Қытай медицинасы шынымен пайдалы ма? Нүктелі массаж бен инемен емдеу әдісі қандай ауруларға емдейді? Оның зияны жоқ па? Baribar.kz тілшісі маманмен инемен емдеу әдісі және емдік массаж туралы әңгімелесті.

Орталықты қалай ашты?

инемен емдеу медицина
Бағлан Тыныштықбаева. Фото жеке архивінен

Негізі мамандығым — медбике. Медицина саласында жүріп, Қазақстанда ұстама, омыртқа, бел, бас, аяқ, мойын аурулары бар науқас көп екенін байқадым. Оның үстіне, әкемнің де аяғы ауыратын. Ол кісінің қиналғанын көріп, «Қалай емдеуге болады екен?» деп түрлі емдеу жолын қарастыратынмын. Сол кезде Алматыдан Жезқазғанға қытай дәрігері Шедефу келгенін естіп, бірден сол кісінің алдына жүгіріп бардым. Ұстазға Шығыс медицинасын үйренгім келетінін, одан дәріс алғым келетінімді айттым. Сөйтіп Алматыға барып, бір жарым жыл бойы Шедефу ұстаздан білім алдым. Кейін үш жылдай жанында жұмыс істедім. Алғашында ол кісінің жанында тегін жұмыс істеуге де дайын болдым. Себебі Шығыс, оның ішінде Қытай медицинасын толық үйреніп шыққым келді.

Әрине, жай уқалау-сипалау массажы үшін арнайы медицина білімінің қажеті жоқ шығар. Десе де емдік массаж немесе ине арқылы емдеумен айналысқысы келетін адамның міндетті түрде медицина бойынша білімі болуы қажет деп ойлаймын. Себебі бір ғана қате әрекет үлкен қиындыққа алып келуі мүмкін.

Кейін Жезқазғандағы балалар үйінде жұмыс істедім, бірақ қызымның талма ауруына байланысты жанында күтімімен айналысу үшін жұмыстан шығуға мәжбүр болдым. Дегенмен өмір сүру үшін қаражат та керек. Сол кезде Жезғазғандағы халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында грант алуға болатынын естіп, өтініш бердім. Бизнес-планымда Қытай медицинасымен айналысқым келетінін, орталық ашуды мақсат еткенімді жеткіздім. Шыны керек, ұтып аламын деп ойламадым, бірақ мемлекет 505 мың теңге берді. Ол қаражатқа бірден арманымды орындауға жұмсадым.

Қазір нүктелі массаж және инемен емдеуге 2000-3000 теңге ғана аламын, себебі халық жағдайына қарауға тырысамын. Көбінің денсаулығы мәз емес, оның үстіне, пандемияда халықтың әлеуметтік жағдайы да төмендеді. Кейде зейнеткерлерге тегін қызмет көрсетуге тырысамын.

инемен емдеу медицина
Фото жеке архивінен

Нүктелі массаж бен инемен емдеу әдісінің пайдасы

Шығыс, оның ішінде Қытай медицинасын дүниежүзі мойындайды, себебі оның көп ауруды емдеуге ықпалы зор. Мен нүктелі массаж және инемен емдеу әдісімен айналысамын. Нүктелі массаж адам иммунитетін көтереді, қан айналымын жақсартады, беттегі әжімді азайтады, жүйке жүйесіне пайдалы. Сонымен бірге бел, буын, омыртқасы ауыратын адамдарға нүктелі массаж жасаймыз.

Инемен емдеу әдісі қан айналымын жақсартады. Сонымен бірге кенет аяқ-қолы жұмыс істемей, сал болып қалған адамдарға ине қойып, массаж жасаса, 3-4 күннен кейін өз әсерін бере бастайды. Ине жоғары қан қысымды түсіруге немесе төмен қан қысымды жоғарылатуға да көмектеседі.

Бұл ем шараларын кімдерге қолдануға болмайды?

Адамның қан қысымы жоғары кезде нүктелі массажға жүгінуге болмайды. Онкология, талма ауруы бар адамдарды, жүкті әйелдерді, қызуы көтеріліп тұрғандарды инемен емдеуге болмайды.

Сонымен бірге кішкентай балаларды инемен емдемеуге тырысамын. Себебі олар мазасыз келеді, тыныш жатпайды. Ал адам денесіне шаншылған ине орнынан қозғалып кетпеуі керек. Сондықтан шұғыл жағдайда немесе ауруға байланысты 15 жастан асқандарды ғана ине арқылы емдеймін.

Нүктелі массаж бен инеге жүгінбес бұрын…

Әрине, көп жағдайда науқастың денесін ұстағанда қандай ауруы бар екенін бірден білінеді. Дегенмен адам нүктелі массаж немесе инемен емдеу әдісіне жүгінбес бұрын ауруханаға барып, дәрігерге қаралуға тиіс. Анализдер тапсырып, ішкі ағзасын тексеруі керек. Біз олардың диагнозына, анализіне қарап қана ем шараларына көше аламыз. Онсыз менің емдеуге дәтім де бармайды, құқым да жоқ.

Болашақта орталығымды кеңейткім келеді. Сонымен бірге шәкірт тәрбиелеп, Қазақстанның кез келген азаматы Шығыс медицинасына оңай қол жеткізе алатындай жағдай жасағым келеді.

инемен емдеу медицина
Фото жеке архивінен