Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрінің отставкасын қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың қызметтен босату жөніндегі рапортын қарастырып, оның өтінішін қабылдады, — деп жазды Берік Уәли.

Еске салайық, 2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери қоймада өрт шығып, кейін қойма жарылды. Салдарынан 15 адам қаза тапты.

27 тамызда қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысында жарылыс болғаны туралы хабарды естігенде отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын айтты.

Менің ең басты мақсатым — тез арада апаттың салдарын жою. Хабарды естігеннен кейін бірінші минутта өзім үшін шешім қабылдадым, отставкаға беремін, отставканы сұраймын, ал қалғанын жоғарғы басшылық шешеді, — деді Нұрлан Ермекбаев сол кезде.

2019 жылы Арыстағы жарылыс кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады.

Еске салайық, Нұрлан Ермекбаев қорғаныс министрі болып 2018 жылдың 7 тамызында тағайындалған еді.