Жамбыл облысындағы жарылыстан тағы бір әскери қызметкер қаза тапты

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өрт сөндіру командасының бастығы, келісімшарт қызметінің старшинасы 1992 жылы дүниеге келген Нәдірбеков Еркін Ерікбайұлы инженерлік оқ-дәрілер қоймасындағы өртті сөндіру жұмыстарына тікелей жетекшілік жасаған. Жарылыстан кейін оқиға орнында қаза тапқан. Ол 27 тамыз күні қайда екені туралы мәлімет жоқ әскери қызметкерлердің қатарында болған, — делінген хабарламада.

Еске салайық, Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шыққан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыс болған әскери қоймаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Кейіннен Жамбыл облысындағы жарылыс болған қоймаға оқ-дәрілер Арыс қаласындағы әскери қоймадан жеткізілгені хабарланды.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Тараз маңындағы әскери бөлімде өрт сөндіру барысында төрт әскери қызметкер қаза тапқанын хабарлады.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жарылыстан зардап шеккен 28 адам ауруханаға жатқызылғанын, оның алтауының жағдайы ауыр екенін айтты.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери бөлімдегі жарылыстардан кейін отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді.