Жамбыл облысындағы жарылыс болған қоймаға оқ-дәрілер Арыстан жеткізілген

Инженерлік оқ-дәрілердің жанып жатқанын өрттің динамикасынан байқауға болады. Инженерлік оқ-дәрілер қоймасында жалғасып жатқан өрт сол жерде сақталған тротилдың жануынан туындауы мүмкін, — делінген хабарламада.

Ведомствоның хабарлауынша, аспандағы түтін іздері қоймада сақталған сигналдық патрондардың өртенуіне байланысты болуы да ықтимал.

Арыс қаласындағы өрт салдарын жойғаннан кейін аталған қоймаға инженерлік оқ-дәрілердің бір бөлігі шығарылғанын айта кеткен жөн. Бұл қоймада алысқа ұшып жарылатын снарядтар жоқ, — делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, қорғаныс және төтенше жағдайлар министрлері, қорғаныс ведомствосының комиссиясы мінген ұшақ Жамбыл облысына ұшып барды.

Еске салайық, Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шыққан. Өрт салдарынан анықталмаған заттар жарылған. Жақын маңдағы тұрғындар эвакуацияланғаны анықталды.