Алтай Көлгінов: Тәуекел тобындағы азаматтар міндетті түрде вакцина алуы керек

Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Instagram-парақшасында жазды.

Қазір ғылымға қарсы тұратын уақыт емес. Ғылымның көмегімен жыл сайын жер бетіндегі миллиондаған адам денсаулығын сақтап, аман қалады. Ғылым ғана адамды жаңа, қауіпті вирустар мен инфекциялардан сақтануға көмектеседі, – деді әкім.

Алтай Көлгіновтың айтуынша, науқастар саны азаймай тұр. Өткен тәуліктің өзінде инфекцияның 413 жағдайы анықталған.

Мыңнан астам адам инфекциялық стационарларда жатыр. Төсек-орындардың жартысынан көбі толды. Реанимация бөлімінде 100 науқас жатыр. 21 адамға өкпені жасанды желдету аппараты қосылды. Медицина қызметкерлеріне артылған жүктеме бірнеше есе өсті және өсіп жатыр. Шұғыл түрде вакцинация алу қажет! Вакцинация арқылы өзіңізді, отбасыңызды және айналаңыздағы жұртты қорғай аласыз. Егер коронавирус инфекциясының жұқтыру көрсеткіші азаймаса, қала тұрғындары мен ШОБ нысандары қатаң санитарлық нормаларды сақтамайтын болса, локдаунға қайта оралуымызға тура келеді. Адам денсаулығы мен өмірі қыл үстінде, – деді ол.

Сонымен бірге астана әкімі тәуекел тобындағы азаматтарға міндетті түрде вакцина алуды ұсынды.

Бұл топқа педагогтар, медицина қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер, мектеп, балабақша, университет қызметкерлері, қызмет көрсету салалары, яғни ХҚО, банктер, СОО/СҮ, шаштараздар, сұлулық салондары, талапкерлер (18 жасқа толған), сондай-ақ қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметкерлер жатады.

Алтай Көлгінов аталған ұйым қызметкерлері вакцинацияланбаса, нысанның жұмысы тоқтатылатынын ескертті.

Еске салайық, бүгін Алматыда бір адамнан коронавирустың «үнді» штамы анықталды.