Қасым-Жомарт Тоқаев қытай халқын ай күнтізбесі бойынша келе жатқан жаңа жылмен құттықтады

Президент сонымен бірге Бейжіңде өтетін алдағы XXIV қысқы олимпиада ойындарының табысты болуына тілектестік білдірді.

Олимпиаданың «Ортақ болашақ үшін бірге!» атты ұраны Орталық Азия мемлекеттері мен Қытайдың орнықты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау ісіне темірқазықтай жол сілтесін, – деді Қазақстан президенті «Орталық Азия – Қытай» саммитінде сөйлеген сөзінде.

Айта кетейік, Бейжіңдегі қысқы олимпиада ойындары 2-20 ақпан күндері өтеді. Қазақстан құрамасынан биыл оған спорттың сегіз түрінен 34 спортшы қатысады. Құрама 27 қаңтарда Қытайға ұшады.

Сонымен бірге бүгін Ұлттық олимпиада комитеті Қазақстанның Бейжіңдегі олимпиада ойындарына 400 миллион теңге жұмсағанын хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық олимпиада комитеті 2022 жылғы Бейжің ойындарына арналған Қазақстан командасының формасын көпшілік назарына ұсынған еді. Экипировкадағы ел атауы алғаш рет қазақ тілінде Qazaqstan болып жазылады.