Не болды?
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымшының банктен шот ашпас бұрын нені ескеруі керек екенін, депозит жүйесіндегі кепілдік ұғымын түсіндірді. Baribar.kz тілшісі қор ақпаратына сүйеніп, Қазақстан қаржы нарығындағы тұтынушыға депозитке қатысты нұсқаулық ұсынып отыр.
Мәлімет
2024 жылғы 7 тамыздан бастап банк шотын рәсімдеуге қатысты жаңа талап күшіне енді. Осыған орай, банктер депозит ашып жатқанда салымшыға шартты міндетті түрде таныстыруы қажет.
Депозит шартына қол қойып жатқанда да, онлайн рәсімдеп жатқанда да мынадай 14 маңызды тармақ ұсынылады:
- салымның атауы;
- Азаматтық кодекс бойынша салым түрі;
- ҚДКБҚ кепілдік беретін ең жоғары сома;
- салым валютасы;
- ең төмен салым сомасы немесе қалдық мөлшері;
- салым мерзімі;
- сыйақы мөлшерлемесі;
- жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ);
- сыйақыны төлеу шарты;
- қаражатты мерзімінен бұрын толық немесе ішінара алу мүмкіндігі;
- ақшаны мерзімінен бұрын алғандағы сыйақы мөлшерлемесі немесе оны есептеу тәртібі;
- салымды толықтыру мүмкіндігі және оған қатысты шектеу;
- салым мерзімін ұзарту немесе автоматты түрде қайта рәсімдеу талабы;
- банкке қатысты өзге де маңызды талаптар.
Депозит ашар алдында салым түріне, қаражатты мерзімінен бұрын алу шарттарына және ҚДКБҚ кепілдігінің көлеміне мән беру керек. Бұл күтпеген жағдайда қаржылық тұрғыдан тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді, — дейді мамандар.
Депозит мерзімін ұзарту кезінде ескеретін 3 фактор
Депозит мерзімі аяқталғаннан кейін банк тарапынан процесс автоматты түрде жалғасуы (автопролонгациялануы) мүмкін. Бұл мүмкіндік шартты бекіту кезінде көрсетілсе ғана жүзеге асады және салымшының қосымша әрекетін талап етпейді.
Әдетте, депозит мерзімі аяқталған соң:
- Салым дәл сол депозит түрі бойынша автоматты түрде ұзарады. Бұл ретте банк сол сәттегі сыйақы мөлшерлемесін белгілейді. Сондықтан жаңа мөлшерлеме бұрынғысынан жоғары немесе төмен болуы мүмкін.
- Шартта автопролонгация қарастырылмаса, ақша пайызы аз есептелетін шотқа ауысуы мүмкін. Мұндай жағдайда мөлшерлеме айтарлықтай төмендеп, кейде жылдық сыйақы 0,1% болуы ықтимал.
Сондықтан депозит ашарда немесе ұзарту кезінде мынадай үш факторға назар аудару қажет:
- автопролонгацияның болуы;
- автопролонгация саны;
- сыйақы мөлшерлемесінің өзгеруі.
Депозит мерзімін бақылау
Қазір банктерде 3 немесе 6 айға арналған жинақ бар және олардың мерзімді салымы жоғары (20–20,5% дейінгі мөлшерлеме).
Алайда депозит ашқанда оның мерзімі қашан аяқталатынын нақтылап алған дұрыс. Қаражатты мерзім біткен соң толық шешіп алу керек болса, автоматты түрде ұзармайтын салым түрін таңдаған жөн немесе бұл қызметтің қосылған-қосылмағанын банк менеджерінен нақтылап алу қажет.
Депозиттегі қаржыдан түсетін сыйақы
Уақыт өте депозиттің сыйақы мөлшерлемесі төмендеуі мүмкін. Сондықтан бар тиімді шартты қолданып, жаңа шот ашу немесе бұрынғы депозитті толықтыру арқылы жоғары пайызды уақытша бекітіп қоюға болады. Бұл салымшыға бірнеше ай немесе жыл бойы тұрақты табыс алуға мүмкіндік береді.
Ал ұзақ мерзімді (2 жыл және одан да көп) депозиттердің жағдайы өзгеше. Ұлттық банк инфляцияны, шамамен 5% деңгейінде ұстап тұру мақсаты бар. Депозит мөлшерлемесі осы көрсеткішпен деңгейлес болса, бұдан түсетін табыс аса жоғары болмауы мүмкін.
Қазіргі банктер арасындағы жоғары бәсеке көбіне аз мерзімді депозит ашуда байқалады. Сондықтан ұзақ мерзімді жинақты тиімді басқару үшін дұрыс жоспар қажет.
Депозиттегі кепілдік жүйесі
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жеке тұлғаның банктегі депозитін қорғайды. Дегенмен кепілдік сомасы шектеулі. Кепілдік мөлшері салымның түріне және валютасына қарай өзгереді.
Салым сомасы бекітілген шектен аспаса, банк банкрот болып қалса, ҚДКБҚ оны толық көлемде, есептелген сыйақысымен бірге қайтарып береді. Депозит көлемі кепілдік шегінен асып кетсе, артық бөлігі қор тарапынан өтелмейді.
Мысалы, салымшының депозитінде 2 млн теңге болса, банк лицензиясынан айырылып қалса, ол соманы толық қайтара алады. Ал салым 12 млн теңге болса, ҚДКБҚ тек 10 млн теңгеге дейін ғана өтемақы төлейді, қалған бөлігі банктің тарау процесіне қарай қайтарылуы мүмкін.
