Массаждың атқаратын қызметі мен пайдасы

Массаждың түрлері көп. Мысалы: тай, швед, нүктелі, антицеллюлиттік, банка қою арқылы және балмен жасалатын массаж. Өзім классикалық қарапайым массаж түрін қолдаймын. Оның анатомиялық тұрғыдан адам денесіне жағымды әсері қалғандарынан басымырақ. Басқа массаждардың да емі мен әсері бар. Бірақ ең тиімдісі – классикалық массаж.

Данияр Дәуренбекұлы
Данияр Дәуренбекұлы ©Айгүл Хожантаева

Спорттық массаж – спортшыларды жаттықтыруға, бәсекеге дайындауға, шыдамдылығын арттыруға, шаршауды жоюға және дене шынықтыруды күшейткеннен кейін тәнді қалпына келтіруге арналған арнайы әзірленген массаж техникасы. Массаждың зиянынан гөрі пайдасы көбірек. Себебі массаждың ағзаға химиялық немесе қандай да бір кері әсері жоқ. Керісінше, дене бұлшықеттеріне табиғи әсер беріп, қан айналымын қалпына келтіруге көмектеседі. Шлактар мен токсиндердің шығуын қамтамасыз етеді. Массаждың қабылдау шегі бар екенін ұмытпаған жөн. Егерде адам массажға тәуелді болып қалса, кері әсері тиюі мүмкін. Массажды жылына екі рет, профилактикалық тұрғыда 10 күнде бір рет қабылдаған жөн. Массажды жарты жылда бір рет алса да жеткілікті. Одан көп не аз қабылдаудың қажеті жоқ.

Данияр Дәуренбекұлы
Данияр Дәуренбекұлы ©Айгүл Хожантаева

Массажды кез келген адамға алуға болады

Массажды кез келген жаста, яғни, 4-6 айлық баладан бастап алуға болады. Массажды онкологиялық, тері ауруы, жоғары температурасы бар, жүкті әйелдерге ерекше күтіммен жасау керек. Кішкентай балалар тез өсіп, дамиды. Сондықтан оларға Қытай техникасы бойынша аяғына, табанына, табанында орналасқан нүктелерге массаж алуға кеңес береміз. Дұрыс массаж алған жағдайда баланың денсаулығына еш қауіп төнбейді. Егерде мойын бұлшықетінде қан айналымы бұзылса, оттегі жетіспей, қан қысымы көтеріледі. Дәрі-дәрмек пен химиялық заттарды пайдаланбай-ақ, массаждың көмегімен қалыпқа келтіріп, емдеуге болады. Адам қандай да бір жерін сындырып алған жағдайда денесі ісінсе, оны лимфодренаж массажымен емдейміз.

Данияр Дәуренбекұлы
Данияр Дәуренбекұлы ©Айгүл Хожантаева

Массаж туралы миф

Массаж мифтеріне не жатады? Адамдар массаж алсақ остеохондроздан, майдан, яғни барлық аурудан құтыламыз деп ойлайды. Шын мәнінде, массаж ауруды жеңілдетіп, сауығып кетуіне күш береді. Ал қалған 80 проценті адамның өзіне байланысты. Массажды ауыртып, қатты қол батырып жасаса, солай дұрысырақ деп ойлайтындар да бар. Ол қате пікір. Алғашында бұлшықеттердің ауырсынуы орынды, әрине, бірақ массаж бір-екі күннен кейін жағымды әсер беруі тиіс. Егер массаж жасалған жері көгерген немесе қатты қанталаған болса, демек массаж дұрыс жасалмаған.

Данияр Дәуренбекұлы
Данияр Дәуренбекұлы ©Айгүл Хожантаева

Массаждың қандай көмегі бар?

Тәжірибемде 94 жастағы емделушім болды. Адамның жасы үлкейген сайын ағзасы әлсіреп, метаболизмі баяулап, денесі ісінеді. Сондықтан адамға үнемі күтім мен бұлшықеттерінің былжырап кетпеуі үшін дене шынықтырумен айналысу керек. Массаж дене шынықтыруға қосымша көмек беретін техника екенін ұмытпаған жөн. Мысалы, спортшы күшін жоғалтқан сәтте ақуыз катаболизмі болады да, ыдырау нәтижесінде пайда болған сүт қышқылы жиналады. Мұндай жағдайда адам өзін әлсіз сезініп, шлактар тола бастайды. Массаждың көмегімен әлсіздікті жеңіп, шлактардан арылтуға болады.

Данияр Дәуренбекұлы
Данияр Дәуренбекұлы ©Айгүл Хожантаева

Спортшылар жиі массаж алып тұрады

Егер адам спортпен айналысса оған міндетті түрде массаж алу қажет. Көбіне жаттығу-массаж жабық циклын қолданамыз. Спортпен айналысқан соң ыдырау нәтижесінде пайда болған жаман заттарды ағзадан шығару қажет. Массаждан кейін спортшының күші еселеніп, ауыртпалықтарға төтеп беруге дайын болады. Қазір көптеген адамдар, спортшылар, бапкерлер, мәдениет саласының қызметкерлері массаждың пайдасын түсініп, жиі массаж алып тұрады. Мысалы: Арман Оспанов, Геннадий Зеленский, Альбина Наумова сияқты марафон бапкерлері, мәдениет саласының қызметкері Айсұлу Әзімбаева, тележүргізуші Айсұлу Ахатқызы, және т.б.

Данияр Дәуренбекұлы
Данияр Дәуренбекұлы ©Айгүл Хожантаева

Массаж жасаудың әдіс-тәсілі

Массаж жасаудың ең танымал әдісі – май жағып сипалау. Зәйтүн майы гипоаллергендік болғандықтан, көбіне соны пайдаланамын.

Массаж жасаудың кезеңдері:

  1. Денені жылыту;
  2. Бұлшықеттерді қыздыру;
  3. Денеге қан жүгірту әдісі;
  4. Денені уқалау;
  5. Қан тамырларына, бұлшық етке, жүйке талшықтарына әсер ету (қатты қысым көрсету);
  6. Шапалақтау.
Данияр Дәуренбекұлының кабинеті
Данияр Дәуренбекұлының кабинеті ©Айгүл Хожантаева

Өзім туралы

Мамандығым — жедел жәрдем фельдшері. Процедуралық кабинетте жұмыс істеп көрдім, укол салдым, дәстүрлі емдеу тәсілдерін де пайдаландым, қосарлана массаж да жасап жүрдім. Себебі көп адамға массаж жасау арқылы көмектеусе болатынын түсіндім. «Ауырсам, емделемін» деген ойдан арылып, аурудың алдын алған абзал. Массаждың мұнда қандай көмегі бар десеңіз, аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда адамға массаж арқылы көмек көрсетуге болады. Соңғы кезде бірыңғай массаж жасаумен айналысып жүрмін. Беделді массаж жасаушылармен кездесіп, олардан көп нәрсе үйрендім. Массаж жасауды үйрететін арнайы курстарда массаж жасауды үйренуге болады, дегенмен адам ағзасын сезу тек практикалық тәжірибемен келеді. Массаж жасауды өмір бойы үйрену керек. Егер тәжірибеңізді арттыруға ұмтылсаңыз, жақсы нәтиже шығатыны анық.