Ұлттық банк теңгенің не себепті әлсірегенін айтты

18 қарашада Қазақстан қор биржасындағы доллар-теңге сауда-саттығы кезінде бір доллар 431,60 теңгеге дейін жетті. Кейінгі рет ондай көрсеткіш жарты жыл бұрын тіркелген. Теңге бағамының қазіргі динамикасы энергия тасымалдаушылар нарығындағы үрдістер мен халықаралық нарықтағы ахуалды көрсетіп отыр, — деді Нұржан Тұрсынханов.

Бүгін валюта айырбастау пунктерінде доллар 433-434 теңгеден сатылып жатыр.

Бір жағынан, Байден әкімшілігінің мұнай бағасының өсуін тежеу жөніндегі ықтимал шаралары, сонымен бірге ОПЕК пен Халықаралық энергетика агенттігінің жақын арада артық ұсыныстың пайда болатыныны туралы болжамдарына байланысты қазанның соңынан бастап мұнай бағасын белгілеу кейінгі 7 жылдағы ең жоғары көрсеткіштен 5%-тен астам көрсеткішке төмендеді. 16 қарашада АҚШ пен Қытай басшылары арасындағы келіссөздер кезінде екі елдің стратегиялық резервтерінен мұнайды сату туралы айтылды. Ол да нарық қатысушыларының алаңдаушылығын тудырады, — деді Нұржан Тұрсынханов.

Оның айтуынша, АҚШ-тағы инфляция кейінгі 30 жылдағы ең жоғары көрсеткішке – 6,2 процентке жетті. Демек, бұл елде мөлшерлемелерді өсіру кезеңі жақындап қалды. Ал ондай шешім дамушы елдер валюталарының тартымдылығын төмендетеді және теңгенің әлсіреуін тудыратын қосымша фактор болады.

Қазанның соңында EMCI J.P. Morgan дамушы елдері валюталарының индексі 2,1%-ке әлсіреген. Себебі инвесторлар дамушы нарықтардан капитал шығарылады деп алаңдап отыр. Ал дамыған елдердің орталық банктері қатайту кезеңін бастайды. Мәселен түрік лирасы 15,2%, Оңтүстік Африка ранды 2,7%, Чили песосы 2,2% әлсіреді. Түркияда лираның девальвациясы валюталық дағдарыс сипатында көрініс алып жатыр. Дамушы елдердің нарықтарына қатысты сентименттің өзгеруі аясында біз Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына бейрезиденттер қызығушылығының төмендегенін байқап отырмыз, олар айдың басынан бері инвестицияларды 23 миллиард теңгеге немесе позициядан 3% қысқартты, — деді Нұржан Тұрсынханов.

Нұржан Тұрсынханов Ресей рублі де геосаяси тәуекелдер аясында теріс серпін көрсетіп отырғанын айтты. Оның айтуынша, Пентагонның баспасөз хатшысы Джон Кирбидің Ресей әскерінің Украинамен шекаралас аудандарға көшуі туралы мәлімдемесі инвесторлардың алаңдаушылығын тудырды. АҚШ Еуропалық одақтағы әріптестеріне Ресейдің Украинаға басып кіруі жөніндегі ықтимал жоспарлары туралы ескертті және Ресейді өз жоспарын түсіндіруге шақырды. Қарашаның басынан бастап рубльдің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 3,1%-ке әлсіреп, бір доллар үшін 70,9 рубльден 73,1 рубльге дейін әлсірей бастады.

Жалпы алғанда, теңге іргелі факторлардың әсерінен қалыптасады және энергия тасымалдаушылар нарығындағы және дамушы елдер нарықтарындағы негізгі үрдістердің серпінін көрсетеді деп айтуға болады, — деді департамент директоры.