Жамбыл облысындағы жарылыстан жарақат алған бөлім бастығы ауруханада қайтыс болды

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2021 жылғы 7 қыркүйекте Тараз қалалық ауруханасында 26 тамызда Жамбыл облысындағы оқ-дәрілер қоймасында болған өртті сөндіру кезінде алған жарақаттарының салдарынан 28349 әскери бөлімінің әскери қызметшісі 1983 жылы туған, капитан Ерлан Рысқұлбекұлы Қырғызәлиев қайтыс болды, — делінген хабарламада.

Ерлан Қырғызәлиев оқ-дәрілерді сақтау бөлімінің бастығы лауазымын атқарған болатын. Қоймадағы өртті жоюға кіріскен алғашқылардың бірі болды.

Қорғаныс министрлігі марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, — делінген ведомство хабарламасында.

Еске салайық, 26 тамызда кешкі уақытта Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс болып, салдарынан 16 адам қаза тапты. Қазақстан халқы 29 тамызда Жамбылдағы жарылыстан қаза тапқандарды аза тұтты.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Шадиұлы жарылыс салдарынан қайтыс болғандардың отбасына 15 миллион теңгеден берілетіні хабарланды.

31 шілде күні қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. Бұл қызметке Мұрат Бектанов тағайындалды.