Талдықорғандық жасөспірімдер Pfizer вакцинасын салғызып жатыр

Бүгінде Алматы облысында 225 810 адам (Pfizer), оның ішінде 147 мыңы — 12-17 жастағы балалар, 34 510-ы жүкті әйелдер  (жүктілік мерзімі 16-37 апта), 44 300-ы лактация кезеңіндегі әйелдер вакцинация алады деп жоспарланған.

Осы жылдың 15 қарашасында 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алды. Олардың арасында жоғары оқу орнының 1 курс студенті Сұлтан Жәнібек те бар.

Коронавирустың алғашқы толқыны болған кезде мен қатты ауырдым. Ем алған соң   шашым  түсе бастады,  дәм сезуден  қалдым. 17 жасымда вакцина ала аламын ба деп ойладым, бірақ өкінішке қарай алдыңғы салынған вакцинациялау кезінде контингентке  сәйкес келмедім. Pfizer туралы жаңалықты естігенде, мен оны алғашқылардың қатарында алатыныма сенімді болдым. Сондықтан бүгін келіп алғашқылардың қатырында алып отырмын. Өзімді қалыпты сезініп отырмын, ешқандай ауырсыну  болмады, — деді ол.

Исламғали Жақсыбек: Мен осы індетке қарсы балалар арасында екпе салынатындығын естіп ата-анамның  келісімімен келіп тұрмын. Айналамда ауырып жатқан адамдар болды.Сондықтан да, өзімді және жақын туыстарымды, отбасымды  ауырудан қорғау мақсатында вакцинациядан өттім. Бәрі де қалыпты.

Ботагөз Тасыбаева: Ата – ана ретінде осы қаладағы Политехникалық колледжде оқитын баламмен келген едім. Қалалық емхананың дәрігерлері арнайы жабдықталып қойылған кабинетте қабылдау жасады. Заңға сәйкес, 18 жасқа дейінгі балаларға ата-аналардың келісімінсіз ешқандай екпе жұмыстары жүргізілмейді. Өздеріңізге белгілі, екпе жасау алдында әр ата-анаға келісім парағы беріледі екен. Оны толтырдым. Дәрігер арнайы қарап, баламның қызуын, қан қысымын өлшеді. Денсаулығын егжей-тегжей қарап шыққаннан соң ғана вакцина алуға рұқсат етілді.

Бұл вакцина да екі кезеңмен салынады. Бір құты алты балаға мөлшерленген. Қазіргі таңда 17, 16, 15 жастағы жасөсіпірімдерге салу жоспарланған. Алғашқылардың қатарында балалармен бірге бала емізетін аналар да болды. Олар өздерін және баласын қорғау үшін вакцинаны алуға келген.