Министр «Спутник V» вакцинасының ревакцинацияға қолданылмау себебін түсіндірді

Жақын арада «Спутник Лайт» вакцинасы болады. Жеткізе салысымен ревакцинация үшін қолжетімді етеміз. Қазір жеткізуге қатысты келіссөз жүргізіліп жатыр. Бүгінде екі жолдың қайсысы жылдам болатынын қарастырып жатырмыз. Не өзімізде шығарамыз, не болмаса тезірек елге жеткіземіз, — деді Алексей Цой Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сонымен қатар министр «Спутник V» вакцинасының ревакцинацияға қолданылмау себебін атады.

«Спутник V» вакцинасын салуға болмайды. Онда екі түрлі компонент бар. Компоненттері бірдей вакциналар ғана егіледі. «Спутник V» вакцинасының бірінші және екінші компоненттері әртүрлі. Соған байланысты Қазақстанда ревакцинация кезінде бірінші және екінші компоненттері бірдей вакциналар қолданылады, — деді Алексей Цой.

Министр дерегінше, QazVac, «Спутник V» сынды вакциналардың 1-компонентімен елімізде 8,8 миллионнан астам, екінші компонентімен 8,3 миллионнан астам адам егілді. Сонымен қатар 136 мың адам ревакцинация алды, 188 мың адам Pfizer вакцинасын салдырды.