«Баспана хит» бағдарламасы неге тоқтатылады? Ұлттық банк жауап берді

«Қазақпарат» агенттігі бағдарлама әкімшісіне «Ұлттық банк ел арасында аталған ипотека өніміне деген сұраныстың жоғары екенін ескеріп, келесі жылы қайта жалғастыруы мүмкін бе?» деген сауал жолдаған. Ақпарат агенттігіне келген жауапта бұл ипотекалық жоба өзінің «миссиясын» толықтай орындағаны айтылған.

«Баспана хит» бағдарламасы тұрғын үй нарығында ұзақ мерзімді кредиттеуді жандандыру және тұрғын үй ипотекасының халыққа қолжетімділігін арттыру үшін іске қосылған болатын. Әуелде қаржыландыру көлемі 300 миллиард теңге болады деп көзделген. Кейін кредиттік өнімге деген сұранысы жоғары екенін ескере отырып, 600 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. Осы ақша толық игерілген соң бағдарлама өз қолданысын аяқтайды. Бүгінде бағдарлама шеңберінде банктер 590 миллиард теңге сомаға қарыз берді, олардың көмегімен елдің 63 мыңнан астам азаматының тұрғын үй жағдайын жақсартты, — деп жазылған Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан жауапта.

Ұлттық банктің ұстанымы бойынша, «Баспана хит» бағдарламасы жұмыс істеген 2,5 жыл ішінде коммерциялық банктер соған ұқсас өнімдер шығарған. Яғни, Ұлттық банк бұл сипаттағы ипотеканы енді екінші деңгейлі банктер бере алады деп топшылап отыр.

«Баспана хит» бағдарламасы жылжымайтын мүліктің қайталама нарығында халық үшін ипотеканың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша өз міндетін толық шешті. Оның іске қосылуы банктердің ипотекалық кредиттеу нарығына оралуын ынталандырды. Негізгі қатысушылар «Сбербанк», «ЦентрКредит» банкі және Қазақстан Халық банкі болды. Жоғары сұраныс пен бағдарламаның сәтті іске асуы банктерді клиенттерге қызмет көрсету сапасы мен несие өнімдерінің шарттарын жақсартуға ынталандырды. Қазіргі уақытта банктер «Баспана хит»-ке ұқсас кредит беру шарттарын әзірлеп, ұсынып жатыр. Бұл мемлекет тарапынан ипотека нарығының осы сегментін ынталандырудың одан әрі қажеттілігін талап етпейді, — делінген хабарламада.