таңертең ешнәрсе болмағандай, қапырық пен ыстық басталады, — дейді Гүлнәр әже.
Әженің немересі Әмина сыртқа шыққанда жаңбыр болмаса да, қолшатыр алып шығады. Қолшатыр тек жаңбырдан емес, күн сәулесінен қорғайды. Гүлнәр әже алматылықтарға сыртқа шыққанда SPF крем қолдануға кеңес береді.
Әжесі мен немерелері өздері тұратын Төлебаев көшесінің бойында, орталық саябақта қыдырады екен.
Панфилов саябағы күндіз біраз қапырық, ал кешке серуендеуге ыңғайлы. Балалар серуеннен келген соң міндетті түрде душқа түседі, — дейді Гүлнәр әже.
Алматы тұрғындары аптап ыстықта тек демалып, серуендемейді. Ауа райына байланысты адамдардың жұмыс уақытына өзгеріс енгізілмейді. Кеңсе қызметкерлері кондиционердің астында отырып жұмыс істесе, жеткізу қызметімен айналысатындар күннің ыстығында тапсырыс жеткізеді. Соның бірі — Айбар Исаев.
Ол күні бойы күннің астында жүретіндіктен ыстықтан қорғану үшін ұзын жеңді киім киеді. Күні бойы мопедпен тапсырыс жеткізеді.
Негізі жұмыс уақытымды өзім басқарамын. Таңнан кешке дейінгі уақытты таңдап аламын. Басың айналып, ауырып қалсаң немесе төтенше бір оқиға болса, мобайл қолданба арқылы тапсырысты жеткізуден бас тартуға болады, бірақ өзімде мұндай жағдай болып көрмепті. Күн өтіп кетпес үшін шлем киіп аламын. Астынан жел келіп тұрады. Кейде кептелісте тұрғанда секунд санап кетемін, — дейді Айбар Исаев.
Оның жеткізу қызметімен айналысқанына 3-4 ай болыпты. Табысы орындаған тапсырыстың санына байланысты
Алматы тұрғындары аптап ыстықты осылай өткеріп жатыр. Ал сіз қалай салқындап жүрсіз?