Владимир Зеленский ресейліктерге үндеу жасады

Мәлімдеменің толық мәтінін «Украинская правда» жариялады.

Владимир Зеленский орыс тілінде Ресей президенті Владимир Путинмен байланысуға тырысқанын жеткізді.

Ресей президентімен байланысуға тырыстым. Нәтижесі — тыныштық. Ал тыныштық Донбасста болуы керек. Сондықтан бүгін мен Ресейдің барлық азаматына жүгінгім келеді. Президент ретінде емес, мен Ресей азаматтарына Украина азаматы ретінде жүгінемін. Сіз бен бізді 2 000 шақырымнан астам шекара бөліп тұр, оның бойында сіздің әскерлеріңіз, 200 000-ға жуық сарбаздарыңыз бар, сіздің басшылығыңыз басқа елдің аумағына қадам басуды мақұлдады. Ал бұл қадам Еуропа құрлығында үлкен соғыстың бастауы болуы мүмкін,- деді Владимир Зеленский.

Оның айтуынша, украин халқы азат. Ол өзінің жүріп өткен жолын есіне алып, болашағын өзі қалыптастырады.

Сіздер көретін жаңалықтардағы Украина мен шын өмірдегі Украина — бұл екі түрлі ел, олардың басты айырмашылығы — біздікі — шынайы. Сіздерге бізді фашист деп көрсетеді. Нацизмге қарсы сегіз миллион адам өмірін қиған халық өзі нацист бола ала ма? Мен қалай нацист бола аламын? Кеңес армиясында соғысты бастан өткерген, кейін тәуелсіз Украинада полковник шенінде қайтыс болған атама айтып көріңіз,- деді Владимир Зеленский.

Владимир Зеленский Украина соғысты қаламайтынын және келіссөздерге дайын екенін жеткізді.

Украина қазір кез келген қорғаныс альянсынан тыс, бірақ шабуыл жасалған жағдайда тойтарыс береді,- деді Украина президенті.