Айбар, 34 жаста (есімі өзгертілді — ред.):
«Тәрбие адамды бір қалыпқа қуып тығуға ұмтылса, өмір сүру қиындайды»
Бала кездегі тәрбиенің кейбір аспекті ересек өміріме бөгет жасай бастады. Кедергі келтіретінін бұрын да сезіп жүретінмін, бірақ 25 жастан асқан соң ішкі жайсыздық өршіп кетті. Берілген тәрбие адамды бір қалыпқа қуып тығуға ұмтылса, ересек кезде өмір қиындайды екен. Уақыт өте келе психологтың көмегі қажет екенін түсіндім, сөйтіп маманға бардым. Қазір терапия алып жүргеніме 2 жылдай болды.
Бүгінгі сіз сұраған синдроммен танысып, кей белгісі бар екенін түсініп отырмын. Бірден айта кетейін, «Үздік болу синдромың бар» деп психолог диагноз қойған жоқ. Сондықтан өз түсінгенім бойынша баяндайын.
Психологпен бірге жүргізілген жұмыс кезінде бала кезде маған шектен тыс қамқорлық көрсетілгенін анықтадық. Ата-анам менен көп үміт күткен, сәйкесінше шамам жететін-жетпейтін жауапкершілікті мойныма артып жіберді. Оған отбасындағы кикілжің, әке-шеше арасындағы кембағал қарым-қатынас араласты. Жағдайды ушықтырған бұдан басқа да фактор көп.
Мені үздік болу синдромына тән кей сипатқа жеткізген — ұят. «Олай етпе, ұят болады, былай істеме, ел не дейді». Ұят ақылға сыятын деңгейде болса, еш қиындық болмас еді деп ойлаймын. Бірақ біздің үйдегі ұят ата-анамның «бізге ұят келтіресіңіне» ауысты. Басқаша айтқанда, «менің абыройым, елдің мен туралы ойы сенің қолыңда» деген форматқа ауысып кетті. Яғни олардың мәселесіне мен «жауапты болдым». Мұндай сөз жиі-жиі қайталана берсе, кері әсер бермей қоймайды.
Бұл балаға өте ауыр, өйткені ол мұны түсінбейді. Бала үшін ата-ана – Құдай, ең үлкен авторитет. Негізі есі дұрыс отбасында бала жасөспірім шаққа жеткенде әке-шешесінің Құдай емес екенін түсінеді. Оның өзі ойлаған үлкен беделін жоққа шығарып, жеке тұлға ретінде қалыптасуы қажет. Кейін екеуінің арасындағы қарым-қатынас сыйластыққа ұласады. Ал мен өскен ортада ондай болған жоқ.
«Үздік болу синдромы проблемасы ата-ананың баладан көп нәрсе талап етуінде»
Ата-ана сол абырой-беделін пайдаланып, өзінің деңгейіндегі жауапкершілікті баланың мойнына артып жібереді. Және тумай жатып қарыздар қылып қояды. Баланың парызы сансыз: жақсы оқуға, спортпен шұғылдануға, қарсы сөз айтпауға, сыпайы болуға, кейін жақсы адамға үйленуге немесе тұрмысқа шығуға, үй алуға және тағы басқа толып жатқан дүниеге міндетті.
Бала қысқа мерзімде ондай жауапкершілікті үйтіп-бүйтіп көтеруі мүмкін. Бірақ мұндай жағдай жылдар бойы қайталана берсе, ондай жүк баланы сыртқы факторларға тәуелді етеді. Менің жағдайымда, мен ата-анам не ойлайды, осы сөзіме, ісіме қалай қарайды, мен үшін ұялып жүрмей ме, ел не дейді және тағы басқа пікірге тәуелді болдым. Бұл кейін басқа қарым-қатынас түрлеріне әсер етті. Мәселен, ата-анаммен байланыс түрін еске салатын, яғни өзім сыйлап, құрметтейтін адамдарға (ол досым немесе бастығым болуы мүмкін) тәуелді бола бастадым, олардың ойы мен пікірін таза шындық ретінде қабылдайтынмын.
Үздік болу синдромының проблемасы ата-ананың баладан шектен тыс көп дүние талап етуінде деп ойлаймын. Менен ата-анам жақсы оқуды талап ете берді. Бұл жағдайды ушықтырып жіберді. Әке-шеше баланы тұлға көріп, оны өзімен тең дәрежеде ұстаса, өз кемшілігін оның мойнына артып жібермесе, жақсы оқуды талап еткені баланың өмірін қиындатпайтын шығар. Менде олай болмады.
Жақсы оқыдым, «Алтын белгіге» бітірдім. Бірақ қазір сол кезеңді жек көрем. Әрине, үздік болу, білімге ұмтылу, тапсырманы орындау сияқты дағдыларым бар. Сол себепті кез келген міндетті алып шығу, бәсекелестікке шыдау, бірінші болу дегендер қолымнан келеді. Дегенмен уақыт өте келе бәрінен шаршағанымды сездім. Қате жіберуден, біреуге ұят келтіруден қорқамын.
Әлдебір шаруаға кіріссем, қателеспеуім де, мен үшін біреу ұялмауы да мүмкін, бірақ алдын-ала қорқамын. Ақыры қалағанымды, ойлағанымды жасаудан қала бастадым. Бір істі қолға алсам, тауым шағылатын сияқты, ата-ана рөліндегі адамдарды (жоғарыдағы досым, бастығым) ұятқа қалдыратындай болып тұрамын. Содан әбден зәрезап болдым. Потенциалымды пайдаланбай, бетегеден биік, жусаннан аласа өмір сүре бердім.
Ата-ананың жақсы оқушы бол дегені адамның ойында диссонанс тудырады. Бір жағынан үздік оқуды талап етеді, екінші жағынан қанша жақсы оқысаң да, жеткілікіз. Ерте ме, кеш пе әлгі қорқыныштар шындыққа айналады. Соның бәрі жиналып келіп, жаман күйге түсіреді.
Бала күніңнен қалыптасып келе жатқанның бәрі уақыт өте асты жазылмаған жара болып бітеледі. Сосын уы бойға тарайды.
Қазір сырттай қараған адамға менде бәрі жақсы боп көрінуі мүмкін. Бірақ іштегі сол ұят, сәтсіз қадам жасаудан қорқу, сол жара жайылып, әлсіретіп тастайды. Бір күні шара қабылдамас болмайтынын түсіндім. Қазір бойымда үздік болу синдромына тән дүниелердің бар екенін мойындаймын, оны қабылдадым.
Ми бала кезде қалып қойған әдетпен жүре береді. Өйткені ол адамның әр қадамын, әр әрекетін талдап отыруға ерінеді. Біраз жылдан бері миымның жалқауланбауына еңбек етіп келем. «Бұл әрекетім дұрыс болмады, былай ету керек еді» деймін. Сонда келесі жолы мидың бұрынғыдай емес, шешім қабылдауға бірнеше нұсқасы болады. Ересек адам ретінде өзім дұрыс көрген әдісті таңдай аламын.
Үздік болу синдромымен қалай күресіп келемін?
«Бұл синдромның бойымда 10 белгісі бар, оның үшеуін жеңдім, енді жетеуі қалды» деген әңгіме жоқ. Өмірімнің соңына дейін осы қалпымда кетуім де мүмкін. Дегенмен қазір оң өзгерістер бар. Көзқарасым өзгерді. «Қателессем, бастығыма несіне ұят келеді? Ұялса, өзі ұялады, менің оған не қатысым бар? Жақсы, қателесіппін. Онда тұрған не бар?» Осылай ойлаймын. Бұл — қатемді кешіру емес, қателесетінімді қабылдау. Миымды қабылдауға үйретіп жатырмын.
Мұның бәрі — біртіндеп кешенді түрде өзгеретін процесс. Ұзақ жүреді. Дегенмен аз уақыттың өзінде көп әрекетті басқара алатын жағдайға жетуге болатын сияқты.
Бізде баланы ешкім жақсы көрмейтін сияқты. Жақсы көремін деп ойлайды. Бірақ соны айту керек. Балаға назар қажет. Назар деген қалтасына ақша салу, киім алып беру емес. Онымен уақыт өткізу қажет. Мұны желкесінде тұрып, жекіріп сабақ оқытумен шатастырмаған жөн.
Қазір балаларым бар. Әңгімелесеміз, олардың сериалын, мультфильмін талқылаймыз. Жәй ғана сөйлесеміз. Баланы кейде дос көру керек деп ойлаймын.
Әрине, бойында кемшілігі жоқ бала өсіру мүмкін емес. Синдромы бар немесе синдромы жоқ бала өсірем деген таңдау жоқ. Меніңше, баланы бақылау керек. Оған ата-анасынан не керек екенін түсіну қажет. Әйтеуір балама өзімнің жүгімді арқалатпауға тырысамын.
Баланың ментал саулығы ата-ананың қолында. Бала тәрбиесінде қиындық әрқашан болады. Кез келген баланың ата-анасына реніші бар шығар. Бірақ мәселе сол реніштің ауыр-жеңілдігінде. «5-класс оқып жүргенде үй жұмысын орындамағаным үшін ұрыстың» деу мен «Сенің кесіріңнен 40 жасқа келіп суицид туралы ойлап жүрмін» дегеннің айырмасы бар ғой.
Сая Бақимова, психолог:
«Барлық мәселенің бір ғана шешімі үздік болу синдромы емес»
Маған кейіпкердің «бұл бірден өзгеретін нәрсе емес, ұзақ уақыт бойы өзімді бақылап, ақырын өзгеріс жасаймын» деген ойы ұнады. Себебі бұл жерде айтылып отырған әсер, яғни ата-ананың жақсы баға талап еткені, ұятқа қалдырма дегені бір рет айтып қоя салғаннан болған әсер емес. Біршама уақыт бойы сондай атмосферада өсті ғой, демек оны өзгертуге де біраз уақыт керек.
Сонымен бірге, кейіпкердің өзінің өткеніне анализ жасағаны, өзін ешкімге қатысы жоқ адам емес, ортасына, көрген тәрбиесіне байланысты қалыптасқан тұлға деп себеп-салдарды байланыстыра білгені де ұнады. Не десек те, 2 жыл терапияда болу адамды өзі туралы ойлануға, өзіне сырттан қарауға жақсы көмектеседі.
Дегенмен барлық мәселенің бір ғана себебі бар, ол осы үздік болу синдромы дегенге келіспейтін де жерлерім бар. Көп мән беріле бермейтін, бірақ бәрінде ерте ме, кеш пе болатын дүние — эмоциялық жану.
«Алтын белгіден» үміткер болу, оны қорғауға тырысу, жалпы мектептегі кезең адамды қатты қажытады. Одан кейін ес жиып үлгермей, студенттік өмір, бәрін қайтадан бастау, басқа қалаға аттану сияқты жаңа күрделі өзгерістерге кірісіп кетеміз. Мұнда эмоциялық жану деп көп оқиғаның бірінен соң бірі болуын, сәйкесінше адамның аз уақытта көп эмоция кешуін айтып отырмыз.
Жалпы қоныс аудару — адамға ең көп стресс әкелетін 3 нәрсенің бірі. Қалған екеуі — жақыныңның қазасы және ажырасу. Бұл да көп ескеріле бермейді. Бірақ «кеше ғана мектепте жақсы оқитын еді, студент болғалы оқымайды», «ұйықтай береді», «тұйық болып қалды», «аурушаң болды» және тағы басқа белгілерді айтқанда, біз осы қоныс аударудан болған депрессия жайлы да ойлануымыз керек.
Бұл отбасының бір мүшесі менің клиентім болса, отбасындағы ұят, бір жасырын құпия тақырыбына ерекше мән берер едім. Көбіне отбасы мүшелері өте ауыр құпия, үлкен ұят деп қабылдайтын фактор болады.
Айбар ол құпияны айтпағандықтан, өз практикамнан мысал келтірейін. Менің практикамда отбасыдағы қыз оң жақта отырып бала көтеріп қойса не үйдегі біреу ажырасса яки істі болса, бұл бәріне ортақ «жарақат» деп қабылданады. Немесе үйдегі барлық адам осының жазасын алуы керек деген сөзсіз бір байлам пайда болады.
Түсіндірейін. Орта жастағы әйел психологқа «өте мазасызбын», «сөйлегенде жүрегім аузыма тығылады», «көшеде бірнеше адам, әсіресе, ер адамдар сөйлесіп тұрса, жанынан өте алмаймын, тұла бойым дірілдеп кетеді», «жасөспірім қызыммен арамыз дұрыс емес», «ерте климакс мәселесі бар» деп келуі мүмкін.
Зерттесек, сол үйде тұрып, оқыған туыс әпкесі жүкті болып күйеуге шыққан екен. Клиентіміздің ата-анасы осы жағдайдан кейін ұзақ жылдар бойы ұрсысып, кейінгі қызына көп нәрсеге рұқсат бермеген. Анасы жасырынып жылап, «тек ұятқа қалдырма» деп айта берген.
Үйді бір белгісіз мазасыздық жайлайды, бірақ отбасында бұл жайлы ешкім ашық айтпайды. Клиент жасөспірім кезде осы мазасыздықты, қорқынышты ғана сезген. Өзінің өсіп келе жатқанын, бірте-бірте әйел ретінде қалыптасқанын іштей қылмыс деп қабылдаған. Сезім деңгейінде бар, бірақ аты жоқ мазасыздық адамды одан сайын қорқыта түседі.
Айбардың жағдайында да ата-анасы одан не үшін жақсы болуды талап еткен, айтылмай тұрған не нәрсе, ата-ананың осы талабының артында не бар деп ойланып көруге кеңес берер едім.
Үздік болу синдромы туралы айтқанда біз үнемі нарцисс ата-ананы елестетеміз. Сивмол түрінде айтсақ, мұндай ата-ана баланы өзінің денесінің бір бөлігі ретінде көреді. «Баланы мақтау — мені мақтау, балам күшті болса, осындай бала өсірген мен де күштімін» деп қабылдайды.
Мұндай ата-анада «Балам бөлек адам, қолымнан келгенін жасадым, енді әрі қарайғы өмірі қалай болар екен, не болса да амандығын тілеймін, баламды жақсы көремін» деу ғана емес, «балам өскенде ең мықты боксер, атақты ғалым, бастық, ең танымал әнші болады» деген фантазиялары басым болады.
Ата-ана да, өсе келе бала да баға мен адам екі түрлі нәрсе екенін ажырата алуы керек.
Бағаның ішінен баланы, оның тұлғасын, мінезін көре алу көбіне қиын болып жатады. Сондықтан мұнымен қалай күресемін деген мәселе туындаса, «бағаға ұмтылатынымды қоямын» деген емес, «жалпы қандай адаммын, мінезім қандай, жақсы жағым не, жаман мінезім қандай, не қалаймын» деген сауалдарға жауап іздеу шешім болса керек.
Жалпы психоанализ бала 1 жасына дейін анасының махаббатына әбден қанса, анасы тым ерте емшектен шығармаса, ұзақ уақытқа жоқ болып кетпесе, кетіп қалмаса, нәрестенің қалауын бетіне, даусына, жылағанына қарап дәл таба алса, бір сөзбен айтқанда нәресте «патша» күйінде болса, ол өскесін атақ-даңққа, танымал болып, көптің махаббатына бөленуге ұмтылмай, тыныш, бақытты өмір сүреді дейді.