Қарашада «Алтын орда» жол айрығының құрылысы пайдалануға беріледі

Қазіргі уақытта «Алтын Орда» базарының жанындағы Алматы – Бішкек автомобиль жолының учаскесін күрделі жөндеу аясында негізгі жұмыс бас магистральдық эстакада бойынша жүргізіліп жатыр. Ол үшін 215 адам, 30 бірлік техника жұмылдырылып, түнгі ауысым ұйымдастырылды, – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметі.

Бүгінде жолдың сол жағы бойынша аспа құрылысы толық аяқталып, тростарды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Монолитті плитаны құю және асфальтбетон жабынын салу жұмыстары басталды.

Монолитті аспаны бетондау жұмыстарының көп бөлігі аяқталды. 1200 метрдің 194 метрі қалды. Бұдан әрі төсеніш салу жұмыстары жүргізілетін болады. Бас магистральдық эстакада жұмыстарынан басқа, көпірге кіреберістерде жол төсемі салынды, – деп хабарлады компания.

Еске салайық, индустрия вице-министрі Берік Камалиев «Алтын орда» базары маңындағы автожол учаскесі қараша айының басында пайдалануға берілетінін айтқан еді.