Путиннің позициясы

2022 жылы 22 ақпанда Ресей президенті Донецк және Луганск халық республикасын тәуелсіз мемлекет ретінде мойындайтыны туралы үндеу жасап, кейін Кремльде ЛХР мен ДХР-ды тану туралы жарлықтарға қол қойды. Сонымен бірге Ресей мен ДХР және ЛХР достық, ынтамақтастық келісімін бекітті.

Фото: РИА Новости

23 ақпанда Донецк және Луганск халық республика басшылары Украина қарулы күшіне қарсы төтеп беру үшін Ресей президенті Владимир Путиннен көмек сұрады. Ал Путин олардың өтінішін жауапсыз қалдырмай, Донбаста арнайы «әскери операция» өтетінін мәлімдеді.

Қалыптасқан жағдай бізден шұғыл әрі батыл шешім қабылдауды қажет етеді. Донбастағы халықтық республикалар Ресейден көмек сұрады. БҰҰ жарғысының 51-бабы, 7-бөлімі бойынша федерация кеңесі санкциясымен және федералдық жиналыста ратификацияланған ДХР және ЛХР-мен жасалған достық пен өзара қолдау туралы келісімді орындау үшін мен арнайы әскери операция өткізу туралы шешім қабылдадым, — деді Владимир Путин.

Дегенмен ол Ресейдің жоспарында Украина аумақтарын басып алу жоқ екенін айтты.

24 ақпан таңға жуық Ресей президенті Владимир Путин Украинаны «демилитаризациялаймын» деп «әскери операция» бастады. Путиннің сөзінен соң Киевте, Харьковта, Одессада, Краматорскіде, Бердянскіде жарылыстар болып, ракетамен шабуыл жасалды.

Зеленскийдің әрекеті

23 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский Ресейден әскери қауіптің артуына байланысты резервтегі әскери қызметшілерді шақыру туралы жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.

24 ақпанға қараған түні Зеленский ресейліктерге үндеу жасады. Ол онда Владимир Путинмен байланыса алмағанын айтты.

Ресей президентімен байланысуға тырыстым. Нәтижесі — тыныштық. Ал тыныштық Донбаста болуы керек еді. Сондықтан бүгін Ресейдің барлық азаматына үндеу жасағым келеді. Президент ретінде емес, мен Ресей азаматтарына Украина азаматы ретінде жүгінемін. Сіз бен бізді 2 мың шақырымнан астам шекара бөліп тұр, оның бойында сіздің әскеріңіз, 200 мыңға жуық сарбазыңыз бар, сіздің басшылығыңыз басқа елдің аумағына кіруді мақұлдады. Ал бұл қадам Еуропа құрлығында үлкен соғыстың бастауы болуы мүмкін, — деді Владимир Зеленский.

Фото: REUTERS

Сонымен бірге ол Украина соғысты қаламайтынын және келіссөздерге дайын екенін айтты.

24 ақпанда Украина аймағында әскери жағдай жариялады.

24 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский тағы да үндеу жасап, Украина Ресеймен дипломатиялық байланысын үзгенін мәлімдеді.

Біз Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасты үздік. Қару-жарақ таратып жатырмыз және жерімізді қорғау үшін барлығын істейміз, — деді Украина президенті.

Украина билігі Ресейдің шабуылынан кемі 140-қа жуық әскери қызметкер қаза болғанын хабарлады. Қаза тапқандар мен жараланғандар арасында бейбіт тұрғындар да бар.

Өзге елдер не дейді?

Молдова

Молдава президенті Майя Санду Ресей басшысының әрекетін халықаралық құқыққа қайшы екенін және оны қолдамайтынын айтты. Ал 24 ақпандағы қауіпсіздік комитетінің отырысынан кейін Молдава Украинадан 10 мың босқынды қабылдай алатынын мәлімдеді. Қазір Молдавадан Украинаға ұшатын рейстер тоқтатылды.

Эстония

Эстония премьер-министрі Кая Каллас 24 ақпан Эстонияның тәуелсіздік күніне орай Украинаға қолдау білдіретінін айтты.

Бүгін егемендігімізді тойлап жатырмыз. Украина да  бостандығы үшін күресіп жатыр. Жеке менің ойымша, Путин украиналықтардың азаттығы мен елі үшін күресін бағалай алмай жатыр, — деді министр Брюсселде өткен Еуропалық кеңестің шұғыл отырысында.

Германия

Германияның канцлері Олаф Шольц Путиннің Украинаға ашқан соғыста жеңіске жетпейтініне сенімді.

Санкция жариялау арқылы бәріміз Путинді жалған жолдан қайтарғымыз келді, бірақ болмады. Ол Украинаға соғыс ашты. Дегенмен ол жеңе алмайды, себебі Еуропа халқы бейбіт, демократиялы және құқығы сақталған өмірді қалайды. Украина азаматтары мұны нық және ашық көрсетті, — деді ол Брюсселдегі отырыста.

Ұлыбритания

Ұлыбритания премьер-министр Борис Джонсон Ресейге қарсы жаңа санкцияларды жариялады. Жаңа жарлық бойынша олар «Аэрофлот» Ресей әуе компаниясының ұшақтарына Ұлыбританияға кіруіне тыйым салды. Сонымен бірге «Сибур», «Ростех», «Уралвагонзавод», «Промсвязьбанк» және тағы басқа 100 шақты ресейлік компания мен жеке тұлғалардың активтерін тоқтатты.

Бұған қоса, енді Ресей азаматтары Ұлыбритания банкінде қаражатын сақтау бойынша шектеу бар. Ал ірі ресейлік компанияларға британ нарығынан қаржы алуға тыйым салынды, мұнай өңдеуге арналған құралдар мен технологияларды Ресейге экспорттауға тыйым салынды.

Румыния

Румыния президенті Клаус Йоханнис Ресейдің Украинаға қатысты әрекетің заңсыз және себепсіз агрессия деп айыптады. Оның бұл мәлімдемесі 24 ақпанда Румыния үкіметінің ресми сайтында жарияланды.

Румыния Ресей армиясының Украинаға қарсы көп адам өміріне қауіп төндіретін мүлдем негізсіз, заңсыз және себепсіз агрессиясын қатаң айыптайды. Кейінгі апталарда АҚШ, НАТО, Еуропа одағы және бүкіл демократиялық елдер қауымдастығы дипломатияның жеңісін қамтамасыз етуге көп жұмыс істеді. Румыния да одақтастық және еуропалық деңгейде барлық шешімді қабылдауға белсенді қатысты және Украина шекарасындағы жағдайды деэскалациялау үшін диалог құруды қолдады. Бұл ауыр дағдарыстан шығудың жалғыз жолы – дипломатия, — деді Румыния президенті.

Оңтүстік Осетия

Путиннің шешімін дұрыс деп есептейтін мемлекеттер де бар. Мысалы, Оңтүстік Осетия президенті Анатолий Бибилов Ресей басшысының бұл сөзі «түсінікті, күтілген мәлімдеме» екенін айтты.

Абхазия

Абхазия басшысы Аслан Бжания Путиннің шешімін «әділ, геосаяси жағдай бойынша саналы» деп ойлайды.

Сирия

Сирия Араб Республикасының сыртқы істер министрі Фейсал Микдад Ресей президенті Владимир Путиннің Донецк және Луганск халық республикаларын тану туралы шешімін толық қолдады. Олар Ресей басшысының бұл шешімі «бейбітшілікті нығайтады» деп есептейді. Ал Сирияның өзі республикаларды тәуелсіз ел ретінде жақын арада мойындайтынын айтты.

Дегенмен сириялықтардың көпшілігі украиналықтарға қолдау білдіріп жатыр. Мәселен, Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясы Бинниш қаласындағы граффитист Азиз әл-Асмар бейсенбіде Ресейдің әуе шабуылы кезінде қираған үйге қабырға суретін салды.

Фото: Aljazeera.com

Латвия

Елдің электрон бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі ұлттық кеңесі «Россия» телеарнасының эфирін бес жылға, «Россия 24» телеарнасының эфирін төрт жылға, TV Centr International арнасының эфирін үш жылға тыйды.

Еуропа одағы

Еуропа одағы ДХР және ЛХР-ны мойындауды халықаралық құқықты бұзу деп есептейді.

Украинадағы екі сепаратистік аймақты мойындау халықаралық құқықты, Украинаның аумақтық тұтастығын және Минск келісімдерін өрескел бұзу болып есептеледі, — деп жазды Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен Twitter-де.

Венгрия

Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан Украинаға қатысты оқиғада Венгрияның бейтарап екенін айтты.

Венгрия бұл әскери қақтығыстан аулақ болуы керек, өйткені біз үшін венгр халқының қауіпсіздігі ең маңызды. Сондықтан біз Украинаға солдаттарды жібереді деген сөз болуы мүмкін емес, — деді Венгрия үкіметінің басшысы өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған видео үндеуінде.

Дегенмен ол Венгрияға Украинадан босқындар келсе, мемлекеттен оларға гуманитарлық көмек берілетінін айтты.

Қытай

Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрі Хуа Чуньин Ресейге жасалған санкцияларды қолдамайтынын және мемлекеттер өзара келісімге келуі керек екенін айтты.

Санкция мәселені шешу үшін ешқашан тиімді әдіс болмаған. Қытай үнемі біржақты санкцияға қарсы тұрады, — делінген ресми хабарда.

Түркия

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресейдің әрекетін қолдамайтынын мәлімдеді.

Қазақстан

22 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті. Ол кезде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Украина мәселесіне қатысты Ресей басшылығының ұстанымы туралы айтты. Сонымен бірге Ресей президенті Қазақстанмен арадағы достық және одақтастық қатынастарды екі мемлекет халықтарының мүддесіне сай нығайта беруге ниетті екенін жеткізген.

Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Украинадағы жағдайға қатысты ұстанымын айтты.

Қазақстанның ресми ұстанымы әзірленіп жатыр. Жақын арада Қазақстанның қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді, онда біз Қазақстанның ресми ұстанымын түпкілікті қабылдаймыз. Бірақ Қазақстанның алдында ДХР мен ЛХР-ды мойындау мәселесі тұрған жоқ. Біз халықаралық құқық негіздеріне және БҰҰ жарғысының негізгі қағидаттарына сүйенеміз. Қазір жағдай ушығып, шиеленіс күшейіп жатқаны анық, сондықтан Қазақстан барша халықаралық қауымдастықты жағдайды дипломатиялық жолмен шешуге күш салуға шақырады, — деді сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Қазақстан әуе компаниялары 7 наурызға дейін Киевке ұшатын рейстерді тоқтатты. Қазақстан елшілігі Украинадағы қазақстандықтарды эвакуациялау жолын қарастырып жатқанын мәлімдеді.