Жамбыл облысындағы жарылыстан төрт әскери қызметкер қаза тапты

Бұл туралы оқиға орнына аттанған қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді.

Ең алдымен апатта өрт сөндіру барысында қаза тапқан төрт әскери қызметкердің жақын туыстарына көңіл айтамыз, — деді ол брифингіде.

Олар:

Сержант Марат Мешінбай, 1981 жылы туған. Ефрейтор Руслан Жанболатов, 1981 жылы туған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, олар өртті сөндіріп жатқанда жарылысқа жақын жерде өте ауыр жарақаттар алған.

Әскерилендірілген күзет қызметкері Оразбек Далибаев, 1969 жылы туған, қойманы күзету бойынша қарауыл бастығының көмекшісі, оқ-дәрілер жарылысынан қаза тапты.

Төртінші марқұм — Оңтүстік аймақтың әскери прокуроры Капезов.

Сондай-ақ министр жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тіледі.

Еске салайық, Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шыққан. Өрт салдарынан анықталмаған заттар жарылған. Жақын маңдағы тұрғындар эвакуацияланғаны анықталды.

Президент жарылыс болған әскери қоймаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Кейіннен Жамбыл облысындағы жарылыс болған қоймаға оқ-дәрілер Арыс қаласындағы әскери қоймадан жеткізілгені хабарланды.