Президент: АЭС құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы атом энергетикасын дамытудың өзектілігіне, соның ішінде атом электр станциясын салу мәселесіне де тоқталды.

Түптеп келгенде, біз бұл мәселеге қатысты нақты шешімге келеміз деп ойлаймын. Қазақстанда электр энергиясының тапшылығының алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалады. Әрине, электр қуатының жаппай жетіспеушілігі туындаған жоқ. Әзірге тепе-теңдік бар. Алайда алғашқы белгілері білінуде. Сондықтан болашақты ойласақ, біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек. Басшының міндеті де тиімді шешім қабылдау, – деді президент.

Мемлекет басшысы қаржы секторын климат жөніндегі күн тәртібінің талаптарына бейімдеуге қатысты мәселеге арнайы тоқталды.

Экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқарудың тұрақты даму қағидаттарының әсер етуіне байланысты қаржы секторындағы трансформацияның қарқыны артқанын бәріміз көріп отырмыз. Бұл біздің елімізге де тікелей қатысты. Қарқынды даму ұлттық экономикамызға салмақ салғанымен, екінші жағынан оны тұрақты дамытуға және әртараптандыруға көшіру үшін қосымша мүмкіндіктер де беріп отыр. Осыны ескере отырып, отандық қаржы секторы Қазақстанның «жасыл экономикаға» өту жүйесіндегі маңызды бағытына айналуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.