Қазақстанда ауыл әкімдерін тікелей сайлау қалай өтеді?

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін аудандық маңызы бар қала, ауыл, ауылдық округтер кенттері әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу мәселелері бойынша заң жобалары әзірленгенін хабарлады.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы біліктілік талабына сәйкес келетін 25 жастан кіші емес Қазақстан азаматы әкім болып сайлана алады. Сайлауға саяси партиялар ұсынған кандидаттар мен дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1%-інің қолын жинаған өзін-өзі ұсынушылар қатыса алады, — деді Әсет Ерғалиев.

Оның айтуынша, сайлау 40 күн бұрын жарияланады. Ал сайлаудың өзі жұмыс істеп жатқан әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталуға 10 күн қалғанда өткізіледі. Сайлау қорытындылары сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде шығарылады.

Осылайша, алғашқы тікелей сайлау осы жылдың шілде айының соңғы онкүндігінде өтуі тиіс. Бұл ретте кандидаттарды ұсыну сайлау жарияланғаннан кейін келесі күні басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін 15 күн бұрын аяқталады. Яғни ұзарту мерзімінің ұзақтығы 14 күнге дейін жетуі мүмкін. Осы уақыт ішінде кандидат тіркеуге қажетті құжаттарды жинаумен айналысады, — деді министрліктен ҚазАқпарат тілшісінің сауалына орай.

Әкімдердің өкілеттік мерзімінің аяқталуына қарай сайлау жергілікті бюджет есебінен өткізіледі.

Сонымен бірге заң жобасында Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегін 7%-тен 5%-ке дейін төмендету көзделген және барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «Барлығына қарсы» деген баған қосылады.

Бұл реформалар әкімдерді тікелей халықпен сайлауға, ауыл әкімінің халықтың проблемаларына ден қою жеделдігін арттыруға, сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді, — деді Әсет Ерғалиев.