Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасы қашан аяқталатынын айтты

Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

«7–20–25» бағдарламасы бойынша кредиттеудің индикативтік көлемі 1 триллион теңге мөлшерінде айқындалды. Бағдарлама несиеге бөлінген қаржы толық игерілгенше жалғасады. Бағдарлама іске қосылғаннан бері 367 миллиард теңгенің несиесі берілді. Соның арқасында 30 мыңнан астам отбасы жеке баспанаға ие болды. Осылайша, бүгінгі таңда бағдарламаның нысаналы көрсеткішінің 36,2%-і игерілді, — делінген хабарламада.

Банктің бапасөз қызметінің мәліметі бойынша, 2018 жылдан бастап 2021 жылдың шілдесіне дейін жеке құрылыс салушылар 290 873 тұрғын үй салған. Соның тек 10,3%-і «7–20–25» бағдарламасы бойынша сатып алынған.

Салынған тұрғын үйдің шамамен 80%-ін халық құрылыс кезеңінде сатып алатынын, сондай-ақ тұрғын үйді нарықта өткізудің жалпы көлеміндегі бағдарламаның үлес салмағын ескерсек, нысаналы көрсеткішке қол жеткізу ұзақ уақытты талап етеді, — делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Айта кетейік, мұның алдында «Баспана хит» бағдарламасының не үшін тоқтатылатыны хабарланды.

ДереккөзҚазАқпарат