10-11 сыныптарда кейбір пәндер ағылшын тілінде оқытылады

Биылғы жолдауда атап көрсетілген төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту аясында үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленуі тапсырылды.

Елбасының айтуынша, қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Ал, ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады.

«Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет»,-дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, жолдауда ағылшын тілін кезең-кезеңімен енгізу барысында ауыл мен қаладағы мектептердің және мұғалімдердің деңгейін, педагогтардың біліктілігін ескеруді тапсырды.