Жамбыл облысындағы жарылыстан зардап шеккендер саны 90-ға жетті

Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімшедегі жарылыс салдарынан ауруханаға түрлі жарақаттармен 90-ға жуық адам түскен. Оның 49-ы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, — делінген хабарламада.

Қорғаныс министрлігі сонымен бірге төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен әскери қызметкерлерге, азаматтық персоналға және олардың отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсету және оңалту үшін Тараз гарнизонында топ құру туралы мәлімдеді.

Оқиға орнына Алматы, Түркістан және Шымкенттен мамандар келді. Жеке құрамның тағы 33 адамы мен Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері көмек көрсетеді. Осы уақытта Қорғаныс министрлігі зардап шеккен 28 әскери адам туралы хабарлайды.

Азаматтар ақпараттық және психологиялық көмекке ТЖМ: 33-32-89, 53-32-79, ТЖД телефондары арқылы жүгіне алады: 8 (7262) 51-41-67, 51-37-75, +7 778 810 91 09.

Кейінгі мәліметтер бойынша, ТЖД-ға ақпараттық сипаттағы 178 қоңырау келіп түсті.

Еске салайық, Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шыққан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыс болған әскери қоймаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Кейіннен Жамбыл облысындағы жарылыс болған қоймаға оқ-дәрілер Арыс қаласындағы әскери қоймадан жеткізілгені хабарланды.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Тараз маңындағы әскери бөлімде өрт сөндіру барысында төрт әскери қызметкер қаза тапқанын хабарлады.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жарылыстан зардап шеккен 28 адам ауруханаға жатқызылғанын, оның алтауының жағдайы ауыр екенін айтты.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери бөлімдегі жарылыстардан кейін отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді.