Президенттің сөзінше, сауда кедергілері біртіндеп жойылып жатыр. Заманауи өткізу бекеттері ашылып, қосымша әуе және теміржол бағыттары іске қосылып жатыр.
Біз шекарадағы кедендік тәртіпті ретке келтіру үшін заңсыз әрекет етіп, бизнеске түрлі кедергі жасаған теріс пиғылды кәсіпкерлермен күрес жүргізе бастадық. Заңға қайшы мұндай әрекеттермен күрестің нәтижесін жақын арада көретінімізге сенімдімін. Қазақстанға келетін импорттарға және үшінші елдерге жасалатын транзитке зиян келмейді. Үкіметке және құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар бердім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» саммитінде сөйлеген сөзінде.
Еске салайық, 11 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс отырысында Қытай мен Қазақстан арасындағы кеден шекарасын «нағыз бейберекет» деп атады.
Мемлекет басшысы Бас прокуратураға Қаржы министрлігі, Қаржы мониторингі агенттігі және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, кешенді тексеру жүргізуді және кедендік шекарада тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырды.
Ал 21 қаңтарда Қазақстан-Қытай шекарасында тексеру жүргізіліп жатқаны хабарланды.
