Алматы қаласында Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті жалған дәрі-дәрмек өндіру және тарату фактілеріне қатысты ауқымды арнайы операция жүргізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тергеу барысында төрт фармацевтикалық компанияның көршілес мемлекеттерден дәрілік препараттарды, оның ішінде күшті әсер ететін медикаменттерді контрабандалық жолмен әкеліп, кейін оларды еліміздегі дәріханалар арқылы сатумен айналысқаны анықталған.
Сонымен қатар күдіктілердің психотроптық заттар бар дәрілік препараттарды заңсыз әрі қолдан жасалған тәсілмен өндіргені белгілі болды. Құқық қорғау органдары бірнеше қойма мен жасырын өндіріс цехын анықтады.
Мамандардың мәліметінше, жалған өнімдер антисанитариялық жағдайда дайындалғандықтан, азаматтардың өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндірген. Мұндай препараттарды қолдану адам ағзасына ауыр әрі қайтымсыз зардаптар әкелуі мүмкін.
Жедел іс-шаралар барысында заңсыз қызметті ақшалай сыйақы үшін қорғап келген фармацевтикалық бақылау департаментінің лауазымды тұлғалары да ұсталды. Олардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 366-бабы – пара алу бойынша сараланып отыр.
Тауар айналымы мен қаржылық операцияларды талдау нәтижесінде контрабанда мен контрафактілік өнімдерді өткізудің көлеңкелі схемалары болғаны расталған. Алдын ала есеп бойынша өткен жылы мемлекетке төленбеген салықтар мен міндетті төлемдердің көлемі 800 миллион теңгеден асқан.
Арнайы операция кезінде заңсыз айналымнан ірі көлемдегі ақша қаражаты, ондаған мың қаптама жалған дәрі-дәрмек, айналымы шектелген препараттар, сондай-ақ оларды өндіруге арналған құрал-жабдықтар мен шикізат тәркіленді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл шаралар жалған медициналық өнімдердің заңды нарыққа түсуінің алдын алуға мүмкіндік берген.
Қазіргі уақытта қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген тұлғалар мен олардың сыбайластары уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Тергеу аясында қылмысқа қатысы бар барлық тұлғаны, сондай-ақ дәрілік заттарды жеткізу арналары мен шетелден әкелу тетіктерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
